Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ғылым мен технология және инновация мәселелері бойынша өткен Азия парламентаралық форумына қатысты.
25 елден келген сарапшылар мен парламент мүшелері, халықаралық ұйымдардың Астанадағы өкілдері Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттердегі білім беру саласы мен ғылыми әлеуетті арттыру бойынша байланысты нығайту мәселесін талқылады. Жиынға қатысушылар ИЫҰ мүше мемлекеттердің экономикасына алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мен білімге негізделген қоғамды дамыту мәселелерін шешу жолдарын қарастырды.
«Дамыған мемлекеттердегідей 60% құрастыру жұмыстарына және 20% ғана фундаменталды зерттеуге бағыттау керек. Шығынды басқарудан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ары қарай ҒЗТКЖ) нәтижесін басқаруға көшу керек. Сол кезде инновацияны қаржыландыру бизнестің қатысуымен жүзеге асатын болады. Сәйкесінше инновациялар экономикаға өзі келеді, – деп Ғалым Мұтанов ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруды қайта қарастыруды ұсынды да, халықаралық тәжірибеден мысал келтірді, – Еуро Одақ мемлекеттері орта есеппен ішкі жалпы өнімнің 1,97%-ын, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 2,4%-ын, ал Қазақстан тек 0,3%-ын ғылымға жұмсайды».
«Қазақстанда ҒЗТКЖ-ны дайындауға арнайы ынталандыру жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ, заңнаманы қайта тексеріп, инновациялық серпіліс үшін алаң дайындау қажет», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры.
Ректор отандық жоғары оқу орындарының нарықтық инновациялық экономиканың нақты субъеткісіне айналудың маңыздылығын, зияткерлік меншік пен салық салудың өзектілігін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зияткерлік корпорация. Мұнда ҒЗТКЖ нәтижелерін экономиканың нақты секторына енгізуге арналған «идеяларды тудыру мен оны коммерциялауға дейін» технологиялық дәліз жұмыс жасайды.
Форум соңында сарапшылар «Ғылым мен технология және инновация саласындағы парламентаралық исламдық ынтымақтастықты нығайту бойынша астаналық декларациясын» қабылдайды.