"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет
Анар САЛҚЫНБАЙ, филология ғылымдарының докторы, профессор
- Анар Бекмырзақызы, сіз жақында өткен бір жиында «Ұлт тілінің мемлекеттік тіл ретінде танылуы - тіл бағының жануы» деген пікір айтып қалдыңыз. Шын мәнінде, қазақ тілі өз Отанында қандай деңгейге көтерілді, бағы жана бастады ма?
- Кез келген ұлттың ұлттық мінезі мен ұлттық дәстүрін, ұлттық дүниетанымдық болмысын сақтаушы - оның тілі. Ал мемлекеттік деңгейде тіл мәртебесінің заңды түрде ресми бекітілуінің маңызы - оның қолданыс аясының кеңеюі ғана емес, ең алдымен, ұлт тіліне деген саяси-әлеуметтік көзқарастардың өзгеруі, заңды түрде бағалануы, мойындалуы дер едік.
Қазақ тілі өз даму тарихында мемлекеттік тіл ретінде де, халықаралық қарым-қатынас құралы ретінде де қызмет еткен. Орта ғасырда қыпшақ (қазақ) тілінің Батыс елдері мен Шығыс елдерін, Таяу Шығыс пен Кіші Азияны, Моңғолия мен Қытайды, Кавказ бен Қырым далаларын өзара байланыстырып тұрған «алтын көпір» болғаны тіл ғылымында нақты дәйектермен дәлелденген. Мемлекеттер арасындағы экономикалық, саяси, мәдени байланыстардың бәрі, негізінен, қазақ даласы арқылы өткендіктен, олардың бұл тілді меңгеруі қажеттілік болғаны, қазақ тілінің кезінде халықаралық тіл болып қызмет атқарғаны - оның әлеуметтік-коммуникативтік рөлі тұрғысынан алып қарағанда маңызды болғандығымен байланысты екені белгілі жайт. Кезінде Сәкен Сейфуллин қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде жариялап, іс-қағаздарын біршама қазақ тіліне көшіруге талаптанғанымен, бұл мүдде кеңес заманының қусырылған тіл саясатының жағдайында жүзеге аспады.
Тіл күнделікті қарым-қатынас құралы ретінде өз заманындағы тіл саясатына бағынышты. Ресми түрде бекітіліп, мемлекеттік мәртебеге ие болуы - тілдің бүгінгі дамуында үлкен жеңіс екені ақиқат. Ел тәуелсіздігінің ең маңызды нышаны - мемлекеттік тіл. Қазақ тілінің өз Отанында бағын жандыра алмасақ, тағы оның қай жерде бағы жануы мүмкін? Оның бағын жандыру енді тек өзіміздің қолымызда. Әсіресе, мұнда күнделікті ақпарат құралдарының атқарар рөлі ерекше дер едік.
Қазіргі таңда Қазақстан мемлекетінің мемлекеттік тілінің жағдайы туралы көп жазылуда. Бұған ғалымдар да, саясаткерлер де, журналистер де атсалысуда. Қиын да қатерлі талай сыннан сүрінбей өткен қазақ тілі қазақ елінің өз қолы өз аузына жетіп, азаматтары елінің тізгінін ұстап, талай ұрпақ аңсап өткен егемендікке қолы жеткенде сүрініп-қабынып, қарым-қатынас құралы болуда кекеш тартып жатса, өзіміздің азаматтығымызға сын болмақ. Өкінішке қарай, қазақ тілі - қарым-қатынас жасаудың құралы болудан гөрі, саяси ұпай жинаудың құралына көбірек айналып бара жатқаны жанға батады.
Қазіргі баспасөз беттерінде қазақ тілінің болашағына бұлыңғыр болжау айтып жүрген жорналшылар мен ғалымдарға айтар уәж бар. Қазақ тілі қауқарсыз деп қақсаудан, әуезді, көркем еді деп мақтаудан, ғылым тілі, саясат тілі бола алмай жатыр деп тосырқаудан ел жалыққан болар. Сірә, қазіргі қазақтар өздерінің тілін, дәстүрін тосырқай қараудан алдына жан салмайтын жағдайға жетті. Интернетпен күнделікті хабар алып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқиғаларды біліп, рухани азық алып отырған жас желең мен балғын балауса жасқа осындай «қауқарсыз тіл» туралы күнде айта берсек, оның санасында қандай ой-талғам қалыптаспаққа керек. Тегінде, «жақсы сөз - жарым ырыс» дегенді атамыз текке айтпаған болар. Қазақ тілінің болашағын күңгірттіктен іздемей, тіліміздің құдіреті мен киесін танытар тұс енді келді. Елдің ертеңі болар жастардың құлағына қазақ тілінің болымсыз болашағын айта-айта сарсытар болдық, бұл олардың патриоттық сезімін оята алмасы анық.
