ҚазҰУ-да жетінші рет Түлектер күні аталып өтті

27 мамыр, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қашан да Қазақстан элитасының ошағы. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев атап көрсеткендей, ҚазҰУ – «жаңа Қазақстанның білімі мен ғылымының көшбасшысы».  80 жылдан астам тарихында оқу ордасы қоғамның барлық саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан түлектердің сан мыңдаған армиясын дайындап шығарды. Университет жұмысының айқын көрсеткіші табысты түлектері деп санайтын ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанұлының бастамасымен ҚазҰУ-да биыл жетінші рет Түлектер күні аталып өтті.

Көпжылдық ғұмырында мәртебелі түлектерімен мерейі үстем болған ұлттық университетте мамырдың соңғы сенбісінде Түлектер күнін дүркірете тойлау игі дәстүрге айналды. Бұл күн – ұрпақ сабақтастығының, олардың бірлесуінің және түлектер бауырластығының озық дәстүрлері жалғастығының символы.

Бұл жылғы мерекенің ерекшелігі – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған әр жылдардағы түлектер алғаш рет «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының алдына жиналды. Білім ошағының үздік түлектерінің тікелей демеушілігімен бой көтерген сәулет кешені – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын бейнелеп тұратын ҚазҰУ қалашығы жаңа архитектуралық кешенінің негізі бөлігі. Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов студенттер мен түлектер қақпасын «бұл – жастарды білімге жетелер алтын қақпа» деп атаса, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «университет жетістіктерінің символикасы» деп бағалаған болатын. 

Туған университетке сағынышын арқалай келген түлектер салтанат қапасынан кейін қалыптасқан дәсүр бойынша Шығыстың ұлы ойшылы Әбу-Насыр әл-Фараби ескерткішіне тағзым етіп, академик Ө.А. Жолдасбеков монументіне гүл шоқтарын қойды.

Еліміздегі айтулы оқиға – ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесі қарсаңында университетте ашылған қалалық «Шағын ЭКСПО» болып табылатын «жасыл технологиялар» орталығын аралау барысында түлектер таңданыстарын жасырмады. Олардың айтуынша, орталықта гидро және биогаз энергетикасы, геотермалдық, күн, жел сияқты қуат алудың инновациялық технологияларын қолдану арқылы «жасыл энергетика» жобалары жүзеге асырылып, ғылымды қажетсінетін инжиниринг негізінде мамандар даярлануы – нағыз заман сұранысы.

Қазіргі таңда ҚазҰУ кампусы аумағында экологиялық тұрақты әрі қолайлы «жасыл» орта қалыптастырылуда. Суы тазаланатын арнайы құрылғылармен жабдықталған «Кереңқұлақ» өзенінің сағасын ретке келтіру жұмыстары аяқталуға шақ. Өзен суы қолдан жасалған «Аквапоника» экожүйесінде қолданылатын болады. Бұл студенттер, университет қалашығының қонақтары мен Алматы қаласы тұрғындары демалатын бірегей орын ғана емес, білімгерлерге бағалы әрі әдемі балықтар мен өсімдіктерді өсіріп, оларға күтім жасауды үйрететін тәжірибелік база болмақ.

Университет өміріндегі тың жаңалықтармен танысқан соң түлектер қауымы жүректегі тебіреніспен Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайындағы салтанатты шараға бет алды. Жиынды ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ашты.  Ол: «Түлектер күнін тойлау идеясы – Елбасы рухани жаңғыруға байланысты мақаласында айтқан «Туған жер» бағдарламасымен үндес. Мемлекет басшысы атап өткендей, патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сен оқыған, өміріңнің ең қызықты студенттік кезеңін бастан кешкен, өмірлік ісіңнің іргетасы болып табылатын біліміңді алған туған университетіңе деген ерекше қарым-қатынас – бұл да жалпыұлттық патриотизмнің маңызды қыры», – дей келе, түлектерге ерекше ризашылығын жеткізді. Ректор құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, үздік студенттерге шәкіртақы тағайындау, оқу орны дамуына демеулік қолдау көрсету арқылы университетке белсенді көмек беріп келе жатқан барша түлектерге алғыс білдірді.  Түлектер қауымдастығымен бірге жоғары білікті маман даярлау, ғылымды қажетсінетін өнімдер шығару, еліміз үшін нағыз патриоттар мен азаматтарды тәрбиелеу бойынша заманауи жобалар жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.

Білім беру жүйесіндегі алғашқы ҚазҰУ дамуының эндаумент-қорын құрған Түлектер қауымдастығы оқу орнының дамуы, жас буын өкілдерінің заман талаптарына сай сапалы білім алуы үшін белсенді көмек көрсетіп келеді. Бұл туралы университеттің 1981 жылғы түлегі, ҚР Жоғары Сотының төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Мами арнайы құттықтау хатында айтып өтті. «Мақсат – халықаралық білім, ғылым мен мәдениет орталығы ретінде ҚазҰУ-ды дамытуға көмектесу, оның халықаралық білім беру кеңістігіндегі рөлін, мәртебесі мен рейтингісін арттыру», – делінген хатта. 

