«Таза ауа – таза сана»: экологиялық мәдениетке бастар қадам
Табиғаттың тазалығы – адам денсаулығы мен қоғамның тұрақты дамуының негізгі кепілі. Осы тұрғыда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жобасы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде айрықша мәнге ие.
Аталған жоба аясында Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының тыңдаушылары «Таза ауа – таза сана» тақырыбында сенбілік ұйымдастырды. Іс-шара оқу ғимаратының аумағында өткізіліп, қатысушылар белсенділік танытты.
Сенбілік барысында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, белгіленген аумақтар бойынша жүйелі түрде тазалық жұмыстарын жүргізді. Аула мен іргелес аумақтардағы қоқыстар жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар, жасыл аймақтар ретке келтіріліп, ағаш түптері қопсытылып, көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл әрекеттер тек қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, табиғатқа деген жауапкершілік пен жанашырлық көзқарасты қалыптастыруға ықпал етті.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде оқу орнының аумағы толықтай тазартылып, экологиялық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Жасыл желектер күтімге алынып, олардың қалыпты өсуіне қолайлы жағдай жасалды.
Аталған сенбіліктің негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тазалыққа жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамыту және «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау болып табылады. Осындай игі шаралар жастардың экологиялық санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Қорытындылай келе, «Таза ауа – таза сана» атты сенбілік жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың белсенді қатысуының арқасында нәтижелі өтті.
Басқа жаңалықтар