Академик Жәкен Таймағамбетов зерттеу тәжірибесімен бөлістіFarabi University

Академик Жәкен Таймағамбетов зерттеу тәжірибесімен бөлісті

3 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым күні мерекесіне орай бастау алған апталық аясында көрнекті археолог, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Жәкен Таймағамбетовтің танымдық дәрісі өтті.

Жиын алдында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев белгілі ғалымды арнайы қабылдап, ілтипат білдірді. Кездесу барысында университет басшысы академиктің отандық археология мектебін қалыптастырудағы қажырлы еңбегі мен халықаралық ғылыми кеңістіктегі биік беделін ерекше атап өтті. Ғылым мен білім саласының дамуына, ұлттық тарихымызды түгендеуге қосқан елеулі үлесі үшін ректор Жансейіт Түймебаев академик Жәкен Таймағамбетовке университеттің «Farabi» алтын медалін ерекше құрметпен табыстады.

Университеттің ғылыми кітапханасында жалғасқан іс-шарада академик «Қазақстан палеолиті және халықаралық археологиялық экспедициялар жұмысы» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды. Алқалы жиынға Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, тарих, филология, шығыстану, философия және саясаттану факультеттерінің оқытушы-ғалымдары мен жас зерттеушілер қатысты.

Жәкен Таймағамбетов – палеолит дәуірінің 300-ден астам ескерткішін ашқан бірегей зерттеуші. ҚР Ұлттық музейінің бас ғылыми қызметкері ретінде ол Қазақстан аумағында алғашқы адамдардың 1 миллион жыл бұрын қоныстанғанын ғылыми тұрғыдан негіздеп, әлемдік археологияға соны жаңалықтар қосты. Ғалымның бұл еңбегі еліміздің «Парасат» орденімен және Жапонияның «Күншығыс» орденімен жоғары деңгейде бағаланған.

Дәріс барысында академик соңғы онжылдықтағы іргелі зерттеулердің нәтижелерін таныстырып, Жамбыл облысындағы Қызылтау кешендері мен Ш.Уәлиханов атындағы тұраққа ерекше тоқталды. Тәттібұлақ үңгіріндегі қазба жұмыстарының күрделілігі мен ол жерден табылған тас еңбек құралдарының маңызы туралы әсерлі баяндады.

Академик өз сөзінде заманауи технологиялардың рөлін де атап өтті. Мәселен, 2025 жылғы экспедициялар кезінде Тікенекті тұрақтарында дрондар арқылы жүргізілген аэрофототүсірілім мен цифрлық картографиялау жұмыстары зерттеу дәлдігін жаңа белеске көтерген. Маңғыстаудағы Бозжыра аймағы мен Шілікті жазығындағы Ұшбұлақ-1 тұрақтарынан алынған тың деректер Қазақстанның ежелгі мәдениетін жаһандық даму үдерістерімен байланыстыра қарастыруға жол ашады.

Кездесу соңында еркін пікір алмасу өтіп, студенттер мен докторанттар археологиядағы инновациялық әдістер мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың болашағына қатысты толыққанды жауаптар алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі