- Басты бет
- Жаңалықтар
- Экономика және бизнес жоғары мектебіндегі көктемгі жаңару: Наурызнама аясындағы сенбілік
Экономика және бизнес жоғары мектебіндегі көктемгі жаңару: Наурызнама аясындағы сенбілік
Экономика және бизнес жоғары мектебінде Наурызнама аясында профессор-оқытушылар құрамы, факультет деканаты және төрт кафедраның - «Экономика», «Менеджмент», «Бизнес-технологиялар» және «Қаржы және есеп» кафедраларының қатысуымен ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл іс-шара оқу ордасындағы тазалық пен тәртіпті нығайтуға ғана емес, сонымен қатар ұжымдық бірлікті арттыруға және білім беру кеңістігін жаңғыртуға бағытталды.

Сенбілік барысында әр кафедрада жүйелі әрі мазмұнды жұмыстар жүргізілді. Оқу аудиториялары толықтай тазартылып, жұмыс орындары ретке келтірілді, оқу-әдістемелік материалдар жүйеленді. Ерекше назар аудиториялардың ішкі кеңістігін ұйымдастыруға аударылды. Профессор-оқытушылар құрамы бұл үдеріске шығармашылық тұрғыдан қарап, парталарды қайта орналастыру арқылы оқу процесіне қолайлы әрі тиімді орта қалыптастырды. Нәтижесінде аудиториялар кеңейіп, жарық әрі үйлесімді сипатқа ие болды. Мұндай өзгерістер студенттердің оқуына оң әсер етіп, білім алуға деген ынтасын арттыруға ықпал етеді.
Сенбіліктің жоғары деңгейде өтуіне факультеттің профессор-оқытушылар құрамының белсенділігі мен ұйымшылдығы үлкен әсер етті. Әрбір қызметкер өз үлесін қосып, ортақ іске жауапкершілікпен қарады. Бұл өз кезегінде ұжым ішінде өзара қолдау мен сыйластықтың жоғары деңгейде екенін көрсетті.
Сонымен қатар, сенбілік барысында факультеттің аға эдвайзері, э.ғ.к., аға оқытушы Турарова Д.Р. мен кафедра маманы Нусупбаева Ж.Н.-ның ерекше еңбегін атап өткен жөн. Олардың ұйымдастырушылық қабілеті, бастамашылдығы және белсенді қатысуы іс-шараның нәтижелі өтуіне елеулі үлес қосты. Аталған мамандардың үйлестіру жұмыстары сенбіліктің тиімді әрі сапалы ұйымдастырылуына негіз болды.
Аталған іс-шараның Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі оның мәнін одан әрі арттыра түсті. Көктем - жаңару мен жаңа бастамалардың, тазалық пен серпілістің символы. Осыған орай профессор-оқытушылар құрамы маңызды қорытындыға келді: кез келген оң өзгерістер мен жаңару ең алдымен адамның өзінен басталуы тиіс. Таза әрі ұқыпты оқу кеңістігі - ішкі мәдениеттің, жауапкершіліктің және кәсіби көзқарастың айқын көрінісі.
Наурызнама аясында өткен бұл сенбілік тек бір күндік шара емес, Экономика және бизнес жоғары мектебінің білім беру ортасын жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Таза, жайлы және дұрыс ұйымдастырылған аудиториялар студенттер үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, оқу сапасының артуына, білімге деген қызығушылықтың күшеюіне ықпал етеді.
Сонымен қатар, мұндай бастамалар университет кеңістігіне деген ұқыпты және жауапты көзқарасты қалыптастырады. Тазалық, тәртіп және эстетика академиялық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Экономика және бизнес жоғары мектебінің ұжымы білім сапасы ең алдымен қоршаған ортаға, әріптестердің еңбегіне және оқу процесі жүзеге асатын ортаға деген құрметтен басталатынын айқын дәлелдеуде.
Бұл бастама сондай-ақ студенттерге үлгі боларлық маңызды тәрбиелік мәнге ие. Оқытушылардың өздері тазалық пен тәртіпке мән беруі білім алушыларға жауапкершілік, ұқыптылық және ортақ кеңістікке құрмет сияқты құндылықтарды сіңіреді. Осындай шаралар арқылы университет қабырғасында тек білім ғана емес, сонымен қатар жоғары мәдениет пен азаматтық жауапкершілік қалыптасады.
Осылайша, аталған сенбілік ұжым бірлігінің, өзара ынтымақтастықтың және ортақ мақсатқа деген жауапкершіліктің жарқын көрінісіне айналды. Экономика және бизнес жоғары мектебі алдағы уақытта да сапалы білім беру мен заманауи академиялық ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.
Садыханова Д.А.
Оқу және әдістемелік жұмыстар бойынша декан орынбасары
Басқа жаңалықтар