Айналаңды нұрландыр!

3 мамыр, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым мен білімде ғана емес, рухани ізгіліктің де көшін бастап келеді. Оқу орнындағы әлеуметтік-инновациялық жобалардың бірі де бірегейі – ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлының идеясымен бастау алған, адамгершілікке үндейтін «Айналаңды нұрландыр!» жобасы. Алтыншы жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан ауқымды жобаның биылғы қорытынды кеші жуырда салтанатты түрде аталып өтті.

Шараны ашқан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Бізді біріктіріп тұрған білім ғана емес, адами құндылықтар. Елбасы айтқандай, өмір сүру үшін өзгере білу керек. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Біз сіздермен жұмыла отырып, қоғамды дамытуға, жаңғыртуға атсалысуға тиіспіз», – деп атап өтті.

Университетте кеңінен талқыланып жатқан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қолдау әрі жүзеге асыруда «Айналаңды нұрландыр» жобасының атқаратын рөлі зор. Бұл – еліміздің дамуы бойынша алға қойған стратегиялық мақсаттарды шешуге бағытталған ірі жоба. Ол қоғамды дамытушы ғана емес, жанымызды тазартып, айналаны нұрландыратын бірден-бір бағдарлама. Сондықтан кеште Елбасы мақаласындағы негізгі міндеттер жүйеленіп, баяндамалар жасалды. Алдымен тарих, археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева ұлттық кодты сақтаудың жай-жапсарына тоқталып, жоба турасында жүрекжарды жылы лебізін жеткізді. Ол: «Ректор бастамасымен қолға алынған бұл жоба университеттік қауымдастықтың әрбіреуінің жүрегінен жол тапты. Оқу орнының қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттеріміз «Айналаңды нұрландырдан» алған жан жылуын өзімен бірге алып кетсе, жыл сайын біздің қатарымызға қосылып жатқан студенттер оны бойларына сіңіруде», – деді. Меңдігүл Сағатқызы ізгілікке негізделген идеяның жуырда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласымен үндесіп жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл университет ұжымының заман ағымымен келе жатқандығының бірден-бір көрінісі. Сөз соңында факультет басшысы студенттерді Елбасының «Туған жерге туың тік!» идеясын жүзеге асыруға және алдыңғы қатарлы идеяларды таратуға шақырды. Өз кезегінде сөз алған студенттік клубтар мен үйірме қатысушылары рухани жаңғыру бойынша ұлағатты ұран тастады.

Үш тілде білім беру – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы. Осы ойды ортаға тастаған филология және әлем тілдері факультетінің кафедра меңгерушісі Айжан Молдағалиева Қазақстан бәсекеге қабілетті болуы үшін жастар рухани бай, білімді, жан-жақты болуы керектігін алға тартты. Ал факультет студенттерінің ағылшын тіліндегі мейірімділік пен жақсылық жайлы ой-толғаулары ұстаз сөзін бекіте түскендей.

 «Айналаңды нұрландыр» жобасы ­­­­­­– өзіңді өзгертіп, қоғамға өз үлесіңді қосуға теңдессіз мүмкіндік. Біз ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтіп, ең жақсысын алуымыз қажет», – деді өз сөзінде философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова. Ол жоба аясында факультеттің түрлі іс-шаралар мен жобаларға бастамашы болып жүргендігін айтты. Факультет студенті Галина Дураченко болса, еркін бәсекеге дайын болу қажеттілігін, ұлттық мінезді жетілдіру үшін прагматизмге бағытталу жайын қозғады. Белсенді студент: «Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған басты қазына, еліміздің басты байлығы, Абай, Мұхтар, Шәкәрім аталарымыз сөйлеген тілді сақтау­ – міндетіміз», – деп пікір білдіріп, жастарға үлкен жауапкершілік артты.

Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенті Еркін Назарбай «Айналаңды нұрландыр!» жобасы аясында жастарға жасыл энергияға ұмтылу, үнемшілдік таныту туралы ұсынысын жеткізді. Ол жүрекжарды ниетін жеткізе отырып, «ҚазҰУ – біз үшін киелі білім ордасы қасиетті қара шаңырағымыз. Үйімізді қалай аялайтын болсақ, университетімізді де соншалықты аялауымыз керек. Ол – біздің міндетіміз», – деді.

Мерекелік кеште «Рухани» тобы жобаның ұранына айналған «Айналаңды нұрландыр» және «Жан жылуы» әндерін орындады. Шараға арнайы келген, аталмыш әндердің композиторы Владимир Питерцев топтың Ғалым Мұтановтың идеясы негізінде құрылғандығын атап өтті. Ғалым Мұтанов топ репертуарындағы арман-тілек, жігер мен жалынға толы өлең шумақтарының авторы болып табылады.

Сондай-ақ шарада «Айналаңды нұрландыр» тақырыбындағы эссе байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаз студенттер марапатқа ие болды. Тәлім мен тәрбиені ардақ тұтып, мейірім мен шапағатқа бөлеген рухани кеште әсерлі әңгімелер ғана айтылып қоймай, әдемі әндер де шырқалды. Ғалым Мұтановтың сөзіне, Владимир Питерцевтің әніне жазылған «Көңіл құсы» әні әсем кешті әрлендіре түсті.

Әуезді мерекенің соңғы сөзін ҚазҰУ ректоры түйіндеп, жақсылық жасауға, рухани жаңғыруға шақырды. Ректор айналаны нұрландыру жақсы көруден басталатынын кезекті рет еске салды. «Кез келген жан өмірге қандай із қалдырамын деген ойды берік ұстануы керек. Көреалмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық жақсы қасиеттер емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойына қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет, алған ілім-білімді жақсы іске жұмсау, тәрбиеге ден қою арқылы елді, ұлтты дамытамыз. Міне, «Айналаңды нұрландыр!» жобасының негізгі діттегені де осы», – деп тұжырымдады Ғалым Мұтанов. Университет басшысы өмірдің мәні, бақыт жайында жүректен шыққан жыр жолдарын оқып, еркін форматта студенттердің көкейінде жүрген сан түрлі сауалдарға жауап берді.

Баспасөз қызметі