TURKYSTAN.KZ

27 мамыр, 2016

Ілия Жақанов, композитор: Тыңдарман мағынасыз әндерден мезі болды

Ілия Жақанов, композитор: Тыңдарман мағынасыз әндерден мезі болды.   Қазақ музыкасы мен әдебиеті ұлттық руханияттың қос қанаты десек, екеуінің арасына алтын көпір орнатып, бірінің сырын екіншісі арқылы ашып берген белгілі композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың есімі дара аталады. «Еділ мен Жайық», «Ақтамақ», «Жайлаукөл кештері», «Әселім-әнім» сынды сырлы әндерімен қазақтың кең даласын тербеткен, Атыраудан Алтайға дейінгі атырапты түгел аралап, ұлттық музыка жауһарларын түгендеген композитор жуырда мерейлі 80 жасқа келді.Мерейтой күндеріндегі қарбаластың арасынан уақыт тауып, «Түркістан» газетінің оқырмандары үшін арнайы сұхбат берсеңіз деген өтінішімізді орындаған қаламгердің ұлттық өнердің өткені, бүгіні және келешегі жайлы әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз. «Ұлттық музыканы зерттеу үшін бармаған жерім жоқ» – Ілия аға, ең әуелі мерейлі жасы­ңыз­бен құттықтағымыз келеді. Жүріп өт­кен жолыңызға сексеннің биігінен көз жібер­генде не көрдіңіз? – Рақмет, айналайын! Ұлы тіршіліктің, мезгілдің өз әуені бар. Толқын секілді толассыз жүріп келеді. Осынау бес күндік жалғанда өз ортаңа сыйлы болудан, халықтың өзіңе деген ерекше ықылас, ілтипатын сезінуден асқан бақыт бар ма?! Соңғы күндері қаншама кездесулер, шығармашылық кештерім өтуде. Мерейлі жасыммен құттықтап жатқан қауым құрмет-қошеметін аяп жатқан жоқ. Сол басқосудың бәрінде «Сексен деген қандай белес екен?» деген сұрақ қойылады. Құдайға шүкір, сексен дейтін белеске жеткізген жолда жақсылық жолдасым болып, алдымнан тек игі адамдар жолықты. Алланың берген денсаулығының арқасында шығармашылық жұмыстарым өзінің ырғағымен, өз бабымен өте сергек көңілде жүріп отырды. Әлі де сол қалыпта жалғасып келеді. Жүріп өткен жолыма көз жіберер болсам, өткен күнге ешқандай өкінішім жоқ. Тіршілікте көңілсіз жайлар, оқыс оқиғалар бола береді ғой, бірақ соған қарамастан өмірдің ұлы көшінен қалмауға тырыстық. Бүкіл шығармашылық ғұмырымда қолымнан қаламымды түсірген жоқпын. Саяхатшы, жиһанкез атанып, қазақ әнін, ұлттық музыкамызды зерттеу үшін бармаған жерім жоқ. Сол саяхаттың бәрінде аттан түспеппін. Өмірге құштар көңілмен қарап, келер күнімнің де сондай сәулелі, шуақты болуын тілеп, өзім ғана емес, өзім сияқты суреткерлер, дос-жаранның да өмірі мазмұнды, мағыналы болуын қалап ғұмыр кешіп келемін. Туған халқымның музыкалық мұрасына тереңірек ден қоюым тегін емес. Осы өнердің тұғырын биіктетуге өлшеусіз үлес қосқан талай ұлылардың, дүлдүлдердің көзін көрдік. Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусин, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаевтай керемет композиторлар тудырған шығармалардың рухында, солардың үлгісінде тәрбиелендік. Әзиз жандардың өнерге деген талап-тілегі, өмірлік ұстанымдарын басшылыққа алып, кешегі кеңестік дәуірде қазақтың классикалық әнін жазуға, сол біртуар талант иелерінің қазақ өнерінің өркендеуіне қосқан үлесін толтыра түсуді мақсат тұтып, сол мақсатқа жету жолында талмай-тынбай іздендік. Шығармашылық жолым 1956 жылдың күзінен басталды. Содан бері өмірдің, өнердің түрлі кезеңдерінен өтіппін. Ең алдымен талаптану, үйрену, толысу, содан кейін жер ортасы – Көктөбеге келгенде шығармашылық жағынан, азаматтық болмыс жағынан қалыптасқан кезеңіміз болды. Мысалы, «Еділ мен Жайықты» 45 жасымда жазған екенмін. Бұл ән қазір Қазақстанның түкпір-түкпірін ғана емес, бүкіл әлемді шарлап кетті. Тыңдарман қауымның, өнердегі аға-апаларымның жоғары бағасын алған ән шын мәнінде халықтық әнге айналды. Үлкен жүректі суреткер, жазушы, этнограф, қазақтың күй шежіресін жасаған атпал азамат Ақселеу Сейдімбек дос көңілдес болып жүріп, әндеріме, шығармашылық ізденістеріме ылғи зер салып жүретін еді. Бір кездесуде сол Ақселеу: «Ілия аға, сіз бүгінгі күнге дейін 200-ге тарта ән жазыпсыз», – дегені бар. Оған дейін өзімнің қанша әнім бар екенін санамаған екенмін. Шығармаларымның санына емес, сапасына ғана көңіл бөлдім. Қанша ән емес, қандай ән жазсам екен деп бас қатырдым. Қасым ақын жырлағандай: Өкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп. Күніне жүз ойланып, мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп. Әндерімнің қай-қайсысы да ұзақ толғаныстан, тебіреністен туды. Болмысқа, оқиғаға, талайлы тағдырларға саналы көз, ойлы жүрекпен қараудың жемісі. 200-ге жуық әнімді елеп-екшеп айтар болсақ, олардың көпшілігі қазақтың халық әндері, халық композиторлардың әндері секілді ұлттық дәстүрде жазылды. Шығармаларымның барлығы дерлік Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естайлардың ізімен жазылған лирикалық әндер, олардың ешқайсысын эстрадаға қарай бұруға болмайды. Сондықтан әншілерге «Менің әндерімді эстрадалық ән деп ұқпаңдар. Менімен ақылдаспай, өз ыңғайларыңа салып, желкілдетпеңдер!» деп қатаң ескертемін. Қазақ әнінің табиғи болмысын бүлдірген эстрадалық ырғақтан менің әндерім дін аман болды. Туындыларым ұлттық нақышты бойына сіңірген, соның қуатымен түзілген, нағыз қазақтың әні дерлік ән болсын деген мақсатпен жұмыс істедім. Абай, Пушкин, Лермонтов, Мақтымқұлы, одан бері өзіміздің классиктер – Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, одан бері қарай Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Қуандық Шаңғытбаев сынды ақындар жазған мәтіндер менің әндерімнің бояуын қанықтырып, мазмұнын байыта түсті. Пушкиннің сөзіне «Түнгі зефир», Лермонтовтың Абай аударған өлеңдеріне «Жолға шықтым түнде жалғыз», «Жалғыз жалау» әндері жазылды. Ән-романстардың ішінде Есениннің сөзіне жазылған «Өмірім менің», «Өткен қайтып оралмас», Мақтымқұлының сөзіне жазылған «Өтіп барады» атты ойлы, толғаулы романсты ерекше атауға болады. Туындыларым тақырып жағынан топта­лып, циклдық жүйеде түзілді. Сарыарқа цик­лына «Толағай», «Арқаның аруы», «Балқантау» циклы кіреді. Тәттімбет, Мәдидің еліндегі Балқан деген тауда ән зерттеу экспедициясымен жүріп, сол мекеннің көркіне, әншілік салтына, күйшілік дәстүріне қызығып, Балқантау циклына кіретін төрт ән жаздым. Бұл әндерді әуелі Кенжеғали Мыржықбаев, Зейнеп Қойшыбаева, Қайрат Байбосынов секілді талантты әншілер орындады, олардың ізін жалғаған бүгінгі дәстүрлі әншілердің көпшілігі айтып жүр. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесі, «Шынарым менің, шырайлым менің», «Қош бол, Гүлсары!» повестері бойынша «Даниярдың әні», «Жәмиләнің әні», «Әселім  – әнім», «Асылым», «Бибіжан» атты бес ән Қырғыз циклы немесе Айтматов циклы деп аталып кетті. Бұл әндердің қырғыз-қазақ арасында кең тарағаны сондай, 1999 жылы Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлық берілді, Қырғызстанның «Дәнекер» орденіне ие болдым. Ал Оңтүстік циклына «Алматы кешінде», «Жайлаукөл кештері», «Қамқалыға қайта орал», «Арыс», «Дүние» деген көптің аузында жүрген атақты әндер енді. Батыс циклы 1981 жылдан бастау алды. Сол жылдың жетінші қазанында «Еділ мен Жайық» әні туды. 2000 жылдан бастап Атырауға қоныс аудардым. Иманғали Тасмағанбетов арнайы шақырып, бір топ өнер иесіне ерекше қамқорлық көрсетіп, сол өңірге орналастырды. Содан бастап Батыс Қазақстанның музыкалық мұрасына тереңірек ден қойдым. Каспийдің тулаған толқынын күнде көріп, Еділ мен Жайықтың тынысын тыңдап, қалың елдің арасын аралап жүріп, «Оралдың ерке самалы», «Ағады Жайық, ағады», «Ерке бұлбұл», «Құлсары», Жайықтың бойындағы Қиғаш деген өзеннің сұлулығын суреттеген «Ақмарал» әні туып, Батыс циклын толықтыра түсті. Ақтөбе өңірін кезіп жүргенімде «Ойылдың ерке толқыны», «Қарабұтақ вальсі», «Әйтеке би толғауы» атты әндер дүниеге келді. Сөйтіп әндерімнің бәрі осылайша цикл, серия болып топтала берді. «Жұлдыз болуға құштарлық жұқпалы індетке айналды» – Әнді жазу бір бөлек болса, оны халыққа жеткізу, насихаттаудың жөні басқа. Бүгінгі композиторлар мен әншілер әндерін халықтың құлағына сіңісті ету, өз танымалдықтарын арттыру мақсатында бейнебаян түсіріп, есеп беру кештерін өткізу үшін шапқылап жүреді. Әннің насихатын сіздер қалай жүргіздіңіздер? – Ойлап қарасам, қазақтың өзім көрген барлық мекенін, Алтайдан Атырауға дейінгі кең-байтақ даланың өзім аралаған барлық өңіріндегі ән жауһарларын зерттеп қана қоймай, тамаша табиғатын, ізгі адамдарын, көңілге тоқыған ерекше оқиғаларды әндеріме арқау етіппін. Олардың бәрі жай туып қана қоймай, туа сала қанаттанып, еліміздің түкпір-түкпірін шарлап кетті. Қазағымның бар өлкесінде әндерім шырқалып, концерттерім өтіп жатқанына қуанамын. Оның бәрін мен ұйымдастырып жатқан жоқпын. Халқымның өзі ұйымдастырып, өз кешіме өзімді қонақ қылып шақырады. Ең алғашқы концертім Қазақ радиосының музыкалық редакциясын басқарып тұрған шағымда өтті. Ол кезде халық музыкасын, классикалық музыкаларды насихаттау бірінші орынға қойылатын. 1984 жылы қаңтардың 19-ы күні Алматының «АХБК» сарайында үлкен концертім өтті. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі, камералық және эстрадалық оркестр, хор капелласы, 20-дан астам әнші қатысты. Онда менің қаншама әнім орындалды, бірақ елді ерекше елең еткізгені – «Еділ мен Жайық». Одан кейінгі үлкен концертім 2004 жылы Алматыда, Республика сарайында «Еділ мен Жайық» деген атпен өтті. Дәл сол концерт 2004 жылдың 1 желтоқсанында Астана қаласында да берілді. Мұның барлығы қазақ теледидарының алтын қорында сақтаулы. Кейбір облыстық телеарналардың мұрағатында да бар, арагідік көрермен назарына ұсынып тұрады. 1999 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Қырымбек Көшербаев арнайы шақырып, Астана қаласының өнері мен мәдениетін дамытуға атсалыссаңыз деген тілегін айтты. Сол жылы «Конгрес-холл» концерт залында «Әнім саған, Астана!» деген атпен концертім өтті. «Есіл бойы» атты жаңа әнімді сол кеште халық назарына ұсындық. Толқын Забирова орындаған ән бірден көптің көңілінен шықты. Кейіннен сол әнге бейнебаян түсірілді. Әндерімді насихаттайын деп шапқылап көрген адам емеспін. Біреудің есігін қағып, жарнамамды жасап бер, концертімді өткізіп бер деп өтініш айтқан жоқпын. Талантты орындаушылардың, талғамы биік көрерменнің арқасында әндерім ауыздан ауызға тарап кете берді. Бірнеше әніме бейнебаян түсірілді. «Мұзарт» тобы түсірген бейнебаян «Жайлаукөл кештерінің» жаңа тынысын ашты. Опера әншісі, мықты тенор Қайыржан Бердібаев 1963 жылы Ш.