- Басты бет
- Ректор мақалалары
- ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ: САЛЫСТЫРМАЛЫ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАЛДАУ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ: САЛЫСТЫРМАЛЫ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАЛДАУ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың
" QAZAQ UNIVERSITETI" газетінде жарық көрген мақаласы
Қазақстан Республикасы аса маңызды тарихи оқиғалардың қарсаңында тұр. Жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен республикалық референдум күні 15 наурызға белгіленді. Осы күні Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді.
Конституция – мемлекеттің Негізгі заңы, құқықтық жүйенің іргетасы, қоғамның құрылымдық қағидаттарын айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бекітетін, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті белгілейтін әрі қоғамның орнықты дамуының қағидаларын орнықтыратын құжат. Оның мазмұны әрбір адамның өмір сапасына, құқықтарының кепілдіктеріне, өзін дамыту және өз мүдделерін қорғау мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді.
Ұсынылып отырған түсіндірме оқу құралында бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Мұнда қолданыстағы Конституция нормалары мен жаңа Конституция жобасының нормаларына салыстырмалы талдау жасалады. Әрбір бап бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар негізделеді, айрықша жаңа идеялар бөліп көрсетіледі, олардың мақсаты түсіндіріледі және аталған идеяларды іске асыру нәтижесінде қол жеткізілетін ықтимал нәтижелер болжанады.
Жаңа Конституцияны қабылдаудың себептеріне тоқталсақ, қазіргі саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдай жаңа құқықтық қағидаларды талап етеді. Бұл цифрландыру, экология, инновациялар, меншіктің жаңа нысандары, жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер, сондай-ақ қалыптасып келе жатқан жаңа әлемдік тәртіп жағдайында туындаған экономикалық және қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеумен байланысты. Сонымен бірге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайту қажеттілігі айрықша маңызға ие. Демократияның, теңдіктің және әлеуметтік қорғаудың жаңа стандарттарын қалыптастыру, мемлекеттік билік жүйесін жетілдіру, өкілеттіктерді неғұрлым теңгерімді бөлу және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Жаңа Конституцияны қабылдау азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекетті тиімді басқаруға және қоғамның тұрақтылығын нығайтуға бағытталған заманауи, әділ әрі орнықты құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Референдум – халықтың тікелей ерік білдіруінің ең жоғары нысаны, тікелей демократияның көрінісі. Ол әрбір азаматқа ел болашағына жеке өзі ықпал етуге мүмкіндік береді. Бұл күні әрбір дауыс ерекше мәнге ие.
Конституциялық комиссия ауқымды әрі нәтижелі жұмыс жүргізді. Қазақстанның он мыңнан астам азаматы жаңа Конституция жобасына қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Жаңа Конституция жобасын әзірлеуге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жетекші ғалымдары белсенді түрде қатысып, олардың идеялары мен ұсыныстары жоба мәтінінде нақты көрініс тапты.
Жаңа Конституция жобасында айрықша жаңашылдығымен ерекшеленетін негізгі идеялар көрініс тапқан. Атап айтқанда мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатыны бекітілген. Ел тағдырын дәл осы егемендік иесі – халық айқындауы тиіс екені айқын көрсетілген. Сонымен қатар мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылады.
Жаңа преамбулада Қазақстан халқының бірлігі, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайту, Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы ерекше атап көрсетіледі. Мемлекеттің унитарлық сипаты, оның шекарасының мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұлжытпай сақтау қағидаттары бекітілген. Сонымен қатар мәдениет пен білімді, ғылым мен инновацияларды дамыту, табиғатқа ұқыпты қарау, барлық мемлекеттермен бейбітшілік пен достыққа ұмтылу сияқты жаңа құндылықтар айқындалған. Бұл ережелер ел азаматтарын біріктіретін іргелі құндылықтарды бейнелейді.
Жаңа Конституция жобасы 11 бөлімге біріктірілген 96 баптан тұрады. Конституция бөлімдерінің атаулары олардың мазмұнына толық сәйкес келеді. Мәселен, бұрын «Жалпы ережелер» деп аталған бірінші бөлім ғылыми тұрғыдан негізді түрде «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп аталған. Мұнда Қазақстан Республикасының қызметінің түбегейлі қағидаттары бекітілген: егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру. Қазақстан Республикасында билікті ешкім иемдене алмайды, билікті иемдену заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан сөйлеу құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, сондай-ақ өз конституциялық өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына тиесілі.
Екінші бөлім – «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» – алғаш рет әрбір адам үшін құқықтық мүмкіндіктер мен құқықтық шектеулерді нақты айқындайды. Мұнда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қатаң әрі бұлжытпай сақтау қағидатына ерекше назар аударылған. Конституция әркімнің жеке өміріне қол сұқпаушылыққа, жеке және отбасылық құпияға, дербес деректерді қорғауға құқығын кепілдендіреді. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыстың негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығына және қоғамның адамгершілік құндылықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс екені бекітілген. Бұл ереже қазіргі цифрлық әлем жағдайында ерекше маңызға ие.
Жаңа Конституция жобасында меншік құқығын қорғауға айрықша көңіл бөлінген. Меншік пен мұрагерлік құқығы заңмен қорғалатыны жарияланған. Ешкім сот шешімінсіз өз мүлкінен айырылмайды. Сонымен бірге меншік иелерінің жауапкершілігі де бекітіледі: «Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне сай келуге тиіс, қоршаған ортаға зиян келтірмеуге, өзге адамдардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбауға тиіс». Мұнда қоршаған ортаны қорғау қажеттілігі ерекше атап көрсетілген, бұл Қазақстанның бірегей табиғатын сақтау мен арттыру үшін аса маңызды.
