Шығыстану факультетінде араб тілін оқыту бойынша халықаралық онлайн-семинар басталды

11 мамыр, 2020

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен Сауд Арабиясы Королдігі әл-Жуф (Al-Jouf University, Saudi Arabia) университетімен бірлескен «Шетелдіктерге заманауи технологияны қолдана отырып араб тілін үйрету» атты халықаралық кезекті семинар басталды.

Халықаралық онлайн-семинарды әл-Жуф университетінің профессоры, белгілі тіл маманы Махмуд Абдул Хафиз Халафалла жүргізді. ЖОО оқытушылары мен докторанттарына арналған семинар араб тілінің шығу тарихы мен қалыптасуы, таралуы, ерекшеліктері мен өзге тілдерге ықпалы туралы кіріспемен басталып, қазіргі таңдағы әлемдік тілдер деңгейіндегі рөлін сөз етті.

Онлайн-семинардың барысында доктор Махмуд Абдул Хафиз шетелдіктерге араб тілін үйретуде шетелдік оқытушыға қойылатын басты талаптар: тілді сүю, оны жете меңгеру, сырларына бойлау, араб тілінде үздіксіз оқу, сол тілде жазу, сол тілде ойлау, жергілікті диалектіде сөйлейтін араб өкілдерімен диалог құру, студенттерді араб тілінде ойлау арқылы ойын жеткізуге үйрету, бір сөзбен айтқанда, араб тілін араб тілі арқылы оқыту екенін баса айтты. Білім алушыларға тіл үйретуде замануи технологияларды қолдану заман талабы екенін, сондықтан араб тілі дәрістерінің көрнекі құралдарды, оқулықтары электронды нұсқада сақталуы, араб тілінен дәріс беретін оқытушының дәріс беруде озық үлгідегі техникалық құралдарды жоғары дәрежеде меңгеру керектігі т.б. талаптар туралы жан-жақты тоқталды.

Сондай-ақ, доктор Махмуд Абдул Хафиз Халафалла білім алушыларға араб тілін меңгеруде Educational Computer, E-Learning, Mobile Learning түрлерін қолдану зор нәтиже беретінін түсіндірді.

Онлайн-семинарға, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Л.Н.Гумелев атындағы ЕҰУ-ті, Абай  атындағы  Қазақ Ұлттық педагогикалық  университеті т.б, оқытушылары мен докторанттары қатысты.

Онлайн-семинар келесі аптада әрі қарай жалғасын таппақ.