Айтматовтың «Жәмилә» повесі бойынша жазылған «Даниярдың әнін» орындап жүріп, сол әнге керемет бейнебаян түсірді. Толқын Забирова орындаған «Есіл бойының» бейнебаяны да көзі қарақты көрерменнің көңілінен шығып, әннің танымалдығын арттырды. Тағы бір тамаша бейнебаян «Теміртау түні» атты әнге түсірілді. 2001 жылы Теміртауда болғанымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың комсомолда болған кезіндегі жастық жалыны, жергілікті жастарға көрсеткен қолдауы, әр түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдерін ұйыстыра білген шебер ұйымдастырушылығы сөз болды. Сол сапардан кейін туған ән еді. Соловьев Седойдың «Подмосковные вечерасына» ұқсас ән екен деп елдің бәрі жақсы қабылдады. Бұл әнге бір емес, екі бейнебаян түсірілді. «Теміртау түнін» қатты ұнатқан Дариға Назарбаеваның бастамасымен 50-60 жылдардағы Теміртаудың көрінісін бейнелейтін ақ-қара түсті әдемі клип жарық көрді. Осы әнге қызыққан тағы бір мәскеулік режиссер Теміртау түнін жаңа қырынан суреттеп, түрлі-түсті бейнебаян түсірді. Міне, осындай әндер халықтың өз ықыласымен ардақталып, құрмет-қошеметке бөленді. Ешуақытта жеңіл-желпі ән жазуға құ­март­­қан емеспін. Сұхбат кезінде тілшілер «Эстрадаға көзқарасыңыз қандай?» деген сұрақты жиі қояды. Бәріне берер жауабым біреу: Бибігүл Төлегенова айтқандай, нөл деп бағалаймын. Өйткені қазақтың мінез-құлқын, әдет-ғұрпы мен салтын, бүкіл болмысын өзгертіп жіберген арзанқол, жеңіл-желпі әндердің зардабы бүгінгі жастардың түкке тұрмайтын әләулайына ұласты. Бүгінгі тыңдарман Батыстың ықпалымен жазылған мән-мағынасыз әндерден мезі болды. Ең сорақысы, арзанқол әнмен атақ шығарып, «жұлдыз» болуға құштарлық жұқпалы індет секілді жастардың бәріне жұқты. Олардың орындап жүргенін қазақтың әні деуге болмайды. Бұл сорақы әндерді қазақ музыкасының, ұлттық өнеріміздің қатерлі ісігі дер едім. – КазГУ-дың филология факультетін бітіргеннен кейін консерваторияға түсуге ниеттеніпсіз. Онда түсе алмауыңызға Евгений Брусиловскийдің бір ауыз сөзі себепші болғаны рас па? – КазГУ-дың филфагында оқып жүргенде, 1956 жылы алғашқы әнім туды. Университетті бітіргенше бірнеше ән жазылды. Бір жолы консерваторияның оқытушылары келіп, концертімізді тамашалады. Сол кезде әндерімді ерекше ұнатып, консерваторияның Кенжебаев деген парторгы сонда оқуға шақырды. Дипломымды алған соң консерваторияға бардым. Қ.Қожамияров өз кабинетінде ерекше ілтипатпен қабылдады. «Әндерің өте жақсы. Осында оқып жүрген жігіттердің ән-романстарынан кем емес. Сені қазір-ақ оқуға қабылдауға болады, бірақ Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Василий Великанов дейтін ұстаздармен ақылдасуым керек», – деді. Сөйтіп Латиф Хамидидің аудиториясына кіргізді де, әндерімді аты аталған композиторлардың талқысына ұсынды. Сонда Василий Великанов: «Бұл жігіттің бір-екі әнін радиоға ұсынғанымда, тыңдарман өте жақсы қабылдады. Болашағынан үлкен үміт