Жас ғалымдардың біліктілігін арттыру курсы

4 шілде, 2017

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ядролық физика институты және Жапония атом энергиясы агенттігінің бірлескен ынтымақтастығы негізінде жыл сайынғы атом өнеркәсіп саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру курсының кезекті жиыны химия және химиялық технология факультетінде өтті.

Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.М. Бүркітбаев осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған курс жас ғалымдардың атом энергиясы, ядролық физика, радиохимия т.б. салаларды жетік меңгеруге мүмкіндік береді және де осы салада зерттеулермен айналысатын жас ғалымдардың көбейуі де бізді қуантады деп атап өтті.

Бүгінде Жапония әлемдік нарықта атомды пайдалану жөнінен озық елдер қатарындағы мемлекет. Сонымен қатар Жапония Атом энергиясы агенттігі (JAEA) ғылым, энергетика және инновациялық технологиялар мәселелері бойынша сұрақтармен айналысатын көшбасшы ұйым болып саналса, Қазақстан уран өндіру және экспорттау бойынша алдыңғы орында. Бұл минеральды шикізатпен жұмыс істеу барысында мамандардың арнайы білімі болу қажет. Сондықтан да ҚазҰУ соңғы он жыл ішінде көптеген елдермен қарқынды халықаралық байланыс орнатып, ғылым мен техника салаларына баса назар аударып, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін үйренуді өзіне мақсат етіп қойды. Осы орайда Жапония атом энергиясы агенттігінің өкілдері мен бір топ жас ғалымдар қоршаған ортаның радиоактивтілігін мониторингілеу, ядролық және радиологиялық аварияларға дайын болу, реакторлық технология, АЭС қауіпсіздігі, атом энергетикасында әкімшілік ету, мектеп жүйесіндегі радиация тақырыптарын талқылап, баяндамалар жасады. Курстың негізгі міндеттері Азия мемлекеттерінде ядролық энергетика саласында адами ресурстардың дамуына үлес қосу, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, білімі мен тәжірибесін қолдану, қатысушы елдер арасында адам ресурстары желісін құру және сақтау болып табылады. Бейбіт атомды пайдалану бойынша екі ел де ядролық сынақтан (Жапония-Хиросима мен Нагасаки, ал Қазақстан – Семей ядролық полигоны) зардап шеккен елдер ретінде Жапония Қазақстанды атом энергиясын қауіпсіз кәдеге жаратып, осы салада мамандардың біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуда жалғыз сенімді серіктес болып қала береді.

Баспасөз қызметі