Қайыржан Бекхожин өмірінің өнегесі

24 ақпан, 2011

Зиялы тұлғаларымыздың адамдық болмысын еске түсіріп, өнегелі азаматтарымыздың өмірін ұрпаққа үлгі ету аға буын алдындағы үлкен борыш. Осы орайда отандық білім және ғылым кеңістігінің көшбасшысы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Қазақстан ұлттық журналистикасы ғылымы мен білімінің негізін салушы Қайыржан Нұрғожаұлы Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойына арналған «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген кітаптың тұсаукесері өтті.

Игі бастамаға мұрындық болып отырған ҚазҰУ ректоры алғысөзде: «Осы университеттегі журналистика факультетінің іргесін қалаушылардың бірі, белгілі журналист, публицист Қайыржан Бекхожиннің 100 жылдығына арналған кездесуге жиналып отырмыз. Қарашаңырақ ҚазҰУ-де үлкен бастама қолға алынды. Ұлттық университетте қызмет атқарған азаматтар бір төбе. Біз сол зиялыларымыздың еңбектерін насихаттасақ, бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болады», - дей келе публицистің ұстаздық тәрбиесін, жақсылығын көрген қауымға бұл отырыс алда болашақ мамандарды даярлауда тың серпілістерге бағыт берсін деген тілегін жеткізді.

Көсемсөзшінің көрегендігін саралай келген ардагер-ұстаздар Тұрсынбек Кәкішев, Әбілфайыз Ыдырысов және бүгінде қазақ баспасөзінің өрісін дамытып отырған Жұмабек Кенжалин, Жұмабай Шаштайұлы, Ұлықбек Есдәулет, Бекжан Әшірбаев, Санат Ибраим сияқты апталдай журналист өкілдері кезек-кезегімен сөз алып Қайыржан Бекхожиннің адамдық болмысын аша түсті. Мәселен, Тұрсынбек Кәкішев: «ағамыздың амамгершілігі маған өмір бойы азық болып келе жатыр» дей отырып, тәуелсіздігіміздің бір анық белгісі ретінде дараларымызды, даналарымызды насихаттай беруге шақырды. Ал Жұмабек Кенжалин шәкірттік ұстазына деген толғанысын: «Бізге ұлы ұстаздар дәріс оқыды. Біз Кайыржан ағамыздан дәріс тыңдап, сынақ тапсырып, тәлім алдық. Ол кісі идеология кезеңінің өзінде «Айқап», «Қазақ» газеттері туралы айтатын» деп жеткізсе, Самат Ибраим: «Қайыржан ағаның қазақ баспасөзі тарихында алар орны жоғары. Ол кісінің аудиторияны бағындыруы, өзін-өзі ұстауы ереше дараланып тұратын еді. Мәдениетті, білімді ұстаздардан дәріс алғаныммен мақтанамын» деген пікірін айтты. Осы орайда белгілі публицистің адамдық болмысын шәкірті Аманхан Әлімнің ол кісі өте кең еді деген толғанысы айқындай түсті. Кітаптың тұсаукесері барысында баспасөздің құдыреттілігін ұрпаққа жете меңгертіп кеткен әлеуетті журналистке деген өрімді естеліктер легі толастамады. Бұл рухани басқосу «жақсының аты өлмейді» деген қазақ даналығын бұл ұрпаққа тағы бір үйреткендей болды. Өз кезегінде қазақтың төбелі азаматын ұлықтап жатқан ұлттық университетіке келіні Зайда апай батасын беріп, жылы лебізін жеткізсе, ректор Ғалымқайыр Мұтанұлы алда «Өнегелі өмір» сериясы бойынша Өмірбек Жолдасбеков, Тауман Амандосов сияқты ірі-ірі тұлғаларға арналған кітап дайындалып жатқандығын айтты.

P.S. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, Қайыржан Бекхожиннің өнегеге толы өмір өрнектерін бір басқосуда тауыса қою мүмкін емес. Осы кезекте, журналистика тарихы кафедрасының меңегрушісі Сағымбай Қозыбаев сөз өнері мен қыл қалам нарқасқаларын 4 наурызда журналистің 100 жылдық мерейтойына арналған «Қайыржан Бекхожин – қазақ журналистикасы білімі мен ғылымының негізін салушы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда басқосуға шақырды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі