ECONOMICS.KAZGAZETA.KZ

21 мамыр, 2016

Талапкер таңдауын қолдаймыз - ECONOMICS.KAZGAZETA.KZ

Талапкер таңдауын қолдаймыз. Қазіргі заманда инновацияға бейім сапалы білім беру мен ғылымды дамыту – әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық прогресс бағытындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі көрсеткіші екені белгілі. Сондықтан заманауи білім берудің өзекті мәселелері – саяси-экономикалық және әлеуметтік трансформациялық жаңа жаһандық кеңістікте өмір сүруге дайын, әрі оны жақсартуға ықпал ететін креативті, шығармашыл, белсенді, әлеуметтік жауапкершілікті, терең білімді кәсіби мамандар дайындау, бұл орайда Елбасы 2015 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа жолдауында  дамыған бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін, жоғары білімді ұлт болуымыз керек және ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік денгейімен айқындалатынын баса айтқан болатын.  Жоғары білімді, бәсекеге қабілетті ұлт болуымызды жүзеге асырудың міндеті әрбір тұлғаның жеке әлеуетін ашуға, әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған кешенді бағдарламалар мен іс-әрекеттер үйлесімін қамтамасыз ету маңызды. Бүгінде осы бағытта елдегі адами зияткерлік капиталды қалыптастыруда өзіндік бай дәстүрі мен жаңашылдық әрекеттеріне сүйенген Қазақстан Республикасы жоға­ры оқу орындары арасында көшбасшылыққа ие, адамзаттың ұстазы, даңқты әл-Фарабидің атымен аталатын ҚазҰУ ұжымының қызметін елемеуге болмайды. Кезінде Елбасы «Әл-Фараби атындағыҚазақұлттықуниверситеті – бұл тәуелсіз Қазақстанның кадрлар дайындайтын негізгі орталығы», – деп  айтқан сөзі университет ұжымына биік мақсат, зор міндеттер қоюына түрткі болды. Бүгінде университетіміздің басшылығы барша ұжыммен университеттің жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңістігінде интеграциялануға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемді білім, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндіруші негізге ие істерді атқаруда. Әл-ФарабиатындағыҚазақұлттықуниверситеті мемлекетіміздің тарихында алғашқы болып Ел Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты атанды. Біздің университет Халық­аралық университеттер ассоциациясының мүшесі және Еуразиялық университеттер ассоциациясының ұйымдастырушысы, Болон қаласында университеттердің Ұлы хартиясына қол қойған, IQNET халықаралық сертификаттау жүйесі сынды ең ірі әлемдік сертификаттау орталығының куәлігін иеленді. Әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ халықаралық серіктестікте көптеген ірі халықаралық ғылыми-білім беру жобаларын қолға алған. Ол UNIFORMProject халықаралық консорциум негізінде Токио университетімен бірігіп Қазақстан тарихында бірінші рет сирек кездесетін жоба – отандық  наноспутникті әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл әзірлеме басқа да жобалар сияқты Экспо-2017 көрмесінде таныстырылмақ. Сонымен қатар, 2014 жылдың қаңтар айында ҚазҰУ-ға жаhандық HubUnitedNationsAcademicImpact (БҰҰ академиялық ықпал) тұрақты даму бойынша басқаруды сеніп тапсырған болатын. Нәтижесінде 2016 жылдың 7 наурыз күні, Әл-ФарабиатындағыҚазақұлттықуниверситеті БҰҰ Академиялық ықпал бағдарламасы (UNAI) тұрақты даму үшін Hub деңгейіндегі қызметінің алғашқы кезеңін сәтті аяқтап, өзінің көшбасшылығын көрсетті. Осы қызметтің мерзімі университетімізге ұйым мүшелері ұйғарымымен тағы екі жылға ұзартылды. «Бұл шешім орнықты даму саласындағы университеттің табысты еңбегінен туындады» – деді Қазақстандағы БҰҰ қоғамдық ақпарат департаментінің директоры Властимил Самек. ҚазҰУ-дың БҰҰ академиялық ықпалдылық бойынша жаһандақ хабы болуы, Германия, Жапония, Пәкістанның академиялық институттарында ҚазҰУ орталығының ашылуы, университет аумағында Sumsung, HP, Microsoft сияқты әлемдік компаниялармен бірлесіп ғылыми-зерттеу лабораторияның жұмыс жасауы университеттің күн сайын артып келе жатқан академиялық ықпалдылығы мен жұмыс берушілердің арасындағы беделінің, жоғары ғылыми әлеуетінің дәлелі. Түркі халықтарының халықаралық конгресі әл-ФарабиатындағыҚазақұлттықуниверситетіне «Түркі елдері арасындағы үздік ЖОО» атағын берді. Осы конгресс президенті Яхья Юсифоглы Алиев – «Мен әлемнің көптеген үздік университеттерінде болдым, бірақ тек ҚазҰУ қайта құрылу ауқымдылығымен және әлемдік рейтингте азғана уақыттың ішінде айтарлықтай жоғары көрсеткішке қол жеткізгенімен таңқалдырады» – дейді. Әрине ҚазҰУQSWorldUniversityRankings халықаралық рейтингте 275-орында тұрса, ал түркі елдері арасында бұл рейтингте бірінші болып, көш бастап тұр. ACCELS, ErasmusMundus-пен әріптестік пен білім беру бағдарламаларын Еуропалық агенттіктермен бірлесіп толық