Біздіңше, Абай мен Мұхтар, Мағжан мен Шәкәрім сөйлеген көркем тілдің құнын ұқтырар сын сағат соққан сынды, енді тіл-құдіреттің қарым-қатынас құралы ретіндегі сапалық сырын насихаттау парыз. Қазіргі жаһандану заманында сіз бен біздің тілдің «мүшкіл халін» айтып шаршағанымыз ешкімді елең еткізбейді. Прагматикалық санаға берік орныққан жаңа заман жастарын көз жасымызбен кері қайтара алмасымыз тағы рас. Демек, намыс атты қасиетті сезімді тіл-құралдың өзімен ояту шарт. Шындап келгенде, қай тілдің де болса да ішкі проблемалары болады (тіпті ағылшын, испан, орыс тілдерінің де өзінің ішкі шешілмеген мәселелері жетерлік), олай болмауы мүмкін де емес; өз еліміздің көк байрағының астында отырып, елдігімізді әлемге жариялағанда, өзге жұртқа «менің тілімді дамытуға көмектесші, менің тілімде сөйлеші» деп жалыну құлдық санадан туған. Бұл енді - намыс. Бұл - сірә, - «ауруын жасырған өледі» емес, «еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол патшаның ұлы емес» дегенді еске алғандық.
- «Мемлекеттік тіл - интеллектуалды ұлт қалыптастырудың негізі» дегенге қалай қарайсыз, тіл идеологиялық құрал бола ала ма?
- Қаласақ та, қаламасақ та, мемлекеттік тіл - тәуелсіз ұлттың мәдениеті мен рухани болмысының негізгі тірегі болуы керек. Тіл - ұлттың өзіндік бейнесін анықтайтын, рухани келбетін көрсететін төлқұжаты сынды. Ол ұлттың өзгеден ерек даралығын анықтайтын жалқы белгі. Ұлт тілі арқылы ғана халықтың өзге туыс және туыс емес халықтардан ерекше болмысы, табиғи қалпы көрініс бере алады. Алла жаратқан пенденің өзге халықтардан тілден басқа айырмашылығы шамалы. Әлемдік циклдік заңдылықтарға бағынатын адамның табиғи болмысы мен дүниетанымының арасында жақсылық пен жамандық, түн мен күн, қараңғы мен жарық, ақ пен қара ұғымдарынан тарайтын сандаған сырлы таным дүниесінің шексіз ұқсастығы бар.
Ана тілі арқылы орнығатын ұлттық сананы қалыптастырушы Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Ахмет, т.б. даналардың шығармашылығында нағыз зияткерліктің үлгісі бар. Мемлекеттік тіл арқылы «ар білімі» оқылса, зиятты ұлт болатынымыз кәміл.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторларының бірі - еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген пікірінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздейтіні анық. Ендеше, қазақ тілінің идеологиялық құрал бола алары сөзсіз. Әрі қазақтың патшасөзіндегі кемелділікті тану, таныту «өзінен сөзі ұзындау» сіздер мен біздердің қолымыздан келмегендіктен, тілді идеологиялық құрал ретінде өзіміз жұмсай алмай, бабын таппай, бірде білдіріп, бірде бүлдіріп жүріп жатқан болармыз.
- Қазір қазақ тілін екінші тіл ретінде, мемлекеттік тілі ретінде және шет тілі ретінде оқыту керек деген пікірлер баршылық. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?
- Қазақ тілін ең алдымен мемлекеттік тіл ретінде балалар бақшасы, мектептен бастап сатылы түрде деңгеймен жүйелі оқыту керек. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттерді қарапайым деңгей, орта деңгей, жоғары деңгей деп бөліп оқыту жүйесіне көштік, мұның нәтижесі де жақсы. Әйткенмен, мектепті бір уақытта тәмамдаған, ұлттық тестілеуден тым жоғары балл алып өткен студенттердің мемлекеттік тілді білу деңгейінің әртүрлілігі ойландырады.
