Бельгия. Брюссель. 11.11.2019 жыл
ҚР елшілігінде сөйленген сөз:
«Қымбатты жерлестер, елшілік қызметкерлері!
Әрбір мемлекеттің,қоғамның бет-бейнесі сонда өмір сүретін адамдардың жасампаздығы арқылы айқындалады. Жалған идеялардың жетегінде кетпейтін, өз мүмкіндіктерін әділеттілікпен, шындықпен бағалай алатын халық қана «мәңгілік елге» айнала алады. Осы орайда дана Абайды тағы еске аламыз.
Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев 2020 жылды Абайдың 175 жылдығына орай Абай жылы етіп жариялады. Елімізде ғана емес дүниежүзі бойынша Абай күндерін атап өтуді, солай Абайды әлемге таныту мақсатын көздеп отыр. Қаншалықты ұлы Абай десек те оның шығармаларын , философиялық ой-толғамдарын әлем халқы оқымай, білмей, танымай отырғандығы біздің халқымызға үлкен сын. Тіпті аударылған ақын шығармаларының өзі басқа ұлттарға қандай деңгейде жетіп жатыр? Бұл үлкен мәселе, Абайды тек қазақ және ағылшын тілін жетік білетін адам аударуы керек. Сонда ғана , Абайды әлемге таныта аламыз, сонда ғана адамзаттың Абайы ете аламыз.
Абайдың түсінігінде: «адам – ақылдылықтың, имандылықтың, еңбек сүйгіштіктің, адалдықтың, әділдіктің, білімділіктің жиынтығы». «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан қашпақ керек. Абайдың былай деп ой түйеді : « әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшіншісі – зұлымдық деп білесің. Надандық - білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік – хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Зұлымдық - адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді.Адамгершілік пен әділдік болмаған жерде өкініш пен мұқтаждық жүреді, олар адамды бақытқа жеткізе алмайды».
Абай әрекет етуді, еңбек етуді, талап қылуды алдыңғы орынға қояды. «Құдай тағала сеніменен бірдей жаратып па? Демек, - құдай тағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғандығы. Бұл- ойсыз, өнерсіз, надан адамның ісі. Оған құдай тағала көрме, есітпе, естіген-көргеніңді ескерме, есіңде сақтама деп пе? Ойын-күлкімен, ішпей-жемей, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып алып, хайуан бол деген жоқ», - деп жазды ол.
Табысын, несібесін үнемдеу, көбейту де адамның өз қолында екені әмсе белгілі. Абайша айтсақ, «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Ақынның қоғам, заман, адам болмысы, еңбек және жұртшылық туралы айтқан ұлағатты сөздері мен өсиеті осы уақытқа дейін ескірмей келе жатқан рухани мұра.
Абай қазақтың ақыны болып қана қойған жоқ, қазақ даласындағы саяси өмірге , билік ісіне де араласты. Халқымның өресі қайтсе биіктейді, санасы қайтсе көтеріледі , өркениетті елдер қатарына қайтсе қосылады дегенді «қалың елім, қазағым!» дей отыра жырлады.
Бүгінгі қазақ қоғамы – дана Абай айтқан дерттерден толық арыла алды ма, оны шерлі еткен кемшіліктер біздің қоғамда жойылды ма, сол замандағы күрделі саяси-әлеуметтік ахуалдан Қазақстан арылды ма?
Әрине, одан бері, қазақ елі өте үлкен ғаламдық өзгерістерді басынан өткерді. Қоғами ауыртпалықтарды көтере білген ел дамудың даңғыл жолына бет ала бастады. Тәуелсіз қазақ елі- жаһандық ықпал көшінен қалмай, әлемнің барлық елдерімен терезесі теңдескен, өз алдына айқын мақсаттар қойған, даму сатысына қадам басқан ел бола алды. Абай шығармашылығына өзек болған мәселелер – мәңгілік тақырыптар, діңгекті,өзекті жайлар. Дегенмен, Абай шығармашылығына арқау болған – жалған құндылықтар, жалған намыс, надандық , қызыл сөз, өсек, өтірік, мақтаншақтық, аярлық, күншілдік, надандық сияқты қасиеттер ұлт бойында әлі де сақталып отыр. Алайда, ол қасиеттер барлық халықтарда бар. Ал, Абай осысымен тұтас адамзат баласының адамдық қасиеттерінің сапасын анықтайды. Сол себептен де ақынның шығармашылығы адамзат баласына, ортақ мәңгілік құндылықтарға негізделгендігінен оның көтерген мәселелері қазақ баласы үшін ғана емес, барлық адамзат баласы үшін өте өзекті болып қала бермек.
Ол шығармаларында рухани жұтаңдық, білімсіздік, надандық, имансыздық, тоғышарлық, енжарлық, жалқаулық, сөзуарлық, екіжүзділік, күншілдік, атақшылдық, мақтансүйгіштік, дүниеқоңыздық, мансапқорлық, көрсеқызарлық, менмендік, мақтаншақтық, әділетсіздік, сатқындық сияқты қай замандарда болмасын адам бойында болатын кемшіліктерді сөз ете отырып, адами қасиеттерді жақсартуға, жетілдіруге, толықтыруға, жаман қасиеттермен күресуге шақырды. 44- қара сөзінде «адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады» деп адам баласының әлсіз тұсының тамырын дөп басады.
Абай шығармаларында- қазіргі таңда адамзат қоғамының дертіне айналған ұлтшылдық, ксенофобия, нәсілшілдік, фашизм сияқты мәселелер бағзы уақыттарда көрініс тапқан.Яғни, бүгінде жаһандық мәселелерге айналған ұлтшылдық, ксенофобия, нәсілшілдік, діни антагонизм, радикализм мен фанатизмнен айығар жол Абай шығармаларында жатыр.
Абай 36-сөзінде «надандықтың ұяты» дегенді айтады.Яғни, ұялмайтын нәрсеге ұялатын, ұялатын нәрседен ұялмайтын тоғышар санадан рухани, адамгершілік құндылыққа ұмтылатын кезең келгендей. Адам құны мен құқығы аяқ асты болған қоғамда – адам ешқашан бақытты болмайды. Ол 34- сөзінде : «Адам баласына адам баласының бәрі - дос» дейді. «Адамзаттың бәрің сүй – бауырым деп» жырлап, ұлтқа, дінге, нәсілге, әлеуметтік жікке, жынысқа бөлмей баршаға махаббат сезімде болуды үндеуі, қазіргі адамзат қоғамының басты ұранына айналуы тиіс. Мынау бізге жат, мынау бізге теріс, мынау мүлде болмайды, мынау өзге діннен, мынау өзге ұлттан деп қоғамда түрлі шектеу, тыйым, наразылық, жиіркеніш, жеккөрушілік өршігенде ешқашан келісім мен татулық болмайды. Адамзат қоғамы Абай сынды ұлылардың парасаты арқасында ұлық, биік болуы тиіс. Әлем ұлыларының бәрінің асыл ойлары адам баласын бақытты өмір сүруге шақырып отырды және шақыра береді. Ал, Абай солардың бірі ғана емес, бірегейі. Соны дүние жүзіне таныту ұлтымыздың қасиетті парызы болмақ. Назар қойып, тыңдағандарыңызға рақмет!»