халықаралық аккредитациялау шетелдік студенттердің қызығушылығын арттыруда. ҚазҰУ халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыруда әлемнің ең ірі 418 халықаралық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Өткен жылы Кореяның жетекші университеттерімен бірлесіп ашқан медициналық орталық пен қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің (ҚДСМ) ашылуы ЖОО үшін үлкен жетістік. Қазіргі таңда университетіміз – сіздерге алуан түрлі мамандықтарды ұсынатын инновациялық жоғары сапалы білім беруден терең ғылымды игеруге, бейімделген білім ордасына айналып отыр десек артық емес. Университет құрамында 15 факультет, 10 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады. Екі мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 30-ға жуық Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері т.б мемлекеттік атаулы сыйлық  лауреаттары қызмет етеді. Сондай-ақ, университетте еліміздің барлық өңірінен және алыс-жақын шет елден келген 18 мыңнан астам бакалавр студенттері мен көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша магистранттар, докторанттар білім алуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білікті ғалымдардың ордасы болғандықтан, мемлекет тарапынан және халықаралық деңгейде жүзеге асып отырған фундаменталды және қолданбалы жобаларды зерттеу мен қаржыландыру осы ортаға шоғырланған. Сонымен қатар, ҚазҰУ түлектері мен ғылым-білімге жанашыр демеушілер арқасында арнайы  эндаумент қоры құрылып, ғылымның дамуына және әлеуметтік жобаларды қолдауға жұмсалуда. Университетте студенттердің рухани мәдениетін қалыптастыру, дамыту мақсатында  «Айналаңды нұрландыр», «Салауатты дене тәрбиесі», «100 кітап», «ҚазҰУ – Гринкампус» секілді бекітілген, баламасы жоқ инновациялық әлеуметтік жобалар аясында көптеген іс-шаралар атқарылып, нәтижесі оң өзгерістерге қол жеткізіліп, жоғары бағалануда. Университеттің көп салалы инфрақұрылымының негізі – біліктілікті көтеру институты, әскери мамандандыру кафедрасы, теңдесі жоқ ҚазҰУ қалашығы мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, 14 – студенттер үйі мен 1 – жас ғалымдар үйі, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, 300-орындық интернет орталығы, спорт кешені, тамақтану комбинаты, кинотеатр, Ыстықкөлдегі спорт-сауықтыру лагері және ең заманауи құралдармен жабдықталған көп функционалды әл-Фараби кітап­ханасы қызмет көрсетеді. Қымбатты талапкерлер, білімнің қара шаңырағына айналған университетіміздің ірі құрылымдық бөлім­шелерінің бірі болып табылатын Экономика және бизнес жоғары мектебінде (ЭжБЖМ) білім алып, қазір ұстаздық етудеміз. Бұл біз үшін жақсы абырой әрі өзімізді оқытқан ұстаздарымыз бен тыңдаушы шәкірттеріміздің алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұнда оқу кредиттік жүйе талаптарына сай, заманауи инновациялық әдістемелерді қолдану арқылы классикалық білім берудің үздік дәстүрлері негізінде жүргізіледі. ЭжБЖМ экономикадан «бакалавр» біліктілігінде экономика; менеджмент; есеп және аудит; қаржы; мемлекеттік және жергілікті басқару; логистика; маркетинг мамандықтар бойынша мамандар дайындайды. Ғылым мен педагогикалық қызметке бейім студент түлектер ғылыми-педагогикалық (2 жыл) немесе профильді (1 жыл) бағыттардағы магистратураға, кейін докторантураға (3 жыл, PhD) түсу мүмкіндіктері бар. ҚазҰУ түлектері ҚР Президенті әкімшілігінде, парламентте, үкімет үйінде, мемлекеттік мекемелерде, қаржы секторында, ірі өндіріс, сауда корпорацияларында және жоғары оқу орындарында жемісті еңбек етіп келеді. Биік белестерден көрініп жүрген  түлектеріміздің қазіргі студенттерге үлгі болып, өз салалары бойынша лидерлік дәрістерін өткізіп тұратындығын айта кеткен жөн. Осындай дәстүрді жалғап келе жатқан түлектердің ұрпақ сабақтастығы тағылымы баршамызды қуантады. Қорытындылай келгенде, білім және ғылым дамудың ірге тасы болуымен қатар, еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, алтын арқауы. Білім, ғылым бар жерде жетілу, кемелдену, даму үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстылық пен жақсы тұрмыс кешу негізі білімділікте екенін ұлы Абай жақсы айтқан: «Балаң білімді парасатты болсын десең, малыңды аяма». Құрметті ата-ана және талапкер, ұлы Абайдың айтқанын арқау етіп, біліммен сусындап мәңгілік ел мұратында тәуелсіз Қазақстанымыздың кемелді, парасатты азаматы әрі маманы болуды мақсат етейік. Сондықтан қымбатты талапкер, біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Экономика және Бизнес жоғары мектебі іргелі білім беру ордасы ретінде, талапты, дарынды талапкерлердің таңдауын қолдаймыз.

И.ҚҰЛИЕВ, С.ҚОНДЫБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес ЖМ оқытушылары