Өзара тәжірибе алмасты

27 тамыз, 2016

Айта кетейік, INESS – 2016 халықаралық конференциясы бірегей ғылыми форумдар топтамасының дамуындағы жаңа кезең болып табылады. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жетекші ғалымдар мен зерттеушілер, ғылыми орталықтар мен өнеркәсіптің өкілдері өзара тәжірибе мен білім алмасты. – INESS – 2016 жұмысына Жапониядан, Кореядан, Қытайдан, Франциядан, Швейцариядан, Түркиядан, Ресейден және басқа да елдерден келген ғалымдар қатысып жатыр. Сарапшылар материалтану, нанотехнология, экология, қайта қалпына келетін энергия көздері мен энергия­ны сақтау жүйелерінде орын алған мәселелер туралы өз ойларын ортаға салды, – деді Назарбаев Университеті NationalLaboratoryAstana жаңа материалдары жөніндегі энергетика және ғылым орталығының директоры, конференцияны ұйымдастыру комитетінің төрағасы, профессор Жұмабай Бәкенов. Сарапшылар жасыл энергия, катализ, материалтану, қолданбалы физика мен ғылымның басқа да сұранысқа ие салаларында өзекті болған мәселе­леріне байланысты тоқсаннан аса баян­дама жасады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Физика-химиялық зерттеулер мен талдау орталығының директоры ­Алина Галеева аталмыш іс-шара ғылыми серік­тестікті дамыту үшін теориялық тұрғыдан да, қолданбалы тұрғыдан да өте пайдалы екенін, орталық энергия­ны электрохимиялық технологиямен сақтау саласында да, нанотехнологияда да үлкен тәжірибеге ие болатынын атап өтті. Ұлттық нанотехнологиялық зертхана директоры Маратбек Ғабдуллин: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ашық түр­дегі ұлттық нанотехнологиялық және инженерлік бейіндегі зертхана жұмыс жасайды. Мұнда нанотехноло­гия­лар мен наноматериалдар саласында зерттеу жұмыстары жүргізіледі, соны­мен қатар дәл көрсеткіштерге қол жет­кізуге көмектесетін сараптамалық құрал-жабдықтар аталмыш саладағы зерттеу жұмыстарының дамуына өз септігін тигізуде» деді. Жамал СӘРСЕНОВА