Университеттің әр жылғы толқын түлектері – еліміздің көшбасшы азаматтары, қоғам қайраткерлері, белді тұлғаларының  университетке шынайы ықыластарын білдіріп, көмек көрсетуі – сөзіміздің айқын дәлелі. Мәселен, география жене  табиғатты пайдалану факультетінің түлектері – «Геостройизыскания» ЖШС бас директоры Денис Кузнецов пен осы мекеменің техникалық директоры Дмитрий Бедюров құны 99 млн теңге болатын 60 орынға шақталған оқу бағдарламасымен өз факультеттерін тегін  қамтамасыз етті. «БиоКлин» ЖШС директоры Рамза Бержанова мен «Витас» ЖШС директоры Ахат Ахметов биология және биотехнология факультетіндегі аккредиттелген зертханаға құрал-жабдық сатып алу үшін 2 млн теңге көлемінде және «Ақтас асфальт зауыты» ЖШС басшысы Шыңғыс Рахманқұлов та эндаумент-қорға осы көлемдегі қаржы сертификатын табыстады. Математика факультетінің түлектері – Ақпарат және есептеу технологиялары институтының директоры Мақсат Қалимолдаев пен «Orsu Metals Corp» британдық ашық компания директоры Тахиржан Баратов та университетке қолдау көрсетті. 

Түлектердің альма-матерді қолдауы – әлемнің үздік жоғары оқу орындарында кең таралған үрдіс. Бұл көрсеткіш Гарвард, Йель, Оксфорд, Стэнфорд секілді университеттерге әлемдік рейтингтегі аса жоғары позицияны қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ Түлектер күні игілікті іс жалғасын тауып, меценаттар 15 факультеттің ең озық студенттеріне шәкіртақы табыстады. Сондай үздік түлектердің бірі – меценат, «Таң медиа групп» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Арманжан Байтасов шарада сөйлеген сөзінде жүрек толқынысын жеткізді: «Мен бүгін толқып тұрмын. Осыдан 25 жыл бұрын осы саханада өзім де тұрған болатынмын. Сол бір қимас сезім бойымды қайта билегендей. ҚазҰУ халықаралық деңгейде мойындалған белді университеттер қатарында. Туған университет дамуына үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе», – деді ол. Жастардың арман-мақсаттарының жүзеге асуына мүмкіндік жасаған ҚазҰУ қызметін ерекше бағалаған ол бітірушілерге сәт-сапар тілеп, жеке куәлік табыстады.

Жиын барысында 1969 жылғы тарих факультетінің түлегі, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры Амангелді Құсайынұлы болашақ студент жастарға: «Сіздерді алда жаңа жетістіктер мен биік белестер, қиындығы мен табысқа толы ұзақ та қызықты болашақ күтіп тұр. Себебі, сіздер өмірлік қажеттілікке сай білімді әлемдегі беделді оқу орындарының бірі ҚазҰУ қабырғасында алудасыздар. Енді тек өз күш-қайраттарыңызға сенім артып, кез келген асуды бағындыруға тиіссіздер», – деп үндеу тастады.

Кешегі аға буынның ізбасары, журналистика факультетінің биылғы жылғы бітіруші түлегі Мади Ахметов: «ҚазҰУ түлектерінің өресі биік, білімі терең. Себебі, олардың ортасын қалыптастырған, алысқа қол созуына жол ашқан – ҚазҰУ. Біздің жетіліп, қалыптасуымызда білім ордасының қосқан үлесі өлшеусіз. Мен ҚазҰУ-да білім алғаныма мақтанамын!» – деді сөйлеген сөзінде.

Өз кезегінде ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен ҚазҰУ дамуына қосқан айрықша үлесі үшін бірқатар түлектерге  «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» меретойлық медалі табысталып, Түлектер қауымдастығының әзірлеуімен және демеушілігімен жарық көрген «Біздің элита. Наша элита» атты екі томдық кітап сыйға тартылды. Қ.Мами хатында айтқандай, аталмыш кітап арқылы студент жастар ҚазҰУ-дың 450 көрнекті педагогы мен түлектерінің өмірбаяндық деректерінен мол мағлұмат, өнеге алатын болады.

Кеш барысында ұсынылған альма-матер жайлы фильм ҚазҰУ студенттері мен түлектерінің бойындағы мақтаныш сезімін үдете түскені байқалып тұрды. Студенттік көркемөнерпаздар ұжымының гала-концерті мерекені жандандыра түсті. Бұл күні бас қосқан курстастар, әр жылдардағы түлектер бірін-бірі көріп, тілдесіп қана қоймай, қайта оралмас студенттік жылдардың естеліктерін еске алудың тамаша мүмкіндігіне ие болды. Түлектердің жылы жүздесуі сағымға айналған сол бір жылдардың сағынышын басқандай. Жиырма, отыз, қырық, тіпті елу жылдықтарына жиылған түлектер өз факультеттерін аралап, оқытушылармен және студенттермен кездесті. 

Ұмытылмас әсер сыйлаған ерекше күн Түлектер балына ұласып, бітірушілер жадында мәңгі қалды. Университет студенттерінен құралған дебютанттар полонез биін билеп, артынан Вена вальсімен көпшілікті тамсандырды. Ректор Ғалым Мұтановтың кештегі: «Бүгін сіздер шын мәнінде үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрсыздар. Біз сіздерге тек сапалы білім беріп қана қоймай, сонымен қатар әрқайсыңыздың бойыңызға азаматтық қасиеттерді сіңіре білдік деп ойлаймыз. Бұл қоштасу кеші. Алайда біз сіздермен қоштаспаймыз. Сіздер үшін ҚазҰУ есігі әрдайым ашық!» – деген сөзі бітірушілерге қанат бітіріп, қуаттандыра түсті.

                                                                                                                                                      Баспасөз қызметі