Білімнің алтын қақпасы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – заманауи білім, озық идеялар мен технологияларға негізделген ірі инновациялық, ғылыми білім беру орталығы. Ел Президенті Жолдауында қойылған әлемнің үздік ЖОО рейтінгісіне ену, инновациялық қызметті жүзеге асыру және ғылыми зерттеу нәтижесін өндіріске енгізу міндеттері университет үшін басты бағыт болып табылады.
Университет халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламасына толықтай көшкен және 15 факультетте бакалавр, магистратура, докторантурада мамандар даярлауда. Университеттің білім беру бағдарламалары ACQUIN (аккредиттеу, сертификаттау және сапа кепілдігі бойынша мекеме) және ASIIN (нақты ғылым саласы бойынша білім беру бағдарламаларын аккредиттеу) агенттіктерінің халықаралық аккредитациясын иеленген.
Университетте бірегей интеллектуалды потенциал, Қазақстан ғылымының элитасы шоғырланған: 2 мыңнан астам жоғары дәрежелі оқытушы еңбек етуде. 2011 жылы ЖОО жүйелі құрылымдық жетілдірілуден өтті. Факультеттер кластерлік негіздегі сипатқа бағыт алды, кафедралар іріленді, ғылым, инновация мен білімнің дамуына жағдай жасалуда, материалдық және ғылыми-лабораториялық база нығайтылуда. Басқарудың нәтижеге бағытталған озық әдісі, ағылшын тілінде оқыту, оқудың барлық сатысы – бакалавр, магистратура және PhD докторантура бойынша жаңа білім беру бағдарламалары енгізілген.
Бүгінде университет ел Президенті қойған ЖОО-топ әлемдік рейтінгісіне ену жолында белсенді жұмыс істеуде. Университет Халықаралық QS әлем университеттері рейтингінде өз нәтижесін жақсартып, 236-орынға көтерілді. ҚазҰУ қазақстандық ЖОО-лар ішінде алғашқы болып әлемдік 250-топ университеттер қатарына енді.
ҚазҰУ үшін Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесу игі дәстүрге айналды. Олар студенттер мен оқытушылар арасында ғылымды дәріптеуге, сондай-ақ университеттің халықаралық байланысын нығайтуға бағытталған.
ҚазҰУ – Қазақстан ЖОО-лары арасында БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған тұңғыш әрі жалғыз университет.
ҚазҰУ әлемнің ең ірі 400-ден астам университеттерімен әріптестік орнатқан. Университетте жыл сайын 150-ден астам шетелдік танымал ғалымдар дәріс оқиды, ғылыми тәжірибесімен бөлісіп, кеңес береді.
Оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығы, қосдипломды білім беру белсенді дамып, ортақ жобалар іске асуда.
Біздің университетімізге ғылым саласындағы Еуропалық одақтың жоғары дәрежелі сарапшылары тарапынан берілген жоғары баға үлкен жетістік болып табылады. Халықаралық сараптама нәтижесі бойынша, ҚазҰУ Қазақстан ЖОО-лары арасында ғылыми-технологиялық және инновациялық мүмкіншілік жағынан талассыз көшбасшы болып табылады. Біз халықаралық рейтингтік ғылыми журналдардағы жарияланым саны бойынша да өзге ЖОО-лардан көш ілгерідеміз.
Шығармашылық және жасампаз еңбекке қабілетті тұлға, азамат және патриот қалыптастыру мәселелерін шешу – жастарды тәрбиелеудің маңызды қыры. Университетте Оқытушылар мен қызметкерлердің корпоративті мәдениет кодексі, ҚазҰУ студентінің ар-намыс кодексі, ҚазҰУ оқытушысы мен студенті ережелері сынды құнды құжаттар қабылданып, жүзеге асырылуда. Факультеттерде Этика бойынша комиссиялар, Ар-намыс кодексін сақтау бойынша студенттік комиссиялар құрылған. «Оқытушы студенттер көзімен», «Куратор-эдвайзер студенттер көзімен», «Оқытушы әріптестер көзімен» сауалнамалары тұрақты жүргізіледі.
