Ұлттық арнаның шеберлік иірімдері

12 желтоқсан, 2018

Желтоқсан басы ҚазҰУ Журналистика факультетіне жақсы иірімін ала келді. Журналист болам деген 400-ден астам шәкірт «QAZAQSTAN» телеарнасы ардагерлері мен мамандарының «Алыптар апталығы» шеберлік күндеріне куә болды. Апта бойы «Qazaqstan» арнасында әр жылдары қызмет еткен Нұртөлеу Имангалиұлы, Әшірбек Көпішев, Марат Тоқашбаев, Төлеубай Қаймолдинов, Фатима Бегембаева, Баян Сұлтанова, Ауртур Алипов, Мэльс Байсамбаев, Гүлмария Барманбекова, Мария Айымбетова, Ерлан Атамбай, Қайрат Мусакулов, Мейіржан Жиенәлі, Маржан Болатханқызы, Гүлназ Әлімгерей, Қымбат Досжан, Берік Есенбай, Алмат Әбідраман сынды танымал тележурналистердің шеберлік сыныптары медиа жаңғырудағы қолтаңба.

Апталық аясында ұлттық арна ардагерлері Әл-Фараби ғылыми кітапханасында таяуда ашылған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты экспозициялармен танысты.

Алыптар апталығы «Қазақстан» РТРК Акционерлік Қоғамымен университеттің көп жылғы сенімді серіктестігінің дәлелі. 2016 ж. «Қазақ радиосының» 95 жылдығы «Шалқар» радиосының 50 жылдығы Университетте аталып өтсе, 2018 жыл 15 ақпанда «QAZAQSTAN» телеарнасының 60 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде заманауи техникамен жабдықталған №208 «Qazaqstan» оқу-шығармашылық зертханасы салтанатты түрде ашылды. Сондай-ақ барлық шеберлік сыныптары осы зертханада өтті.

«Телевизиядағы ұрпақтар сабақтастығы: телехабар таратудың кешегісі мен бүгіні» тақырып аясында «Qazaqstan» арнасында әр жылдары қызмет еткен ардагерлер шеберлік сыныптарын оқыды. Бұл дәстүр Берік Есенбай мен Алмат Әбдіраманның «Эфирге материалдар дайындау. Тақырыптарды таңдау»,  Маржан Болатханқызының «Шығармашылық үрдістегі инновация», Гүлназ Әлімгерей мен Қымбат Досжанның «Жүргізуші шеберлігі. Жаңалықтарды жүргізу», Қайрат Мұсақұловтың «Тележурналистің сөйлеу мәдениеті»,  Ерлан Атамбайдың «Ақпарат саласындағы ұлттық арнаның орны. Жаңалықтар жасалу тәсілі», Мейіржан Жиенәлінің «Телевизиялық жүргізуші жұмысына кеңестер» шеберлік сыныптары практикалық білім мен кәсіби дағыдаларға баулыды.

«Мұндай кездесудің өткен шақта өткен өмірді еске алу түрінде болғанын қаламас едім. Бүгін туралы, жас ұрпақты не алаңдататыны туралы айтылғанын қалар едім», - дейді ардагер журналист Гүлмәрия Барманбекова. Ал Төлеубай Қаймолдин«Өмірді білу - журналистиканың басты шарты», -деп кеңес айтты. Ұлттық арнаның шеберлік иірімдері мен кәсіби алаңы журналистика факультетінің студенттері асыға күтетін дәстүрлі шараға айналады.