күттіретін композитор. Егер консерваторияға қабылдайтын болсаңыздар, оны өз класыма алар едім», – деді. «Әндерінде вальс ырғағы басым, бұл менің стихиям. Бұл жігіттің менде оқығаны жөн болар», – деп Латиф Хамиди де өз класына қабылдағысы келетінін айтты. Барлық ұстаздардың пікірін тыңдап болған соң Евгений Брусиловский: «Мұның шығармаларында бәрі бар: қазақтың халық әні де, романстық сарын да, вальс те бар. Бірақ қазақтың өз халықтық консерваториясы бар екенін ескеріңіздер. Кешегі классикалық әндерді жазған керемет композиторлардың үлгісін басшылыққа алады екен. Әндерін тыңдасаң, нағыз халықтық композитор деп атауға болатын жігіт. Бірақ оны оқуға қабылдайтын болсақ, кеше ғана оқудан шығып кеткен Әсет Бейсеуов, оқудан шығып қалайын деп тұрған Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов секілді әннің қызығымен кетіп, негізгі сабақтарға көңіл бөлмеуі мүмкін. Мұның қолында КазГУ-дың дардай дипломы бар, кез келген жерге барып жұмыс істей алады. Өзінің дәстүрлі әнін жазып, таза қалпында жүргені жақсы. Біз оны музыканың басқа бағыттарына салып жіберсек, өзінің ән жазу ерекшелігін жоғалтып алады. Мұндай дарынды жастардың шығармашылықпен емін-еркін айналысқаны дұрыс. Сондықтан ойланыңызар!», – деді. Қ. Қожамияров оның сөзін аяғына дейін мұқият тыңдады да: «Інім, Евгений Григорьевичтің сөзін қолдаймын. Әндеріңді алаңсыз жаза бер, ақыл-кеңес керек болса, есігіміз әрдайым ашық. Қолдау көрсетуге, шамамыз келгенше көмек беруге дайынбыз», – деп түйіндеді. Сөйтіп консерваторияға түссем деген ойым жүзеге аспады. – Алғашқы әндеріңіздің ішінде «Ақ қайыңның» шоқтығы биік. Н.Сералиевтің «Ақ қайың» атты повесіне, Мұқағалидың «Ақ қайың әні» атты дастанына өзек болған ән қалай туды? – Менің «Ақ қайың» деп аталатын екі әнім бар. Сіз сұрап отырған алғашқы «Ақ қайың» жиырма бірге енді ғана іліккен кезімде жазылған. КазГУ-дің Виноградов көшесіндегі жатақханасында тұратынмын. Өнерлі жастардың ұйытқысы боп, өнерпаздар үйірмесіне жетекшілік ететін Өмірзақ Айтбаев, Ізтай Есқалиев, Әуес Батыршаева, тағы басқа да әнші, биші, домбырашылардың арасында жүрген кезім. Қыз таңдап, қыз сүйіп те үлгергем жоқ. Ол кездерде біз қазақтың лирикалық әндеріне ынтық едік. «Қарлығаш», «Қазақ вальсі», «Бізде дәрігер бір қыз бар», «Маржан қыз», «Жайық қызы», «Әлі есімде», «Жан сәулем», «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да», «Кестелі орамал»… Міне, біз адамның жан-жүрегін шуақты сырға толтыратын осындай сұлу әндердің әсерінде болдық. «Ақ қайың» әні сол әндердің лебімен жай ғана лирикалық толғаныстан туды. Оқиғасы да жоқ, белгілі бір кейіпкері де жоқ. Шамасы романтикалық қиял болар. Күзгі табиғат, жапырақтарынан айрылған қайың, кезінде сол қайыңның түбінде ұзақ сырласқан, бүгінде жолдары екі айрылған ғашықтардың ішкі арпалысы, сағынышы. Есіңде бар ма осынау қайың, Сарғайып күзде тұрады дәйім. Дариға, сол бір арманды күндер, Елес пе еді, білмедім, айым, – деп келетін ән бір-бірінен ажырап қалған ғашықтардың арманды әніне айналды. Студенттердің аузынан түспейтін. Кезінде мұны Өмірзақ Айтпаев, Әуес Батыршаева, Тұрсынхан Әбдірахманова сияқты әншілер нақышына келтіріп шырқады. Әннің халық арасында кеңінен тарағаны сондай, әдемі лирикалық новеллаларымен танылған Нәсіреддин Сералиев деген жазушы осы әндегі оқиға