Қазақстан – Германия: 25 жылдық ынтымақтастық

24 сәуір, 2017

ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының арасында орнатылған дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына және әл-Фараби атындағы германдық зерттеу орталығының 5 жылдығына орай "Қазақстан – Германия: 25 жылдық ынтымақтастығы: сыртқы саясаты, дипломатиясы мен екі жақты қарым-қатынастардың келешегі" атты іс-шара өтті.

Шараға халықаралық қатынастар факультеті көптеген жылдар бойы тығыз серіктес болып келе жатқан қазақстандық және германдық мекемелердің өкілдері қатысты.

Алғашқы болып Қазақстанның екі жақты қарым-қатынасындағы Германияның рөлі жөнінде Алматы қаласындағы ҚР СІМ өкілдігінің Басшысы қызметінің міндетін атқарушы Дудар Жакенов сөз сөйлеп, Алматы қаласындағы Германия Федеративтік Республикасының Бас Консулы Йорн Розенберг “Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы серіктестіктің басты бағыттары” жөнінде толық баяндап берді. Атап өту керек, 1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындаған Германия Федеративтік Республикасы 1992 жылы 11 ақпанда алғашқылардың бірі болып Қазақстанмен дипломатиялық қатынас орнатты. Бұл Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының арасында 1992 жылы 22 қыркүйекте қарым-қатынастардың негізі жөніндегі басты келісім-шарттың қабылдануына, екіжақты қатынастардың құқықтық-нормативтік базасының қалыптасуына, халықаралық аренада үкіметаралық қатынастар мен  өзара ынтымақтастықтың жедел түрде ретке келтірілуіне ықпал етті. Й.Розенберг өзара қарым-қатынас  пен жоғары білім беру саласында потенциалдың тереңдеуіне көп көңіл бөлді. Германия Европалық мемлекеттердің ішіндегі сапалы жоғары білім беруді тегін ұсынатын санаулы мемлекеттердің бірі. Қазақстан үшін жыл сайын әр түрлі мамандықтар бойынша көптеген шәкіртақылар бөлінеді. Олардың ішіндегі алғашқы  ұйымдардың бірі ол - Академиялық студенттер алмасудың Германдық қызметі (DAAD). Бас консулдықтың қызметкерлері Й.Розенберг пен экономика мен мәдениет мәселелері бойынша атташе В. Гончароф  Германдық зерттеу орталығының бес жылдығымен құттықтап, студенттерге Германия жайлы кітаптар сыйлады.

Техникалық серіктестік жөніндегі Неміс қоғамдастығының меңгерушісі (GIZ) Райнер Гёртц дөңгелек үстелдің қатысушыларын Қазақстан үкіметімен құқықтық реформа саласында, ”Жасыл Экономика” және дуальді білім беру саясаты аясында жобалық серіктестіктің қорытындылары жайында сөз етті. «Тұран» университетінің ректоры және ЖОО Ассоциасының президенті  Рахман Алшанов қазақстан-германдық сауда-экономикалық серіктестік мәселелеріне және Германияның экономиканың модернизациясына қосқан үлесіне тоқталды. Ол өзінің университетінде дуальді білім беру бойынша GIZ жеке жобалық салалары іске асып жатқандығы жөнінде хабарлады.

Қазақстандағы Конрад Аденауэр Қоры Өкілдігінің директоры Томас Хельм қазақстан-германдық қатынастардың маңызы жөнінде айта отырып, аталмыш қордың мемлекет тарапынан болашақта сұранысқа ие болатын студенттерге шәкіртақы бөлетіндігін хабарлады. Қазақстан-неміс университетінің президенті (ҚНУ) Маркус Кайзер жоғары білім беру саласына, оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қазақ-герман  серіктестігі мәселесіне тоқталды. Ал ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы су ресурстары басқармасы  жобасының жетекшісі  Барбара Януш-Павлетта ғылыми қоғамдастықтың аймақтағы су мәселесін шешу жолдары және  Орталық Азия мен Қазастандағы су секторы потенциалын жасауда Берлин Үдерісінің рөлін нақты мысалдар негізінде көрсетті.

Алматы қаласындағы Гете атындағы институттың директоры Барбара фон Мюнхаузен мен неміс тілді мемлекеттерге студенттерді тартудың жаңа формасын ұсынған  DAAD  ақпараттық орталығының меңгерушісі Бартоломеус Минковски неміс тілінің  және неміс тілді мемлекеттердің әлемдегі рөлі жөнінде, сонымен қатар, неміс мәдениеті мен салт-дәстүрінің ықпалы жайлы айтып өтті. ҚР Президенті жаныдағы Алматы қаласындағы КИСИ өкілдігінің меңгерушісі Мадина Нұрғалиева, Фридрих Эберт атындағы қор кеңсесінің меңгерушісі Толғанай Үмбеталиева, Орталық Азиялық стратегиялық зерттеу орталығы институтының директоры Анна Гусарова Қазақстанның аналиткалық ұйымдары мен неміс қорларымен жобалық серіктестік мәселелеріне тоқталды.

ГЗО директоры профессор М.Губайдуллина және Халықаралық қатынастар факультетінің 4-курс студенті, DAAD бағдарламасының стипендиаты Шырынгүл Каримова университеттің Болон үдерісіндегі жеткен жетістігіне тоқталып, неміс мекемелері мен ғалымдары арасындағы серіктестік барысындағы ғылым және білім жобалары мен зерттеулері жайлы әңгімеледі. 

Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының меңгерушісі Е.Чукубаев Германдық зерттеу орталығы Германиямен көпжақты байланыстың көпірі екендігін зор қуанышпен жеткізді. Дөңгелек үстел қатысушылары еуропалық дәстүрдің қазақ қоғамының модернизациясына, экономикасына және білім беру саласына  әсер ететінін атап өтіп, ҚазҰУ-дағы Германдық зерттеу орталығы сияқты тәжірибе алмасу аймақтарын қолдауға дайын екендігін жеткізіп, өз тілектерін білдірді.

 

 

Германдық зерттеу орталығы