28 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде IX Бағызбаева оқулары өтті. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға шет елдің және еліміздің әр өңіріндегі ЖОО мен ғылыми институттарының белгілі ғалымдары қатысты.
Мая Михайловна Бағызбаеваның ғылымға қосқан үлесі өте зор. Әдебиеттің бастауы болған фольклорды, Жетісу жерінің ауыз әдебиетін зерттеуге он жылдан аса уақытын арнаған. Университет қызметкерлері, оқытушылар мен студенттерден ғылыми-зерттеу шығармашылық клубын құрып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде қаражатын да, қажыр-қайратын да аямаған.
Сонау қилы заманда ата-ананың қамқорынсыз қалған қайсар қазақ қызы басындағы ауыр қасіретті арқалай жүріп, ғылым-білімге деген құштарлығын жоғалтқан емес. Әкесін «халық жауы» деп жалмап, анасын «халық жауының әйелі» деп қамауға алған шақта Мая Мұхамедқызы небәрі 5 жаста ғана екен. Өзінің өжеттілігінің, еңбекқорлығының арқасында қаршадай ғана қаракөз қыз Ресей жерінде білім алып, еш қорықпастан дипломдық жұмысын Жамбыл шығармашылығынан қорғайды. Оқуын бітіре сала Мая Михайловна елге келіп еңбек етуді бастайды. Жары Өмірбек Арсланұлы Жолдасбеков екеуіне мекен болған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығармашылығына шабыт беріп, ғылымға деген талпынысын шыңдай түскендей. Профессор Мая Михайловна қоғамдық шараларға да, айналасын рухани тұрғыда нұрландыруға косқан үлесі университетпен шектелген жоқ. Республика көлеміндегі жиындарға қоғамдық маңызы бар ұтқыр ойлары айтылған баяндамаларымен көпшілік назарына ілігіп, Қазақстан әйелдер қауымдастығына мүше болған. Кейіннен Қазақ ұлттық университеті әйелдерінің қауымдастығын құрып, өзі басшылық еткен. Бүгінгі күнде қауымдастық жұмысын анасының көзіндей көріп Баян Өмірбекқызы жалғастыруда.
Орыс және әлем әдебиеті кафедрасы