желісімен «Ақ қайың» атты повесть жазды. Сол повесть жарық көргеннен кейін бір күні Қызылордадан Зейнолла Шүкіров деген мүгедек ақын телефон соқты. «Айналайын, Ілия, сенің біраз әніңді радио арқылы тыңдап жүрмін. Соның ішінде «Ақ қайың» атты әнің ерекше ұнайды. Оның желісімен жазылған жерлесім Нәсіреддин Сералиевтің повесі де қатты тебірентті. Саған рақмет айтайын деп едім» деді. Тағы бір жолы телеграмма жолдады. «Ілия, мен сені көруге келе жатырмын. Мені Әнуарбек Дүйсенбиев күтіп алады, сен де вокзалға келсең болады» делінген онда. Вокзалдан күтіп алдық, көп әңгімелестік. Сол жолы «Ақ қайыңды» өз орындауымда тыңдады. Бұл ән ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа да ерекше әсер етті. Ол қазақтың Левитаны атанған сұңқар үнді диктор Әнуарбек Байжанбаев арқылы (1963 жылдың күзі) менімен танысып, біздің үйде Тиыш апаларыңның ақбұйра шайын ішіп отырып, «Ақ қайың» әнінің және өзімнің жастық шағымның кейбір хикаясын сұрап-білді. Әнді қайта-қайта тыңдап, маған ыңылдай қосылып, бір рахатты сезімге бөленген еді. Содан кейін он шақты күн өтті ме, өтпеді ме, Мұқағали «Ақ қайың әні» атты поэмасын жазып шықты. Дастанды өз үйінде оқып берді. Ерекше елтіп отырып тыңдадым. Дауыс қандай! Диапозон қандай! Ақын бұл поэмасын маған арнағанын айтты. Поэзия дүлдүлінің өзіме осыншама ілтипат көрсеткені тебірентті, қанат бітіргендей болды. Кейін тағы бір кездескенде Мұқағали «Ақ қайың әні» дастанын «Лениншіл жас» газетіне ұсынғандығын айтты. Шығарманың басында «Илья Жақановқа арнаймын» деген сөз жазылыпты. Редактор: «Жақанов деген кім? Атын бадырайтып жазып қоятындай атақты адам емес. Алып тастау керек те, дастанның өзін жариялау керек» деген екен. Мұқағали бұған көнбепті. «Олай болса, дастан газетке жарияланбайды» деп шығармасын алып кетіпті. Кейін бұл дастан «Илья Жақановқа арнаймын» деген жазумен ақынның таңдаулы шығармалар жинағына енді. «Шындыққа құлақ асқысы келмейтіндер көп» – «Екі жүрек», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі» сынды музыкалық зерттеу еңбектеріңіздің қатары жуырда жаңа кітаппен толыққанын естідік. «Дүние шіркін» әлі қолымызға тиген жоқ. Оның өзге еңбектеріңізден ерекшелігі неде? – «Дүние шіркін» – Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, жазушы Мырзатай Жолдасбековтің композиторлық болмысын ашатын кітап. Мырзатайдың тебіреніске толы ән-романстары, нағыз халықтық сарында жазылған шығармалары, үш қосбасары, «Ой толғау» деген күйі бар. Осы музыкалық шығармалардың бәрі зерттеп-зерделенді. Әр суреткердің қалыптасуына ықпал еткен шығармашылық ортасы болады. Жамбыл облысы, Талас ауданындағы өзі туып өскен Ақтөбе дейтін аядай ауылдың музыкалық дәстүрлері, ондағы әншілер мен күйшілердің үлгісі Мырзатайдың шығармашылығына қалай әсер еткені толық баяндалды. Автордың композитор ретінде қалыптасу жолын, әндерінің қандай жағдайда туғанын, қандай оқиғаны арқау еткенін көрсетуге тырыстым. Мырзатайдың әндерінің ішінде жалындаған жастық шақты еске түсіретін, жан тебірентетін «Дүние шіркін» атты лирикалық әні ерекше толғандырды. Екі жарым жыл жазылған кітап осы әннің атын иемденгені сондықтан. Жуырда ғана қолымызға тиген кітаптың алғашқы тұсаукесері Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Мырзатай Жолдасбековтің студенттермен кездесуі аясында