Ал қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту дегенді ғалымдар ағылшын, орыс әдіскерлерінің зерттеулерінен алып, сол қалпында пайдаланғысы келетіндей. Біздіңше, екінші тіл ретінде, шет тілі ретінде, мемлекеттік тіл ретінде деп бөліп оқытудың үлкен мәні бар. Мәселен, орыс мектебін бітірген қазақ баласы үшін қазақ тілі - тек мемлекеттік тіл ғана емес, сонымен бірге оның ана тілі. Ана тілі арқылы бала тек сөйлеуді ғана меңгеріп қоймай, тіл арқылы ұлттық мінезін, ұлттық дәстүрін, дүниетанымын бойына сіңіруі шарт. Абай тағылымын алып, Махамбеттік рухты түйсінуі керек.
Ал еліміздегі өзге ұлт өкілдері үшін мемлекеттік тіл екінші тіл ретінде үйретіліп, қарым-қатынас құралы ретінде қажетті саналатын негізгі ұғымдарды меңгеруі тиіс деп танылады. Шет тілі ретінде, әрине, шетелден келген студенттерді немесе Ресейде (Мәскеуде), Қытайда (Пекинде), Кореяда (Сеулде), Польшада, т.б. мемлекеттерде оқытамыз. Сырт елден келген шетелдік азаматтарға қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудың да өзіндік ерекшелігі мен қыр-сыры бар. Сондықтан екінші тіл деген терминге мүлде қарсы болмасақ та жалпы, орыс бөлімдерінде оқытылатын барша оқушыларға, студенттерге қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту дегенге дау айтатынымыз осыдан.
-Мемлекеттік тілді оқытудың кейбір мәселелері ретінде нені ерекше атап өтер едіңіз?
- Қазіргі уақытта «Білім берудің көпсатылы деңгейі» туралы көп айтылаты рас. Алдағы уақытта осы үлгінің әр сатысында берілетін ақпаратты нақты анықтау мен оның мазмұндық құрылымын жүйесі саралау, принциптерін зерделеу, сөйтіп, үздіксіз білім берудің нақты кешенді жүйесін жасау қажет деп есептейміз. Және бұл тұрғыда өзіміздің ғылыми топшылауларымыз да бар. Көпсатылы деңгейді енгізіп, оны мектептен бастап үздіксіз жүргізу қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде меңгерудің сапалық мәнін де арттырары анық.
Тілдің дамуы немесе тұйықталуы мемлекетте жүргізілетін тілдік саясатпен тікелей байланысты. Қазақ халқының арғы-бергі тарихында нақты тілдік саясат жүргізілмесе де, негізгі ақпараттық кеңістік жазба тілде емес, ауызекі сөйлеу тілінде, халық тілінің қаймағы бұзыла қоймаған кезде қалыптасты. Ал қазіргі жағдай мүлде басқа. Ана әлдиі мен бесік жырынан бастап, қоғамдағы барлық ақпараттық кеңістік эфир (БАҚ) мен жазудың қолында. Эфир мен жазу арқылы сөйлеу тілінің орфоэпиясы мен орфографиясы анықталады, терминдік атаулар қалыптасады, балабақша мен мектептен бастап оқыту жүйесінде мемлекеттік саясат анықтайтын жүйе ұрпақ бойына өз мүддесін сіңіре алады. Мұндай жағдайда сөйлеу тілін де, жалпы әдеби тілдің өзін де «басқару» әлдеқайда жеңіл, сондықтан қазіргі ұлт тілінің дамуын белгілеуде маңызды шешімдер қабылдау керектігі даусыз.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ІІ Азаматтық форумда: «Егер Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мен бүкіл көпұлтты Қазақстан мемлекеттік тілге бет бұрса, біз бұдан бір-бірімізге жақын бола түсіп, бір-бірімізді жақсы түсінетін боламыз...Мен сірә, екі тілде сөйлеуге тура келетін сирек президенттердің бірі шығармын. Ал мен тек мемлекеттік тілде ғана сөйлейтін және бәрі мені түсінетін күнді армандаймын» дегенді айтты. Дәл осындай күнге жету үшін бізде алғышарттар бар ма?
