Ерекше маңыздылығы бар халықаралық құқықтық олимпиада

10 сәуір, 2017

Ерекше маңыздылығы бар халықаралық құқықтық олимпиада

 Қазақстанды әлемдік деңгейде таныту үшін білім жүйесі бәсекеге қабілетті жоғары деңгейде болуы қажет. Оқу үрдісі уақыт талабымен қаншама өзгермесін, бәрібір тек ұстаз ғана оның мазмұнын студент санасына жеткізеді. Шәкіртті оқу үрдісінде оқытушымен бірдей субъект   ретінде танып, дара тұлға ретінде қабылдап, шығармашылық жұмысқа бағыттау, дарынды балалардың қабілеттерін дамытуға қолайлы жағдай туғызу- әр ұстаздың міндеті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен жыл сайынғы өткізілетін Халықаралық Фараби оқулары аясында заң факультеті әлемдік деңгейде 2017 жылдың 20-21 сәуір аралығында халықаралық құқықтық олимпиада өткізуді басты мақсат етіп қойды. Бұл шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл олимпиаданың ерекшелігі біріншіден, халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыруы, екіншіден елімізде өтетін әлемдік EXPO-2017 көрмесіне  тұспа-тұс келуі, сонымен қатар қатысушылардың санының көптігімен ерекшеленеді.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, ҚазҰУ-дың басты мақсаты - ғылымның дамуы үшін тың серпін, дұрыс бағыт-бағдар беру.

ҚазҰУ ректоры Ғ.М. Мұтанов жастардың ғылыммен айналысуына зор қолдау танытып, үлкен мүмкіндік ашып отырған кезеңде өткен ғылыми халықаралық жиынның маңызы ерекше деп айтсақ болады.

Осы бағытта жүргізіліп жатқан барлық іс шаралардың маңыздылығы болашақ жастарға деген қолдау көрсетудің бірден-бір себебі.

Олимпиаданың мақсаты: студенттеріміздің шығармашылық қабілетін ашу, талантты және дарынды жастарды іріктеп алу, оларға қолдау көрсету; студенттердің зияткерлік потенциалының қалыптасуына жәрдемдесу; студенттер мен жас ғалымдарды заманауи ғылыми мәселелерді шешуге шақыру; ғылыми қызметке деген қызығушылықты дамыту болып табылады.

Абай атамыз бізге «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қал­дырды. ХХІ ғасырда ғылым – жай қағаздағы, кітаптардағы ғылыми жаңалықтар емес, халықтың әл-ауқатының деңгейі, сапасы десек болады.

Құқықтық олимпиада 8 пәннен, атап айтсақ, мемлекет жәнен құқық теориясы, конституциялық құқық, азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы, қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу құқығы, сонымен қатар қаржы және экологиялық құқық пәндері арасында ұйымдастырылады. Олимпиада қазақ, орыс және ағылшын тілінде жүргізіледі. Қазіргі таңда 300 ден астам қатысушылардан өтініш келіп түсті, соның ішінде Ресейден, Қырғыз елінен және Польша мемлекеттері университеттері студенттерінен, еліміздің басқа да аумақтарынан, айта кетсек, Е.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен, А.Яссауи атындағы мемлекеттік қазақ-түрік университетінен, И.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінен, Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен және Алматы қаласы бойынша С.Демирел атындағы университетінен, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінен, НАРХОЗ университетінен, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен,  ҚР ІІМ Алматы академиясынан, Еуразия техникалық университетінен, Каспий университетінен, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясынан және де басқа да оқу орталықтарынан студенттер қатысуға деген өз қызығушылықтарын білдіруде.

Әділқазы алқалары беделді, әділетті профессорлық-оқытушы құрамдарынан тұрады.

Екі күнге созылатын олимпиада өте тартысты деңгейде өтеді, өз жеңімпаздарын табады деген сенімдеміз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, заң факультеті студенттерімен қатар, басқа аумақтан келген студенттерге сыйлықтар табыс етіледі.

«Білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы» дейді ғой халық даналығы. Сондықтан, білімді жастарымыздың ғылымға деген қызығушылығымен мемлекетіміздің болашығының кепілі дей отырып, ұйымдастырылып отырған халықаралық құқықтық олимпиада өз жалғасын тарихқа қалдырып, әрі қарай өз жеңімпаздары мен қатысушыларын табады деген сенімдеміз.