ҚазҰУ-ға Ресейлік оқу орындар қызығушылық танытты

13 шілде, 2017

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары – Томск политехникалық универси­теті, Мәскеу физика-техникалық институты мен Мәскеу политех­никалық университетінің делега­циясы арнайы іссапармен келді. 

Делегация мүшелері QS халықаралық рейтинг агенттігі сарапшыларының кеңесі бойынша бүгінде әлемдегі 250 үздік ЖОО-ның қатарына кіруі жоғары білім мен ғылым саласындағы серпінді дамуының жарқын көрінісі ретінде бағаланатын ҚазҰУ-дың озық тәжірибесімен танысты.

Ресейлік ғалымдар университетте ашылған Samsung, Hewlett-Packard, Cіsco, Konіka Mіnolta, Fujіtsu секілді әлемдегі жетекші компаниялардың ғылыми-білім беру зертханаларымен, технологиялық паркпен, Жасыл технологиялар орталы­ғымен, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығымен, Жағдаяттық басқару орталығының жұмысымен танысып, үлкен ризашылықтарын білдірді.

–ТМД кеңістігінде қарқынды дамушы университет болып табылатын ҚазҰУ-іне келу біз үшін үлкен мәртебе. ҚазҰУ – әлем­дік деңгейдегі университет. Алдыңғы қатарлы әлемдік деңгейдегі жаңа зерт­темелерді, материалдық-техникалық, ғы­лыми инфрақұрылымның үдемелі дамып жатқандығын көріп, өсу нүктесін таба біл­гендіктеріңізге таңқалдым. Сіздерден үй­реніп, ынтымақтастық орнатуға әзірміз, – деді Томск политехникалық универси­тетінің ректоры Петр Чубик. Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов жоғары оқу орындарының ынтымақтастық негізінде халықаралық әріптестікті кеңейту ҚазҰУ қызметінің стратегиялық бағыт­тары­ның бірі болып табылатындығын атап өтті. «Ресейлік жетекші жоғары оқу орын­дарымен нақты келісімдерге қол жеткізу Қазақстан мен Ресейдегі адам ресурстары­на қатысты мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді», – деді академик Ғалым Мұтанов. Мәселен, ресейлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың үлгісі ретінде осы жылы алғашқы түлектерін шығарған ҚазҰУ мен ТПУ  арасындағы қос дипломды магистрлік бағдарламаның жүзеге асырылуы үлкен жаңалықтың бірі.

Сондай-ақ, екі университеттің мол тәжірибесін ескере отырып, тараптар ғылыми саладағы ынтымақтастықтың қарқынын жетілдіріп, ядролық медицина, дене шынықтыру медицинасы, ғарыштық материалтану технологиясы бағдарла­малары бойынша, магистрлік бағыттың ауқымын кеңейтуге келісіп, ҚазҰУ мен ТПУ бериллий шикізатын өңдеу бойынша ойлап тапқан технологияларды сынақтан өткізіп, енгізу жөнінде келісім орнатты.

Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Мәскеу физика-техникалық институты (МФТИ) арасында физика-техникалық және математика бағытында қосдипломдық магистрлік бағдарлама бойынша бірлесіп, мамандар дайындау жобасы бастау алады. Сондай-ақ, ҚазҰУ мен МФТИ Тянь-Шань биік таулы ғылыми бекеті үшін мамандар даярлауды жоспарлап отыр. Мәскеу политехникалық университетімен «Жар­нама және қоғаммен байланыс», «Журна­листика», «Баспа ісі», «Дизайн» бағыты бойынша қосдипломдық бағдарламаны жүзеге асыру туралы да келісімге келіп отыр.