- Тек алғышарттар ғана емес, толық мүмкіндік бар дер едім. Өзіңіз жақсы білесіз, соңғы ресми жарияланған ақпарат бойынша қазақ халқының саны 64 пайыз болды. Оған өзге түркі тілдес ағайындарымызды қосыңыз. Мектепті бітіріп жатқан барлық түлектер қазір мемлекеттік тілді еркін меңгеріп шығуы керек. Ал елімізде бұрыннан өмір сүріп келе жатқан орыс, неміс, корейлер, т.б. қазақтың өзін жаңылыстырарлықтай қазақ тілін еркін меңгерген. Сондықтан жан-жағымызға тым жалтақтап қарайламай-ақ, мемлекеттік тілде сөйлейтін мезгіл жеткендей болып көрінеді маған.
Қиыны, Елбасымыз еске салғандай, «қазақ қазақпен қазақша сөйлеспей», меселімізді қайтарады ғой. Күйінетін жағдай осы. Не болса да бәрін өзімізден бастауымыз керек. Егер әр қазақ отбасы баласын жетектеп қазақ мектебіне барса, үйінде де, түзде де ана тілінде сөйлессе, бұл жағдай өзгелерге ой салып қана қоймайды, қоғамда қозғалыс та тудырады. Қазіргі «сірескен сеңді» осылай бұзуға болар еді деп ойлаймын.
- Әлемнің дамыған елдері іргетасының мықтылығына қарамастан, мемлекеттік тілдерін жаһандану жағдайында сақтап қалудың әрекетін жасап жатыр. Солардың кейбір тәжірибелерін Қазақстан жағдайында қолдануға бола ма?
- Біреудің тәжірибесін ала қою дегенге өз басым толық қосыла бермеймін. Дей тұрғанмен, алыстағы француздардың ана тіліне деген тағзымды тағылымын былай қойғанда, көрші Ресей елінің орыс тілін дамытуға көңіл бөлуі біздегі басшыларға да ой салса ғой деп «армандайтынымыз» рас. Мәселен, бір Ресейде «Русский мир» қорын айтпағанның өзінде, орыс тілінің теориясы мен тарихын, қолданыс аясын зерттеуге арналған төрт іргелі ғылыми-зерттеу институттары: Ресей Ғылым академиясының Тіл білімі институты, А.С. Пушкин атындағы орыс тілі институты, В.В.Виноградов атындағы орыс тілі институты, Ресей лингвистикалық зерттеулер институты жұмыс істейді. Ресей университеттері мен аймақтарындағы лингвистикалық құрылымдар өз алдына жеке үлкен ғылыми жүйе құрайды. Ал қазақ тілінің іргелі теориялық мәселелерін толық зерттеумен айналысуға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мүмкіндігі бәріне бірдей жете бермейді.
Қазақ тілінің қоғамдық қызметі, әлеуметтік қызметі, тіл саясаты, психолингвистикалық табиғаты, мемлекеттік тіл ретінде оқытудың ғылыми-теориялық базасы, халықаралық дәрежеде және шет тілі ретінде оқытудың кешенді негіздері, корпустық лингвистикасының негізі, қазақ тілі сөздік қорының электрондық жүйесін құру және лұғаттық негіздемесі, т.б. толып жатқан мәселелер - бүгінгі таңда әлі тың жатқан күрделі ғылыми проблемалар. Елбасының мемлекеттік тіл туралы айтқан, болашаққа терең бағдар боларлық ойлары мен тұжырымды пікірлері бүгінгі тіл саясатының негізі болуы керек. Егемен елімізде жасалып жатқан тіл саясатына да толық ғылыми негіздеме, сараптама бере алған жоқпыз.
Оларда «мынадай бар, мынадай бар» екенін жақсы білеміз, енді мүмкіндік болса, «біздерде мыналар бар болуы керек» деп еңбек ету парыз.
- Жылда аталып өтілетін тілдер мерекесі сізге қандай ой салып жүр? Жақсылық пен жаңалықтың нышанын байқай алдыңыз ба?
- Иә, 22 қыркүйек - Қазақстан Республикасындағы халықтардың тілдері күні болып аталып жүргенін білеміз. Биылғы жылы Республикалық Тіл комитеті бас болып біраз ісшаралар өткізгенінен де хабардармыз. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген, ресми түрде аталып өтілетін еліміздегі барлық халықтардың өз ана тілдерін дәріптеп, тойлайтын мерекесі.