Әрбір адамның еңбек етуге және қызмет түрі мен кәсібін еркін таңдауға құқығы айрықша жаңа норма ретінде бекітілген. Бұл норма мемлекетке жұмыс орындарын құру, қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы төлеу, сондай-ақ әлеуметтік қорғауды кепілдендіру жөнінде жауапкершілік жүктейді.
Ғалымдар үшін адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияларды дамытуды мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде тану ерекше маңызға ие. Некені және отбасын қорғауға бағытталған конституциялық нормалардың да мәні зор. Жаңа Конституция жобасында неке ерікті және тең құқықты ер мен әйелдің мемлекеттік тіркеуден өткен одағы ретінде бекітілуі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бұзуға бағытталған қоғамымызға жат идеяларға нақты құқықтық тосқауыл болады.
Жаңа Конституция жобасында жаңа мемлекеттік институттар көзделген. Атап айтқанда бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылып, вице-президент институты енгізіледі, ал болашақта Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган қалыптастырылады.
Осылайша жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғауға, мемлекеттілікті нығайтуға және Қазақстан Республикасының одан әрі дамуына берік құқықтық негіз қалайды.
ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ІРГЕТАСЫ
Конституция – елдің негізгі әрі басты заңы, ол әрбір адам үшін, бүкіл қоғам мен тұтас мемлекет үшін айрықша маңызға ие. Қазақстан Республикасында Конституция мемлекеттік билікті ұйымдастыру қағидаттарын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін, сондай-ақ ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын негізгі заң ретінде қызмет етеді.
Адам үшін Конституция – оның құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі. Онда адамның барлық негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттері көрініс тапқан. Конституция өмір сүру құқығын, адамның қадір-қасиетін, сөз бостандығын, еңбек ету, білім алу және әлеуметтік қамсыздандыру құқықтарын бекітеді. Конституцияның арқасында әрбір азамат заңсыз әрекеттерден қорғалады және өз мүдделерін заң шеңберінде қорғауға мүмкіндік алады.
Қоғам үшін Конституция тұрақтылықтың, келісім мен бірліктің негізі болып табылады. Ол баршаның заң алдында теңдігін орнықтырып, әділеттілік пен өзара жауапкершілік қағидаттарын қалыптастырады, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етеді. Конституциялық нормалар адамдарды ортақ құндылықтар мен даму мақсаттары төңірегінде топтастырады.
Мемлекет үшін Конституция билік органдарының құрылымы мен өкілеттіктерін, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін, сондай-ақ құқықтық тәртіптің негіздерін айқындайды. Ол заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік жүйенің тұрақтылығы мен тиімді жұмыс істеуін нығайтады. Осылайша, Конституция – құқықтық мемлекеттің іргетасы, адам құқықтарының кепілі және қоғам мен мемлекеттің тұрақты әрі орнықты дамуын қамтамасыз ететін маңызды тетік.
Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты әрі толық қорғаудың берік негізін қалап, оларды мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде орнықтырды. Онда әділеттілік, заң алдындағы теңдік, құқық үстемдігі және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі қағидаттары көрініс тапқан. Жобада бекітілген конституциялық идеялар демократиялық институттарды нығайтуға, азаматтардың ел басқаруға қатысуын кеңейтуге және мемлекеттік жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа Конституция мемлекеттің тұрақты дамуы мен жаңғыруына, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға берік құқықтық негіз қалыптастырады. Ол адам мүддесін қорғауға және қоғамның ұзақ мерзімді әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағдарланған қуатты, әділетті әрі өркендеген Қазақстан Республикасын құрудың сенімді тұғырына айналады.
АВТОРЛЫҚ ҰЖЫМ
Ж.Қ.Түймебаев – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор, Конституциялық комиссияның мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор (авторлар ұжымының жетекшісі)
Е.Е.Дүйсенов – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор, Конституциялық комиссияның мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор
У.А.Ахатов – заң ғылымдарының кандидаты, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің деканы
Қ.Р.Усеинова – заң ғылымдарының кандидаты, профессор м.а., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі
А.С.Ибраева – заң ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі
Д.М.Баймаханова – заң ғылымдарының докторы, доцент, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Ж.А.Кегембаева – заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
А.Ж.Жарболова – заң ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Д.А.Оспанова – заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Д.А.Тұрсынқұлова – заң ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қ.Н.Әлихан – заң ғылымдарының магистрі, аға оқытушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Г.А.Қуаналиева – заң ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі
Л.Ш.Берсүгірова – заң ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
А.А.Әбикенов – заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Г.Т.Айғаринова – заң ғылымдарының кандидаты, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Г.М.Атаханова – заң ғылымдарының кандидаты, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Е.Т.Әлімқұлов – заң ғылымдарының кандидаты, профессор м.а., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
А.Арын – PhD докторы, қауымдастырылған профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
М.К.Бисенова – заң ғылымдарының кандидаты, профессор м.а., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қ.М.Қожабек – заң ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Г.Н.Мұхамадиева – заң ғылымдарының кандидаты, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Г.Г.Нұрахметова – заң ғылымдарының кандидаты, профессор м.а., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Г.К.Рашева – PhD докторы, аға оқытушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Д.У.Рысқалиев – PhD докторы, доцент м.а., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
А.Б.Шәріпова – заң ғылымдарының кандидаты, профессор м.а., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
А.А.Есекеева – заң ғылымдарының магистрі, аға оқытушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
М.Е.Сағынаев – заң ғылымдарының магистрі, аға оқытушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Г.А.Хұдайбердина – заң ғылымдарының магистрі, аға оқытушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Н.Х.Қалышева – заң ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Л.Б.Нүсіпова – заң ғылымдарының магистрі, аға оқытушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Басқа жаңалықтар