Болашақ қаламгерлер тәрбиешісі

30 қыркүйек, 2016

Стилистика және редакциялау - болашақ қаламгерлердің тілін ұстартып, шығармашылық шеберлігін ұштайтын маңызды пәндер санатында. Осы орайда бұл пәндер зерттеушіден өрелі өрісті, терең де жан-жақты білімді талап ететінін атап өткеніміз абзал. Себебі, әдетте лингвистика ғылымына телінетін  стилистика әдебиет пен мәдениет, техника мен өнер-ғылым тілін таразылайтындықтан, тіпті ауызекі сөз өнеріне де үңілетіндіктен, энциклопедиялық білік пен білімді талап етеді. Ал, редакциялау пәні болса осы аталғандармен қоса бұқаралық ақпарат құралдары тілін де ой елегінен өткізеді. Сондықтан да білімнің осынау қиын да күрделі саласы бойынша қалам тербеген ғалымдар саны елімізде, тіпті бүкіл ТМД кеңістігінде саусақпен санаулы.

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы, үстіміздегі жылы елуге толған мерейтойын және ширек ғасырлық ғылыми-педагогикалық қызмет өтілін атап өткелі отырған майталман ұстаз Лариса Ивановна Мухамадиева стилистика және редакциялау ілімін зерттеп қана қоймай, осы салада құнды оқулық-әдістемелік құралдарды өмірге әкелген зерделі ғалым. Кеңестер Одағының  аты жер жарған оқу орындарының бірі - А.А. Жданов атындағы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1989 жылы тәмамдаған Л.И. Мухамадиева әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының аға оқытушылығына қабылданды. Күні бүгінге дейін Лариса Ивановна ұжымымыздың белді мүшесі, ұлағатты ұстаз ретінде болашақ қаламгерлерді тәрбиелеп келеді. 

Ұлағатты ұстаз "Редакциялаудың жалпы курсы", "Стилистика және редакциялау", "Әдеби-көркем сын және шығармаларды рецензиялау", "Кітап ісінің мәдениеті мен этикасы" пәндерінен дәріс оқып, практикалық сабақ беріп келеді. Л.И.Мұхамадиева семинарлар мен арнайы курстарды ғылымның соңғы жаңалықтары мен қазіргі әдебиет үлгілерін пайдалана отырып, қызғылықты өткізеді. Бұл орайда журналист-педагогтің "Қазақ университеті" баспасынан жарық көріп, бірнеше рет қайыра басылған "Редакциялау теориясы мен тәжірибесі" атты оқулық-әдістемелік құралына арнайы тоқтала кету керек. Редакциялау саласында Ресейдің белді жоғары оқу орындарының өзінде төл оқулықтардың санаулы екендігі Л.И. Мухамадиеваның ғылыми-педагогикалық еңбегіне берілген лайықты баға болмақ. Сондай-ақ "Отандық және шетелдік баспа ісі" атты дәрістер жинағының авторы Лариса Ивановна "Гутенберг" студенттік ғылыми-кәсіпкерлік клубына көп жылдан бері жетекшілік етіп келеді.    

Осы орайда ұстаздың жоғарыда тілге тиек етілген "Редакциялау теориясы мен тәжірибесі" («Теория и методика редактирования», Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 2013 жыл) оқулық-әдістемелік құралы «баспа ісі» мамандығының бірінші курсында және «кітапхана ісі» мамандығының екінші курсында оқылатын «Редакциялау. Жалпы курс» пәнін үйрету барысында қолданылатынын атап өткен орынды. Отандық оқулықтар мен оқу құралдары арасында аталған құрал ғылым мен білім жетістіктерінің соңғы үлгілері ұсынылған еңбек болып табылады.

Кафедрамыздың сыйлы ұстазы, пайымды педагог-публицист, зерделі зерттеуші, білікті ғалым Лариса Ивановна Мухамадиеваның асар асуы мен бағындырар биігі алда.

 

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік

 өнер кафедрасының ұжымы