Сонымен бірге 1999 жылы ЮНЕСКО ның Бас конференциясында 21 ақпан «Халықаралық ана тілі» күні болып бекітілгені де есімізде. Бірақ әзірше бұл күні ана тілі мерекесін атап өткендерді өзім естімедім. Осындай екіжақтылыққа байланысты баспасөз беттерінде әртүрлі ұсыныс-пікірлер айтылғаны да құлағы түрік қауымға белгілі. 21 ақпанды барлық ұлттар мен диаспоралардың өз ана тілдерін дәріптейтін мерекелеріне айналдырып, 22 қыркүйектің «Мемлекеттік тіл мерекесі» ретінде қайта бекітілуі мүмкін болса, әрине, мәртебелі тілдің беделі артып, абыройы асқақтары сөзсіз. Мемлекеттік тілдің мемлекеттік біртұтас саясаттың ажырамас бөлігіне айналғанының да көрінісі боларында дау жоқ.
Университет көлемінде тіл мерекесіне арналып өткізілетін іс-шаралардың студенттерге берері мол, елдік сезім мен патриоттық рух - олардың «Мен қазақ елінің азаматымын», «Мен ҚазҰУ-дың студентімін» сияқты жарыса жазған шығармаларынан, беріле оқыған өлеңдерінен, тамсана айтқан әндерінен, қиыстыра сөйлеген шешендік өнерінен анық аңғарылып тұрады.
- Тәуелсіздіктің бір көрінісі - тілдің де тәуелділіктен арылуы. Сіз бүгінгі қазақ жастарына қандай ой салар едіңіз?
- Иә, тәуелсіздіктің бір көрінісі - тілдің тәуелділігінен арылу. Кеңестік идеология үстемдік еткен кезеңдегі тіл саясатының қандай болғаны өзіңізге де аян. Өкініштісі, өзге көрші ұлттармен салыстырғанда, біздің жұрттың ұлттық иммунитеті өзінің дәстүрлі қалпынан біраз айырылып қалды. Оны қалпына келтірудің айнымас жолының бірі «патшасөзде» сақталған ой мәйегін саралау, ойлану... ойландыру... Қазақ тілінің кешегі мәйекті қалпын қайта орайына келтіре алмасақ та, терең философиялық тұжырымды екі ауыз сөзге сыйғыза білген, мірдің оғындай өткірлігі мен өрелілігін терең меңгеру парыз. Әрі бұл меңгеру мен меңгерту - ғылыми бағытта парасаттылықпен дұрыс жолға қойылса орынды. Кез келген тілдің сипаты мен өзіндік тарихы бар, оларды бірінен-бірі артық не кем деуге ғылыми негіз жоқ. Мәселе сол тіл иеленетін әлеуметтік құндылыққа, ұлттық мәдениеттің басымдылығына, мемлекет жүзеге асыратын тілдік саясатқа, ақыр аяғы отбасына келіп тіреледі. Тілдің әлеуметтік құндылығын асыру не кеміту қоғамның өз қолында.
Тілді тәуелділіктен арылтамыз деп, аудармашылар мен терімсөзшілер көп еңбектенуде. Көптеген терім сөз аударылып, сөзжасамдық дәстүрлі қалыппен ғылыми қолданысқа түсті. Әртүрлі ғылым салалары бойынша жақсы атаулар мен ұғым таңбалары сөздіктегі тізілімге еніп, тілдік қабаттарды толықтырды. Дей тұрғанмен, бұл жерде де ойлану керек. Қызды-қыздымен жүріп, тілімізді аударма тіл (ғылым онсыз да аудармаға айналып бара жатқаны аз айтылып жүрген жоқ) етіп алмауды да зерделеу жөн. Мәселен, қазақта бұрын-соңды отбасы ұғымы мен оның атауы болмағандай, «семьяның» қазақша баламасын таппай әлектендік, «жанұяны» тауып, біраз жайландық. Одан балконды «қылтитып» қойып, ақыры «самалдықпен» тоқтап тұрмыз. Ал тіл теориясында осылардың ешқайсысы да термин емес, күнделікті қолданыстағы ұғымның жалпы атаулары, оның жұмсалу қабілетін ешкім заңмен, қаулымен шешіп бере алмайды, халық өз қолданысына ыңғайлы келген атаулармен атайды да, солай жұмсайды.
