Sustainable journalism requires a dual education system
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық журналистиканы оқыту модельдері» тақырыбымен өткізілген халықаралық конференцияда БАҚ өкілдері, халықаралық ұйымдар мен ғалымдар отандық және әлемдік журналистиканың даму үрдістерін және таяу болашағын талқылады.
Аталған конференция IV Халықаралық Фараби оқулары және БҰҰ академиялық ықпал Хаб бағдарламасының аясында Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен журналистика факультетінде биыл екінші рет өткізіліп отыр. Конференцияға қатысқан ЕҚЫҰ, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы, «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы, «Түркі тілдес журналистер қоры» ҚҚ, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы өкілдері Қазақстандағы журналистік білім берудің маңызды мәселелерін, тұрақты даму мақсатындағы міндеттерін айқындауға тырысты. Тұрақты даму саласындағы 17 мақсаттың төртіншісі әрі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген сапалы білім беру бағыты жиынның негізгі өзегіне айналды.
Қазіргідей сандық, мультимедиялық интерактивті коммуникациялық технологиялар дәуірінде халықаралық деңгейде журналистер дайындау, оқу бағдарламаларының сапасы аса өзекті мәселеге айналды. Тұрақты даму мақсатындағы журналистика объективті, толыққанды, жан-жақты ақпарат берумен қатар, экология, теңсіздікті қысқарту, климат өзгерісі, қоршаған орта т.б. мәселелерді журналистерден өз деңгейінде, сауатты жазуды қажет етсе, ақпарат алмасудың жаңа әдіс-тәсілдері дамып, жаңа медианың ел өміріне дендей енуі ақпарат берушіден сапалы контент түзуді талап етеді. Телекоммуникациялық, компьютерлік және хабар тарату технологияларының өзара қызметі коммуникациялық ортаны жетілдірді.
Қазақ ұлттық университеті қызметінің басым бағыттары ретінде білім беру қызметінің сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамыту, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу анықталды. STEM-білім беру жаңа технологиясы енгізілді. Әлемдегі бәсекеге қабілетті жетекші ЖОО білім беру бағдарламаларына сәйкес оқу бағдарламаларын жетілдіруді мақсат етеді. Дуалды оқыту, яғни, білім мен өндірістің тиімді ықпалдасуы, оқу бағдарламаларын түзуде жұмыс берушілердің талап-тілегін ескеру аталған басым бағыттардың өзегін құрайды.
«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, Редакторлар кеңесінің төрағасы Ж. Кенжалин құрылғанына 20 жылдан астам уақыт болған ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының оқу үдерісін ұйымдастырудағы, инновациялық технологияларды білім беру ісінде қолданудағы аяқ алысын бағалай келіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Халықаралық журналистика мәселесінің қазақ топырағында кеше немесе бүгін ғана көтерілмегендігін, қазақ тіліндегі тұңғыш газеттерде («Түркістан уәләятының газеті, «Дала уәләятының газеті») сондай-ақ «Қазақ»газеті, «Айқап» журналдарында қозғалып, журналист бабаларымыздың ғаламдық мәселелерді көтеріп, талқылағанын атап өтті. «Қазақ газеттерінің» журналистерді баптап, тәрбиелеуге қосқан үлесін айта келіп, «Ақиқат», «Мысль» журналдарында журналистік білім беру сапасы мәселелерінің жиі жазылатындығына тоқталды, студенттердің лабораториялық жұмыстарын осы журналдар базасында өткізсек деген тілегін білдірді.
«Қазақстан 2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, 5 институционалдық реформасы ҚР БҰҰ қызметінің «Даму мақсатындағы әріптестік» (PFD) 2020 жылға дейін жүзеге асырылатын бағдарламасында көрініс тапты. ҚазҰУ академиялық ықпал бағдарламасы бойынша тұрақты даму саласында UNAI-хаб бола отырып, көшбасшы ретінде танылды және Қазақстандағы 20 ЖОО жұмысын үйлестіреді, әлемдегі 3500 ЖОО-мен байланыс жасайды», — дей келе, Алматы қ. ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының коммуникация және ақпарат бағдарламасының маманы С. Карпов тұрақты даму мақсатындағы БАҚ қызметіне, пікір еркіндігіне, коммуникация сипатына тоқталып, бейбітшілікке негізделген 16-шы бағытына баса көңіл бөлді. БАҚ дамуы саласындағы жаңа жобаларға ерекше тоқталды. 3-мамыр дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне орай ұйымдастырылатын шараның осы конференциядан бастау алып отырғандығын айта келіп, ұлттық универсиеттің академиялық ықпал етудегі рөлін атады.
Астанадағы ЕҚЫҰ Кеңесі бағдарламасының саяси мәселелер және БАҚ бойынша ұлттық үйлестірушісі М. Дубовицкая журналистердің құқықтық сауаттылығын, білім беру әдістерін үнемі жетілдіру қажеттілігін тілге тиек етті, қазақ тіліне аударылған оқу бағдарламасының маңызына тоқталды. «Қазіргі таңда ертеңгі ел басқаратын жастардың санасын блогерлер қалыптастыруда. Біз білетін отандық блогердің 11 миллион жазылушысы бар. Ақпараттық ортада маңызды ақпарат беріп, бәсекеге төтеп беруге қабілетті болуымыз керек», — деді «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының директоры А. Жалилов. «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы құқықтық сауаттылық бойынша журналистердің білімін жетілдірумен айналысып келеді. Аталған ұйымның сарапшысы Ғ. Әженова БАҚ туралы Заңдағы журналистердің жұмысын едәуір қиындататын өзгерістерге алаңдаушылық білдірді.
Жиынға қатысқан Н. Жоямергенқызы («Түркі тілдес журналистер қоры») , Б. Әшірбаев («Заң» газеті), Ж. Әбділда («Ұлан» газеті), З.Жұманова («Мектеп Мерейі» журналы), Б. Қабдолданова («Гүлстан» журналы) т.б. қазақ журналистерінің халықаралық деңгейде жұмыс істеуі, халықаралық деңгейдегі шараларға қатысуы, жаңа медианың мүмкіндіктерін пайдалану, журналистік этика, адами құндылықтарды ескеру мәселелерін қозғады. Бүгінгі заман талабы тек жазу, ақпарат таратумен шектелмейтіндігін, қазіргі заманауи құралдарды меңгерудің қажеттілігіне, салалық журналистиканың рөліне тоқталды.
Қат-қабат жұмыстарымен жиын соңында үлгеріп келген ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы ЮНЕСКО төрағасы Криста Пикатт конференция қатысушыларына сертификаттар тапсырды.
Төрт сағатқа созылған Халықаралық конференцияның платформасы журналистік білім берудегі өзекті мәселелерді айқындап, шешілу жолдарын ұсынуға, пікір алмасуға мүмкіндік берді. Қызу пікірталас өрбітті. Барлық пікір бір арнаға тоғысты. Журналистік білім беруде жоғары оқу орындары мен практик мамандардың берік одағы кәсіби құзіреттіліктерді қалыптастыруға негіз болары даусыз.