Онлайн форматтағы «БҰҰ моделі»

20 мамыр, 2020

Алғаш рет «БҰҰ моделі - Жаңа Жібек жолы» халықаралық конференциясы онлайн форматта өтті. БҰҰ-ның құрылуының және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 75 жылдығына арналған іс-шараны БҰҰ Ақпараттық бюросы мен Алматыдағы ҚР СІМ өкілдігінің қолдауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырды. 

«БҰҰ моделі - Жаңа Жібек жолы» – бұл түрлі елдердің дипломаттары ретінде БҰҰ жұмысын бейнелейтін студенттер мен жоғары сынып оқушылары үшін ауқымды халықаралық жоба. БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасын төртінші кезең қатарынан басқарып келе жатқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аталмыш шараны алғаш рет онлайн форматта өткізуде.

Жоба қазіргі заманның жаһандық мәселелеріне жастардың назарын аударуға, әлем туралы біртұтас көзқарас қалыптастыруға, зерттеу дағдыларын дамытуға, мәдениетаралық коммуникация мен диалог құру арқылы шиеленістерді еңсеру қабілеттерін дамытуға бағытталған.

Бүкіләлемдік ғаламдық конференцияға Азия, Африка, Америка және Еуропадан 200-ден астам студенттер мен мектеп оқушылары, сондай-ақ халықаралық сарапшылар, БҰҰ және дипломатиялық орта өкілдері қатысты. Екі күн бойы жас спикерлер бітімгершілік пен адамзаттың тұрақты дамуының 17 мақсатын жүзеге асыру, сондай-ақ Covid-19 таралуын болдырмау, жаһандық экономиканы қалпына келтіру, сапалы онлайн білім алуға қол жетімділікті қамтамасыз ету, пандемия кезінде әлеуметтік қолдау және тағы басқа өзекті мәселелерді талқылады.

«Биыл академиялық қоғамдастықтың зияткерлік әлеуетін заманауи әлемнің мәселелерін шешуге жұмылдыруға арналған БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының бастау алғанына 10 жыл толуда. БҰҰ күн тәртібі мен тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда жастарға маңызды рөл берілуде, бұл жаһандық пандемия кезінде ерекше өзекті», - деп атап өтті конференцияны аша отырып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бірінші проректоры профессор М. Бүркітбаев.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов БҰҰ моделінің заманауи жас көшбасшылары адамзат өркениетін сақтаудың жоғары идеясымен бірігіп өз елдерінің, жалпы бүкіл әлемнің тұрақты дамуына ықпал ететіндігін атап өтті. Сонымен қатар ол конференция қатысушыларын айтулы күнмен – БҰҰ-ның 75 жылдығымен құттықтап, оларға жемісті жұмыс тіледі.

Сонымен қатар, БҰҰ моделінің қатысушыларын онлайн режімде қарсы алғандардың қатарында: Біріккен Ұлттар Ұйымының ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, ЮНЕСКО-ның кластерлік кеңсесінің директоры Криста Пиккат, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль, ҚР СІМ Алматыдағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ Алматыдағы ҚХР Бас консулы – Гэн Липин, АҚШ-тың – Эрик Мейер, Ресей Федерациясының – Евгений Бобров болды.

www.kaznu.kz