Терминком бекітетін атаулар, негізінен, ғылыми терминдер болғаны жөн. Орыс тіліндегі кез келген сөзді алып, оның аудармасын табамын деп әлектенуден ұтарымыз аз. Жақында бір радиодан терминком бекіткен «свежий» сөзінің аудармасын жасырып, ешкім таба алмай, ақыры өздері «сахи» деп жарияға жар салды. Біріншіден, сын есім «свежий» термин емес, екіншіден, қазақ «свежий» түсінігін бір ғана атаумен емес, әр алуан заттарға, құбылыстарға қатысты сан түрлі құлпыртып қолданады: жас ет, жаңа газет, жаңалық (бүгінгі жаңалық), жас сорпа, таза ауа, ыстық нан, жаңа піскен нан, т.б. Бұл дәстүрлі қолданыс тілдің ішкі мағыналық, мәндік, мазмұндық байлығын танытса керек. Терминком қалай бекітсе де, сахи нан, сахи газет, сахи ет деп айта алмасымыз белгілі. Екіншіден, қазір ауызекі сөйлеудің таралу рөлінен гөрі, жазудың таралу жүйесі кең, ауқымды. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұрыс айтылған сөз де, көп қолданыла келе нормаға айналып кету мүмкіндігі бар. Осы ретте қазіргі уақытта көркем әдебиеттен гөрі, тілдік нормаға әсер етуде жорналшы қауымның мойнындағы жүк ауырырақ.
Қазір қазақ тілді жастар, тілді таза сөйлеуге ұмтылуы керек. Тілді дамытушы ең негізгі фактор өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуі емес, өзіміздің ана тілінде сауатты сөйлеп, сөйлем құрылысындағы дәстүрлі принципті сақтап, сөз мағыналарын орынды қолдануымыз дер едім. Әдеби тілдің сөйлеу нормаларын сақтау үшін, қазіргідей жоғары оқу орындарында орыс бөлімдерінде ғана қазақ тілін оқыту жеткіліксіз, ең алдымен ЖОО қазақ бөлімдеріне қазақ тілін тереңдей оқыту керек. Дұрыс сөйлеу әдебін, ісқағаздарын жазу тәртібін, шешен сөйлеудің ретін, т.б. терең меңгерту жөн болған болар еді. Мұның өзі, ең алдымен, мемлекеттік тілдің тек қолданыс аясының кеңеюін емес, күнделікті тілдік тәжірибе арқылы дамуын ойлағанымыз.
- Алдағы тәуелсіздік күні құтты болсын, тіл мамандарының бәрі жастарға дәріс беруші ұлағаты мол ұстаз болумен бірге өз елінің патриоты болса деп армандаймын...
- Иә, біраз мәселе қазақ тілінен дәріс беріп жүрген әріптестеріміздің бәрі бірдей патриот болмауына да келіп тірелетін секілді. Шын мәнінде, барлық жұмыс балалар бақшасы мен мектептен басталады. Осы екі саланың басы-қасында жүрген мамандар мықты болса, отаншылдығын іспен дәлелдесе, тілді жетік үйретсе, жоғары оқу орындарының табалдырығын аттаған қыз-жігіттер де мемлекеттік тілді жан-жақты біліп шығар еді. Біз өз кезегімізде болашақ мамандарға тілді одан әрі тереңдетіп оқытар едік. Айте берсек, әңгіме көп...
Дәл қазір бізге керегі - қоғамда серпіліс жасау. Мемлекеттік тілдің - мемлекеттік маңызы бар шаруаға айналғаны керек. Осы бағытта құзырлы орындармен бірге кез келген қазақ азаматы, отбасы болып қызмет істесек, Елбасымыздың ескертіп жүрген қағидаларының барлығы іске асары даусыз. Ал тәу етер тәуелсіздігіміздің баянды болуына да тілдің ықпалы бар. Осы мерекемен барша қазақстандықтарды құттықтап, ел бірлігінің бір көрінісі - мемлекеттік тілді меңгеруге шақырар едім.
Сұхбаттасқан
Жолдасбек ДУАНАБАЙ