өтті. Одан кейінгі 17 мамыр күні Айман Мұсаходжаева басқарып отырған Астанадағы Өнер университетінде өткен үлкен мерейтойлық кешімде де «Дүние шіркінді» оқырман назарына ұсындық. Елордадағы өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері бас қосқан жиын барысында менің әндерімнен бөлек Мырзатайдың бір әні мен күйі де орындалды. Сол кеште маған халықаралық дәрежедегі докторлық атақ берілді. – Қазақ музыкасын зерттеу саласында сізге дейін Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдарынан» басқа еңбек болмаған дейді ғалымдар. Бұл сүрлеуге түсерде сіз кімге сүйендіңіз, жолбасшыңыз болған не? – Музыкалық зерттеуге бел шешіп кірісуіме ықпал еткен ең бірінші адам – Ахмет Жұбанов. Ол кезде мен «Қазақстан пионері» газетінде мәдениет бөлімін басқаратынмын. Сонда тіл, әдебиет, туған халықтың тарихы, театр және кино өнері, музыкасы жөнінде жазғандарымды оқып жүрген Ахмет Жұбанов: «Шырағым, біздің заманымыз қиын болды. Біз жасай алмаған істі сендер қолға алуға тиіссіңдер. Музыкалық зерттеуге жайлап төселе бер», – деді. Содан бері жазған еңбектерім қазір 9-10 томға жетті. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, қазақ даласының музыкалық байлығын түгел зерттедім. Өз еліміздің жауһарларын тауысқан соң, Қытай, Моңғолия, Иран қазақтарының әндеріне ден қойдым. Олар да бірнеше еңбекке арқау болды. Зерттеу жұмыстарым әлі де жүріп жатыр, қолымнан қаламым түскен емес. Қазір Естайдың «Қорланын» зерттеу үстіндемін. Кейінгі жылдары табылған деректер бұл әннің шығу тарихы туралы бұрынғы мәліметтердің жаңсақ екенін көрсетті. Сондықтан жаңа еңбек біраз шындыққа қанықтырады деп ойлаймын. – Саясаттың өнерге араласуы ер­теден келе жатқан құбылыс екенін өз ең­беріңізде талай мәрте дәлелдедіңіз. Мәселен, Балқадишаның 85-тегі шалға емес, өз қатарына ұзатылғанын тайға таңба басқандай көрсетіп берсеңіз де, бұрмаланған ән әлі күнге дейін сол қалпында орындалып жүр. «Дударайдың» шын­дығына да мойынсұнғысы келмей­тіндер көп. Бүгінгі және келер ұрпақ бұл әндер жайлы теріс пікірмен кете бере ме? – Мен о бастан «Балқадишаның» тарихын зерттеумен келемін. Ақан серінің бұл әні ұзақ жылдар бойы «Дегенде, Балқадиша, Балқадиша, Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деп айтылып келді. Кеңес өкіметінің идеологиясы одақтың іргесін нығайта түсу үшін қазақтың елге сүйікті әндерін саясаттың ыңғайына жығып берген. Талай ән бұрмаланып, негізгі мәнін жоғалтты. Қазақстанда сауатсыздықты жою үшін жүргізілген науқан кезінде халықты оқуға үндеу үшін «Ақбаян» әнінің қайырмасын: «Ой Ленин, қараңғыда көп елің» деп жаттатқызды балаларға. Біржан салдың «Қозы көш» әнінің мәтінін Иса Байзақов идеологияның талабына сай қайта жазып шықты. «Ән салшы бір ғана» деп келетін жолы «Ән салшы бір бала» деп өзгеріп, балаларды оқуға шақыратын ән болып шыға келді. Үкілі Ыбырайдың «Толқын» атты әнінің қайырмасын: «Елім бар колхоз болып дүрілдеген» деп ауыстырып, ұжымдастыру науқанының насихатына пайдаланды. Үлебай шығарған «Дударай» әнін ұлттар достығының символы болсын деп Мәриям Жагорқызының әні деп бекітті. Сөйтіп көзі тірі Үлебайға үлкен қиянат жасалды. Ештеңенің байыбына бармайтын кеш ұйымдастырушылар бұл әнді әлі күнге дейін Мәриям Жагорқызыныкі деп жариялап жүр. Қанша жазсақ та, айтсақ та, шындыққа