Араб әлеміне саяхат. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада кувейттік ақын, әлемге әйгілі меценат Абдул Азиз Сауд әл- Бабтин мырзаның шығармашылығына арналған шара болып өтті. Ұлттық кітапхана мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің ұйымдастыруымен өткен мәдени шараға қоғам және дін қайраткерлері, аталған университет оқытушылары мен кітапхана, музей қызметкерлері һәм бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алқалы жиынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің деканы Палтөре Ықтияр кіріспе сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отыр-ды. Әңгімесінің әлқиссасын кітаптарының тұсауы кесілгелі тұрған автордың өмірбаянын таныстырудан бастады. Абдул Азиз Сауд әл-Бабтин 1936 жылы Кувейтте дүниеге келген. Ол – Кувейттің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ұлттық білімді қолдау комитетінің және Кувейт әдебиетшілері ассоциасының мүшесі. Сонымен бірге, араб мәдениетінің бейруттік Жоғары кеңесінің һәм марокколық «Фассаис» мәдени қоғамдастығының мүшесі. Дамаск Араб тілі академиясының корреспондент-мүшесі. Сондай-ақ өзі құрған «Поэзиялық шығармашылықты қолдау қоры» директорлар кеңесінің төрағасы. Шара барысында кувейттік ақынның «Кувейт шұғыласы» және таңдамалы өлеңдер жинағының, сонымен бірге, «Абдул Азиз Сауд әл-Бабтин поэзиясы және оның ерекшелігі» атты ғылыми еңбектің тұсауы кесілді. Мәнді де мазмұнды өткен жиында белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ұлттық кітапхананың бас директоры Жанат Сейдуманов, Қазақстанның Кувейттегі Төтенше және өкілетті елшісі Алмас Әбдіраман, Әл-Бабтин орталығының бас директоры Суад Абдулла әл-Атики, Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Шәмшиддин Керім, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің доценті Дина Есенжан, тағы басқа өкілдер сөз алып, екі ел арасындағы әдеби-мәдени һәм рухани байланыстарды нығайту мақсатында алдағы уақытта атқарылар шаруалардың көп екендігін баса айтты. Қазақ-араб ақындарының мүшәйрасын ұйымдастыру, сонымен қатар қазақ әдебиетін араб елдеріне кеңінен насихаттау қажеттігі де тілге тиек етілді. Екі ел қаламгерлерінің шығармаларын қазақ- араб тілдеріне аудару да – кезек күттірмейтін мәселе. Алқалы жиында осы және де басқа маңызды мәселелерді жүзеге асыру үшін Абдул Азиз Сауд әл-Бабтин атындағы жеке кітапхана мен Ұлттық кітапхана арасындағы әріптестік һәм түсіністік меморандумына қол қойылды. Бұл дегеніміз – бұдан былай біздің оқырмандар араб тіліндегі кез келген әдеби – мәдени шығармалармен ат сабылтып араб елдеріне бармай-ақ, Ұлттық кітапханада отырып таныса алады деген сөз. Қысқасы, араб әлеміне еркін саяхат жасай аласы
– Биыл Кувейтке барған сапарымда Абдул Азиз Сауд әл-Бабтин мырзамен танысып, екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту жөнінде келісім жасадық. Бүгінгі қол қойылып отырған меморандум – сол келісіміміздің жемісі. Алдағы уақытта да ынтымақ-бірлігімізді арттырып, нақты іс-шараларды жүзеге асыратын боламыз. Бүгінгі кітаптардың тұсаукесері – осы сөзіміздің айғағы. Ендігі мақсат – қазақ қаламгерлерінің туындыларын араб әлеміне насихаттау. Осы жылдың мамыр айында Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақстан – Ұлы дала» атты ұлттық кітап көрмесін өткіздік. Сондай-ақ Дубайдың қоғамдық кітапханасында араб тілді оқырмандарға арналған «Қазақстан кітаптары» бөлімі ашылды. Сол бөлім арқылы олар Қазақ әдебиетінің інжу-маржандарымен таныса алады. Алдағы уақытта атқарылатын іс-шараларға Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі, сондай-ақ Кувейттегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф пен Алмас Әбдіраман мырзалар қолдау білдіріп отыр, – дейді Ұлттық кітапхана директоры Жанат Тұрарұлы.
Осы шара шеңберінде Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар және қолжазбалар қоры арнайы көрме ұйымдастырды.