Коронавирус пандемиясы қазақстандық жоғары оқу орындарын қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуге мәжбүр етті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері карантин кезінде ой-өрістерін кеңейтіп, кітап оқып, білімдерін толықтыра түсуде. Университет ректоры Ғ.Мұтановтың бастамасымен қолға алынған «ҚазҰУ студенті оқуы тиіс 100 кітап» жобасы бүгінгі таңда ерекше мәнге және өзектілікке ие болуда.
Жуырда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық ата-аналарды қосымша демалыстарды балаларына кітап оқуға деген сүйіспеншілікке баулу үшін пайдалануға шақырды. «100 кітап» жобасын бірнеше жыл бойы табысты жүзеге асырып келе жатқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері бұл үндеуді қолдады. Оның мақсаты – студенттерді әдебиетке тарту, маңызды адамгершілік бағдарларды қалыптастыруға жәрдемдесіп, олардың зияткерлік және рухани дамуына ықпал ету. Университет жобасы аясында студенттер жүз кітап таңдап оқуға тиіс классикалық әлемдік туындылар мен ұлттық әдебиеттің ең үздік тізімі ұсынылды. Әрбір студент уақытты ұтымды пайдалану керектігі мен оның ең жақсы тәсілі – кітап оқу арқылы өзін-өзі дамыту және тәрбиелеуге инвестициялау екендігін түсінуі қажет.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ студенттері алдыңғы қатарлы сандық білім беру технологияларын қолдана отырып қашықтықтан білім алуда. Жаңа жағдайларда өздігінен білім алу ерекше өзектілікке ие болып, студенттер білім мен біліктіліктерінің басым бөлігін бүгінде тегін қолжетімділігі кең етек жайған ашық интернет-көздерінен, порталдар мен білім беру ресурстарынан алуда. Өкінішке орай, қазіргі таңда кітап өзге жоғары технологиялық ақпарат құралдарына қарағанда өз мәртебесін біршама жоғалтуда. Дегенмен, оның ең басты қызметі – ғасырлар бойы жинақталған білім мен тәжірибені сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу өзекті болып қала бермек, сондай-ақ ол технологиялардың дамуына қарамастан адам мен қазіргі заманғы қоғамның дамуындағы аса маңызды буын.
«100 кітап», «Айналаңды нұрландыр» сынды университеттік жобалар жастардың азаматтық және рухани-адамгершілік тәрбиесіне үлкен үлес қосуда. Кітап оқуды танымал ету мақсатында факультеттерде кураторлық сағаттар, әдеби кездесулер мен шығармалардың танымал авторларымен арнайы кештер өткізілуде. Карантин кезінде бұл шаралар онлайн режимінде өтуде. Ең белсенді студенттер жалпыуниверситеттік «Жыл оқырманы» байқауына қатысады.
Бос уақытын жақсы кітаптар мен мазмұнды және сапалы әдебиеттерді оқуға арнай отырып, ҚазҰУ студенттері өз мәдениеті мен білімдарлығының деңгейін арттыруда, бұл – кәсіби және рухани-адамгершілікті қалыптастырудың жақсы негізі.