Бүгін Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры академик Ғалымқайыр Мұтановтың халықққа есеп беру кездесуі өтті. Іс-шараға студенттер мен олардың ата-аналары, түлектер, ғылыми және педагогикалық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының, жергілікті билік пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында барлығы мың жарымға жуық адам жиналды.
ҚазҰУ ректоры 2015-2016 оқу жылы жасалған жұмыстардың нәтижесін баяндап, жоғары оқу орнының білім беру, ғылыми-инновациялық, қаржылық-тұрмыстық, әлеуметтік-тәрбие қызметтеріне толық сараптама жасады. Сонымен қатар университеттің жеткен жетістіктерімен бөлісіп, оқу ордасын дамытудың стратегиялық тапсырмалары мен негізгі бағыттарын айқындады.
Ғ.Мұтанов ҚазҰУ-дың негізгі міндеттерінің бірі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін кем дегенде екі қазақстандық жоғары оқу орны әлемнің ең үздік 200 университетінің қатарына ену тапсырмасын орындау екенін атап өтті. Осы орайда ҚазҰУ-да жүйелі құрылымдық жаңару жүзеге асты. Оның негізінде басқарудағы нәтижеге бағытталған процестік менеджментке көшу енгізілді. Дәл осы көрсеткіштер арқылы университет дамудың даңғыл жолына бет алып, әлемдік ЖОО-лар рейтингінде үздік көрсеткіштерге ие болды. Соңғы бес жылда белді рейтингтегі университет көрсеткіштері қарқынды түрде алға жылжып, аз ғана уақыттың ішінде 500 сатыға жоғары көтерілді. ҚазҰУ 236-орыннан көрініп, Орталық Азиядағы ЖОО-лар арасында алғашқы болып әлемнің 250 үздік университеті қатарына енді. Айта кетерлігі, бұл топқа ТМД елдерінен екі ЖОО – Ломоносов атындағы ММУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана кірді.
Бүгінде университетте Cambridge, Oxford, Harvard, Stanford, Yale және басқа да шетелдік жетекші ЖОО-лардың оқу бағдарламаларымен деңгейлес 230 бағдарлама енгізілген. Университет бағдарламаларының 90%-дан астамы халықаралық аккредитациаланған ASIIN, AQUIN, AQA, FIBAA сияқты агентіктермен аккредиттелген. Және әлемнің ең үздік университеттерімен қос дипломдық білім берудің 50-ден аса бағдарламасы жұмыс жасайды. ҚазҰУ Edx (Массачусетс технологиялық университеті) және Coursera (Гарвард университеті) сияқты әлемдік жетекші орталықтардың тәжірибесіне сүйене отырып, ашық онлайн курстарды дайындаумен және жүзеге асырумен айнасылуда. Индустриалды инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы –2 (ИИДМБ-2) кәсіби магистратура бағдарламасы бойынша ҚазҰУ дайындаған курс тәжірибесі серіктес ЖОО-лармен дайындалып жатқан MOOK.kz ұлттық платформасы арқылы Қазақстан мен Орталық Азия территориясына таратылатын болады.
Ректор ғылыми-инновациялық қызметтің маңызды екенін атап өтті. Ол ғылым, білім және инновациялық өндірістің бірігуіне негізделеді.
Университет ғалымдары 2015 жылы жалпы қаржы көлемі 4,4 млрд. теңге болатын 500 ғылыми жобаны жүзеге асырды. 2015 жылы университет ғалымдары мен оқытушылары 200 патент алды, соның ішінде 3 халықаралық құжат бар.
«Thomson Reuters» пен «Scopus» қорына енетін рейтингтік ғылыми басылымдардағы әрбір үшінші қазақстандық мақала ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. Ғылыми зерттеу жұмыстарының өзектілігінің көрсеткіші саналатын шетелдік ғалымдардың мақалаларындағы сілтемелердің саны 2015 жылы бір жарым есе артты. Бір жылдың ішінде университет ғалымдары мен оқытушыларының жалпы Хирша индексі 1,5 есеге көтерілді.
Бүгінгі таңда ірі өндірістік кәсіпорындарда университет кафедраларының ғылыми-зерттеу алаңдарын құру жұмыстары жүргізілуде. Университетте 75 студенттік инновациялық жоба жүзеге асырылатын 14 студенттік бизнес-инкубатор жұмыс жасауда. UNIFORM халықаралық студенттік жобаның жүзеге асуы – ҚазҰУ студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының халықаралық деңгейде мойындалғандығының дәлелі. Токио университетімен бірге ғылыми-технологиялық наноспутник дайындалып, оны 2017 жылы ұшыру жоспарланып отыр.
Инновацияны дамыту, ғылым-білім-инновациялық өндірісті біріктіріп өнімді коммерциалау ҚазҰУ-ды ел экономикасындағы нақты ғылыми-шаруашылық субъектісіне айналуға мүмкіндік береді.
Қаржы-экономикалық менеджмент тиімділігін арттыру мен жетілдіру басым бағыттардың бірі болып отыр. Кампус инфрақұрылым құрылысының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Әл-Фараби кітапханасы, «Жас ғалымдар үйі», «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен Олимпиада чемпионы Д.Баландин атындағы жүзу бассейні сияқты жаңа ғимараттар қолданысқа берілді.
ҚазҰУ-да студенттермен жұмыс жасаудың клубтық жүйесі дамып келеді. Бүгінде 100-ден аса жастар ұйымы мен бірлестіктер ашылған. Соңғы бес жылдың ішінде олардың жұмысына тартылғандардың саны 2,5 есе артып, жалпы саны 9 мың студентке жетті.
«Аl-Farabi university - smart city», «Айналаңды нұрландыр!», «100 кітап», «ҚазҰУ – Гринкампус», «Саламатты дене мәдениеті», «Мен жастарға сенемін!», «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» атты инновациялық тәрбие жобалары жүзеге асуда. Әлеуметтік әріптестік пен кураторлық жұмыстың ҚазҰУ-дағы үздік тәжірибесі бүгінде өзге оқу орындарында қолданылып жатыр.
ҚазҰУ студенттері спорт әлемінде де теңдессіз көшбасшы. Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы Олимпиада ойындарына ҚазҰУ-дың 17 студенті қатысып, студент Дмитрий Баландин қазақ спорты тарихындағы Олимпиада ойындарында жүзуден алғашқы алтын медальді қанжығасына байлады. Сонымен қатар Елдос Сметов күміс және Эльмира Сыздықова қола жүлдегер атанды.
Халықаралық әріптестік те белсенді дамып келеді. ҚазҰУ әлемнің 46 елінің ғылыми орталықтарымен және 400 жетекші университеттерімен жемісті еңбек етуде. Оқу орны БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының тұрақты даму бойынша жаһандық хабы және ЮНЕСКО – UNITWIN-нің тұрақты даму бойынша аймақтық хабы болып табылады. ҚазҰУ Орталық Азияда университеттердің халықаралық консорциумына, Clinton Global Initiative University университеттер желісіне және Жібек жолы университеттер альянсына қабылданған жалғыз университет.
Есеп беру кездесу барысында ректор қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстары мен талап-тілектерін тыңдады және соған сай бөлім басшыларына тапсырмалар берді. Іс-шараның соңында Ғалым Мұтанов ҚазҰУ-дың үлкен ұжымына алғысын білдіріп, университет алдағы уақытта да жоғары көрсеткіштерді бағындырып, қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыратындығына сенім білдірді.