құлақ асқысы келмейтіндер көп. – Сіздің зерттеулеріңіз талай ғалым­ның ғылыми еңбектеріне арқау болды. Алдағы уақытта да Жақанов шығармашылығына тереңірек үңілгісі келетіндер толастамасы анық. Оларға қандай кеңес берер едіңіз? Сіздің еңбектеріңізді зерделеуге ниеттенген жас ғалымдар нені басшылыққа алғандары жөн? – Өз әндерімнің тарихын эссе-новелла, деректі әңгіме түрінде баяндап, бір томға жинақтап қойдым. «Еділ мен Жайық» әніне қатысты оқиғалардың өзі жеке дара бір кітап болып тұр. Мен дүниеден өткен соң зертеушілер мынау әні мынадай, ана әні анадай деп негізсіз долбар жасай алмайды. Әдебиетте қиялға, тұспалға орын берілгенімен, ғылымда жобалау, долбарлау деген болмайды. Нақтылық, дәлдік керек. Әр шығарманың жазылу тарихын, оқиғасын қаз-қалпында жеткізу қажет. Шығармашылығымды зерттеп, мен жазған еңбектерге тереңірек үңілгісі келетіндер көзім тірі кезде деректің бәрін өз аузымнан жазып алғаны жөн. – 2014 жылы сіздің әндеріңіздің «Еділ мен Жайық» атты халықаралық фестивалі өткенін білеміз. Бұл байқауды жыл сайын дәстүрге айналдыру ойда жоқ па? – Атырау облысы бұл фестивальді жыл сайын өткізуді ұсынған. Бірақ мен қарсы болдым. Тыңдарманды жалықтыруға болмайды. Кемінде 2-3 жылда бір рет ұйымдастырылып тұрса құптаймын. Сол уақыт аралығында әндерімді орын­даушылар емін-еркін дайындалып үлгереді. Байқауға Моңғолиядан, Қытайдан, Ресейден келіп қатысқысы келетіндер көп. Бұл фестиваль тиянақты дайындалған, әннің табиғатын бойына әбден сіңірген мықты әншілердің жарқырап көрінетін сәті болуы керек. Мәселен, өткен фестивальде Қытайдан келген талантты әнші жігіт Ермек Серкебаевтан басқа ешкім орындамаған «Нұрлы әнім менің – Торғайым» атты әнімді орындап, бүкіл елді таңғалдырды. «Еділ мен Жайық» халықаралық фестивалі жыл сайын жұртты жинап алып, айқайлатып-шулатып, шала концерт өткізетін композиторлар мен әншілердің кешіне ұқсағанын қаламаймын. Концертті жиі өткізген дұрыс емес, көрерменмен сағынып қауышу қажет. – Ұлттың, ұлттық өнердің болашағын ойлағанда жаныңызды жадырататын не, көңіліңізді құлазытатын не? – Қазіргі консерваториялар, өнер университеттері, музыкалық колледждер мен мектептерден – жастарға музыкалық білім беріп отырған оқу орындарынан түлеп ұшқан жастардың болашағы өте зор. Олар Қазақстанмен ғана томаға-тұйық шектеліп отырған жоқ, әлемнің өнері мен мәдениеті дамыған озық елдеріне шығып, тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие. Скрип­кашыларымыз, мықты пианиношы­ла­рымыз бен дирижерларымыз шетелдің атақ­ты сахналарында өнер көрсетіп жүр­гені қуантады. Қазақтың домбырасы мен қобызының өзі дүниенің түкпір-түкпірін аралауда. Керемет тенорлар мен баритон, сопранолардың дауыстары емін-еркін ашылып, қазақтың «Біржан сал» секілді кең тынысты операларын халықаралық сахналарға алып шығып жүр. Осындай жетістіктерді көргенде қазақ музыкасының, тұтас мәдениетіміздің жарқын болашағына деген сенімім нығая түседі. Әрқайсысымыз өзіміз қызмет етіп жүрген саланың өсіп-өркендеуіне сөзбен емес, нақты іспен үлес қосар болсақ, мәдениет пен экономикамыз да, ғылым мен технологиямыз да ешкімнен кем болмас еді. – Әңгімеңізге көп рақмет! Деніңізге саулық, шығармашылығыңызға табыс тілейміз! – Рақмет айналайын, істерің оң болсын!  

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА