ҚазҰУ - БҰҰ: сенімді серіктес

14 шілде, 2017

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен БҰҰ Өркениеттер альянсі (UNAOC) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар ЮНЕСКО қолдауымен 2020 жылды әл-Фараби жылы қылу идеясын және ұлы философтың 1150 жылдық мерейтойына орай халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізу бастамасын көтерді.

Бұл ақпарат жайлы БҰҰ Өрке­ниет­тер альянсінің жоғары өкілі Насир Абдулазиз әл-Насер ҚазҰУ-ға сапары барысында баяндады. Оқу орнының ректоры Ғалым Мұтанов Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фара­би­дің ізгілікті қоғам туралы идеясының негізінде қаланған «Ізгілікті қоғам азаматтарын қалыптастыру» жобасы ынтымақ­тастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылатынын атап өтті. Жобаның мақсаты – өскелең ұрпаққа бейбітшілік, жақсылық және әділеттік идеяларын жеткізу.
«Тәрбиесіз берілген білім – адам­заттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі» деген әл-Фара­би сөзі бүгінде аса өзекті» деп ой тар­қат­қан ректор: «Егер жоғары оқу орын­­дарының түлектері кәсіби құзы­реттілікпен қоса жоғары адам­гер­­шілік құндылықтарға ие болса, онда әлем жақсырақ әрі қауіпсіз, әл-Фараби айтқандай, ізгі болады», – деп сенім білдірді. Қол қою рәсімінде Насир Абду­ла­зиз әл-Насер: «UNAOC сіздердің уни­верситеттеріңіз тәрізді оқу орын­дарының мәдениеттер диалогында өмірлік маңызды рөл атқаратынын мойындайды, біз бұл күрделі әрі бүкіл әлемге қажетті жұмысты жоғары бағалаймыз» деп атап өтті. Өз сөзін­­де ол «Ұлы ойшыл және үздік фило­соф Әбу Насыр әл-Фарабидің құрметіне аталған жалғыз оқу орны болып саналатын университет «Ака­демиялық ықпал» бағдарла­масын жүзеге асыруда БҰҰ-ның сенімді серіктесі және әлемдік ака­демиялық бірлестікті өз қызметіне белсенді түрде тартуда» деді. Насир Абдулазиз әл-Насер уни­вер­ситет оқытушылары және сту­денттерімен, шетелдік дипло­ма­тиялық корпус, ғылыми қоғам өкіл­дерімен өткен кездесуінде жаһандық БҰҰ Өркениеттер альянсінің бел­сенді мүшесі ретінде Қазақ­стан­ның рөлі ерекше екенін атап өтті.
– Қазақстан әлемдегі тұрақты дамуға қол жеткізу үшін зор үлес қосуда, сіздердің Көшбасшыларыңыз Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпаққа үлкен қолдау көрсетуде, – деді UNAOC-тің жоғары өкілі. – Қа­зақстан жастарының білім алуы және ғылыммен айналысуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Біз олардың Альянс жобаларына қатысу ниеттерін қолдайтын боламыз. Насир Абдулазиз әл-Насер Қазақ­станның әлемдік қоғамдас­тық­тың қолдауына ие болған ядролық қаруды таратпау және аймақтық қауіпсіздікті сақтау жөніндегі бейбіт бастамаларын және Сириядағы жағдайды реттеуге қосқан мемлекеттің үлесін айрықша атап өтті.
Мәртебелі мейман университет қа­­лашығымен және мұндағы әл-Фа­раби мұражайымен танысып, «Ке­ре­мет» студенттерге қызмет көр­се­ту орта­лы­ғын­да жастармен пікір ал­­масты. ҚазҰУ жасыл технологиялар орта­лы­ғын аралаған БҰҰ Өркениеттер алья­н­сі­нің басшысына ғалымдар мен сту­дент­тердің Астанада Бүкіләлемдік көр­меде қойылатын энергия үнемдеу саласындағы жобалары көрсетілді. Әлемдік деңгейдегі айтулы оқиғаның құрметіне ол «ЭКСПО – 2017» уни­вер­­­­ситеттік аллеясына ағаш отыр­ғызды.