Шетел таңдауы – ҚазҰУ

1 шілде, 2010

Философия докторы жаңа бағдарламасы бойынша даярланған қазақстандық мамандар қатарын әзірге 38 түлек құрап отыр. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңес залында философия докторларының (PhD) 2010 жылғы түлектеріне салтанатты түрде диплом ұсынылды.

Университет ректоры Б.Т.Жұмағұлов 26 мамандық бойынша даярланған философия докторларына диплом берді.

Жақында Астана қаласында ашылған Назарбаев университетінде Елбасы бәсекеге қабілетті отандық кадрларды дайындау қажеттігін тағы бір қайталап өтті. Қазақ ұлттық университеті ел Президентінің тапсырмасын онды орындап келеді. Осы орайда ҚазҰУ бүгінде PhD докторларының үшінші мәрте түлектерін қанаттандырды. Біз дайын ғалымдарды даярлаймыз, сонымен қатар кез келген салада әлемдік деңгейдегі білім талаптарына сай білім алғанын дәлелдей алатын жоғары біліктілікке ие мамандарды қалыптастырамыз, - деді ҚазҰУ ректоры Б.Жұмағұлов.

Қазақ ұлттық университеті посткеңестік кеңістік бойынша соңғы жылдары эксперименталды жүйе негізінде жұмыс жасап, халықаралық стандарттар негізінде мамандар дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың білім саласындағы сауатты саясатының нәтижесінде ҚазҰУ докторанттары өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстарын шетелдік жетекші университтеттерде жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды.

Қысқа мерзім ішінде халықаралық стандарттарға көшу арқылы қазақстандық білімнің әлемдік беделге ие болғандығы байқалады. Шетелдік 119 жоғары оқу орны мен ғылыми зерттеу орталығының өкілдері ҚазҰУ докторанттарының шетелдегі ғылыми жетекшісі болып табылады. ҚазҰУ докторанттарының оқу жылы уақытында 1500-ден аса ғылыми мақалалар танымал шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланды. Ғылыми жетекшілердің ұйғарымы бойынша еліміздегі үздік университетте жазылған диссертация жұмыстары әлемдік жетекші университеттерде қорғалған ең сапалы жұмыстар болып табылады. Ресейдегі М.В. Ломоносов атындағы МГУ-дың физика факультетіндегі моллекулярлы электроника және жалпы физика кафедрасының профессоры Виктор Тимошенконың пікірінше, Қазақстандағы көне білім ордасы әлемдік заманауи ғылымның даму тенденциясын үлкен тәжрибемен ұштастыра отырып, бүгінде ең жоғары кәсіби деңгейде даярланған мамандарды қанаттандырып отыр.

– әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында мен бақытты күй кешіп, өзімді туған университетімде тұрғандай сезінемін. ҚазҰУ посткеңестік кеңістіктегі жоғары оқу орындарына жедел дамудың сәтті үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінгі түлектер – Қазақстан элитасының өкілдері және де олар сіздердің әсем мемлекеттеріңіздің дамуына өздерінің үлкен үлестерін қосатынына сенімдімін, – дейді оптика, наноқұрылым және жартылайөткізгіш саласының ресейлік маманы.

Сонымен қатар Мемлекеттік аттестациялау комиссиясының төрағасы, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ғылыми орталығы, цитология және патоморфология зертханасының меңгерушісі профессор Владимир Толмачев PhD докторанттарына өзінің жүрекжарды лебізін жеткізіп, докторанттардың біліктілік деңгейін жоғары бағалады.

Аталмыш түлектер арасында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Мысыр Араб Республикасының Жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрлігі арасында бекітілген білім беру саласындағы өзара түсіністік пен серіктестік жөніндегі Меморандумға сәйкес білім алған Мысыр Араб Республикасының төрт азаматы да бар.

– Бұл күн ерекше күн. Бұл күн – Қазақстан мен Мысыр елінде жаңа ғалымдар дүниеге келген күн. Осы сәтті пайдалана отырып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мысыр Президенті Хосни Мубаракқа батыл саясаттарына шексіз ризашылығымды жеткізгім келеді. Елбасылардың саясатының нәтижесінде түрлі университеттердің студенттері мен ғалымдары алмасып оқу мүмкіндігіне ие болды, – деп Мысыр елінен келген докторнт Эль-Шазли Мухаммед Аббас Дурай өзінің әсерімен бөлісті.

Мемлекеттік коммиссия Дурайдың қорғау жұмысын ерекше атап өтті. Жас ғалымның диссертациясының зерттеу жұмысы нанотехнология саласына бағытталған. Мысыр елінің өкіліне айтылған қаратпа сөзінде университет ректоры: “ҚазҰУ Мысыр елі үшін жоғары білікті мамандар дайындап отыр, алдағы уақытта да достастық мемлекеттері арасында мұндай мамандарды дайындау жұмыстары жалғасын таба бермек”, - деп атап өтті.

Ғылыми жаңалықтар ашып, басылымдарға бірнеше мақалалар жариялаған авторларға ҚазҰУ PhD докторантының 2010 жылғы түлектеріне диплом тапсыру сәтінде арнайы сертификаттар да ұсынылды.

Философия докторларына диплом дапсыру салтанатты рәсімі университетте осымеен үшінші кезек өтіп отыр. Мерекелік шараға шетелдік елшіліктің өкілдері, консульства мен мәдени орталықтың, жұмыс берушілер мен университет түлектері де қатысты.

ҚазҰУ Ph.D. докторантурасы 2005 жылдан бастап өз қызметін атқарып келеді. Қазақстандық философия докторларын даярлауға отандық белді ғалымдар, ғылым докторларымен бірге, Еуропаның, Солтүстік Американың, Жапония мен ТМД елдерінің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарындағы шет елдік ғылыми жетекшілері де белсене араласады. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың барлық докторанттары өздерінің шет елдік ғылыми кеңесшілерінің жетекшілігімен Лондон университеті (Ұлыбритания), Колумбия университеті (АҚШ), Лунд университеті (Швеция), Пьер және Мари Кюри университеті (Франция), Вена университеті (Австрия), Йокогама университеті (Жапония), М.В.Ломоносов атындағы ММУ (РФ) сынды және басқа да көптеген әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында ғылыми іс-тәжірибеден өтеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі