Теле-радио кешенінің келешегі зор
IV Халықаралық Фараби оқулары аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Студенттік телевизия мен радионың даму келешегі» атты конференция өтті. Жиын ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде негізі қаланған Теле-радио кешенге 45 жыл толу құрметіне арналды.
Ерекше форматта ұйымдастырылған бұл басқосуға ҚазҰУ-дағы журналистік бағыттың өрнегін өзінше өрбітіп келе жатқан ұстаздар қауымы мен факультет студенттері белсене атсалысты. Конференция жұмысы өзгеше TEDx стилінде өтіп, ән-күй орындалып, арнайы «TEDxTRCKazNU: Студенттік телевизия мен радионың даму келешегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, университеттік теле-радио кешенінің дамуына өз үлесін қосып жүрген студенттерді марапаттау рәсіміне ұласты. Алғашқы болып сөз алған ҚазҰУ Имидждік саясат және қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры Дәурен Дүйсебаев телевизия мен радиоға байланысты ой-пікірін білдіріп, ректор атынан 4 алғыс хат пен 8 адамға жеке куәлік (бейдж) табыстады. Ол өз сөзінде «Біздің Теле-радио кешеннің келешегі зор деп білемін. Осы тұрғыда университет басшылығы тарапынан теле-радио кешен қызметіне үлкен мән берілуде. Жыл сайын мұнда ағарту жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондай-ақ ұлттық теларналардың сұранысына сай кәсіби студия жобасы әзірленуде» деп атап өтті.
Теле-радио кешеннің қызметін одан әрі дамытуға ұйытқы болып жүрген филология ғылымдарының кандидаты, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы журналистің негізгі қасиеттеріне тоқталып, факультет түлектерінің тележурналистика кеңістігінде ерен еңбек етіп жүргенін тілге тиек етті. С.Медеубекұлы «ҚазҰУ-дың қасиетті қабырғасында білім алған әр азаматтың бойында азаматтық-патриоттық рух, отаншылдық, сүйіспеншілік болады. Олар қара басының емес, ұлттың қамы үшін жұмыс істеуге қалыптасады» деп ҚазҰУ түлектері жайлы ойын ерекше тебіреніспен жеткізіп, университет басшылығы атынан 10 адамға арнайы диплом мен жеке куәліктер тапсырды. Сонымен қатар журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі, профессор Назгүл Шыңғысова да ортаға шығып, қоғамдық байланысты арттырудағы телевизия мен радионың рөлі жайлы өз ойын айтып, 10 адамға жеке куәлік беріп, арнайы 2 дипломмен (бейдж) марапаттады. Одан кейін журналистика факультетінің 4-курс студенті, «АЕН» медиа орталығының директоры Еңлік Әбдіқадыр телестудияда жинаған тәжірибесі жайлы сөз етіп, жүрекжарды лебізін білдірді. Университет басшылығы атынан 10 адамға жеке куәлік беріп, 5 студентті арнайы дипломмен марапаттады. Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Жетпісбай Бекболатұлы да шараның маңызына тоқталып, 4 диплом табыс етіп, 10 адамға жеке куәлік тапсырды.