Куратор-эдвайзерлер институты құрылған, 800-ден астам оқытушылар студенттік топтарға бекітілген. Куратор-эдвайзерлер кеңесі, Куратор-эдвайзерлер мектебі белсенді жұмыс істеуде. ҚазҰУ-дың кураторлық жұмысты енгізудегі жемісті тәжірибесін бүгінде басқа ЖОО-лар да қолдануда.
«Айналаңды нұрландыр!», «100 кітап», «Салауатты дене мәдениеті», «ҚазҰУ – Гринкампус», «Отандық кино күні», «Веналық студенттік бал», «Ана тілі аруы», «Жігіт сұлтаны» сынды әлеуметтік жобалар жетістікпен жүзеге асырылуда.
Университетте студенттерге арналған әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Мыңнан астам студент атаулы материалдық көмек және жұмыс орнымен қамтамасыз ету, оқу ақысын төлеудегі жеңілдіктер түрінде университеттің әлеуметтік қолдауын сезінуде.
Студенттік ұйымдармен Әлеуметтік серіктестік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 100-ге жуық студенттік ұйымдар университет, қала, мемлекет өмірінде болып жатқан үдерістерге белсенді атсалысуда.
ҚазҰУ жастар ұйымдары комитеті, Студенттік сенат, «Сұңқар» студенттік кәсіподақ ұйымы, Жатақхана студенттері жоғары кеңесі, Тәртіп сақтау жасағы, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, Студенттік заң клиникасы, «Көмек» еріктілер қозғалысы, Студенттер құрылыс жасағының штабы (СҚЖ), Үш лигадан тұратын дебаттық қозғалысы (қазақ, орыс, ағылшын лигасы) және т.б. студенттік өзін-өзі басқарудың шешуші субъектісі болып табылады.
Студенттердің ғылыми, мәдени, қоғамдық және әлеуметтік өмірін ұйымдастыруда клубтық үлгіні қолдану университеттің маңызды құраушысы болып табылады. Бүгінде ҚазҰУ-да 180 клубтық бірлестік қызмет етеді, оларға шамамен 60% студент тартылған. Олар патриоттық, кәсіби және ғылыми бағыттағы клубтар, көркемөнерпаздар үйірмесі, спорттық секциялар, лидерлік мектептер, әлеуметтік және ағартушылық клубтар. Жыл сайын университет студенттері беделді республикалық және халықаралық байқаулардың, фестивальдардың, турнирлер мен спартакиадалардың жеңімпазы атанады. Университет тарихында тұңғыш рет университеттің 11 студент-спортшысы Лондондағы Олимпиада ойындарына қатысты. Ауыр атлетика бойынша заң факультетінің студенті Светлана Подобедова Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Ал Рио-деЖанейрода өткен Олимпиада ойындарына 17 студент қатысып, Елдос Сметов қола, Эльмира Сыздықова күміс жүлдегер атанса, Дмитрий Баландин жүзуден қазақ спорт тарихындағы алғашқы алтын медальды қанжығасына байлады.
Студенттер қалашығының қауіпсіздігін күшейту және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында заманауи бейнебақылау жүйесі орнатылған. ҚазҰУ Ситуациялық орталығы құрылды. Барлық оқу ғимараттары мен жатақханаларда электронды кіру жүйесі орнатылған.
Wi-Fi жүйесіне қосылған университет аумағында заманауи оқу корпустары, Орталық Азиядағы ең үлкен әрі жаңа ЖОО-лық кітапхана, бірегей «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, музей, интернет-орталық, тамақтандыру комбинаты, спорт кешені мен стадион, Студенттер сарайы мен кинотеатр, жайлы жатақханалар орналасқан және университеттің Ыстықкөл жағалауында спорттық-сауықтыру лагері бар.
Дәстүрлі жоғары білім беру сапасына күш сала отырып, университетте студенттердің өз әлеуетін арттыруға бар мүмкіндіктер жасалған. Егер Сіздің алдыңызда: «Қайда оқуға барамын?» деген сұрақ тұрса, дұрыс таңдау жасаңыз! ҚазҰУ-ға түсіңіз де XXI ғасырдың таңдаулы мансабына қол жеткізіңіз!
Баспасөз қызметі