"Егемен Қазақстан" Жалпыұлттық Республикалық газет
Заңғар
Жарық дүниенің табалдырығын бала болып аттап, Алла бұйырған өмір жолының жүгін абыроймен көтеріп, азаматтық парызды адал атқарып, дана болып, тарихта қалу екі адамның бірінің маңдайына жазыла бермеген. Мен осы сөздерді ақ қағазға түсіргенде көз алдыма – сом алтыннан құйылғандай кескін келбеті кемел, айбарлы, ажарлы, атына заты, біліміне білігі, парасатына пайымы сай ұлы ұстазым Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков келді.
Ал көңілімнің көкжиегін – ұстазымның өз тұлғасы, яғни оның дарыны мен қарымының жемісі, әлемдік деңгейде жоғары бағасын алған ғылыми еңбектері кеңейтті. Қадірліміздің қасиетін таратып айта берсем жетіп артылады. Иә, «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», деп ұлы ойшыл, хакім Абай айтқандай, дара тұлғаның ғылымның қия жолынан мүдірмей өткен, мақсат биігіне сүрінбей жеткен, алға қойғанын бұлжытпай орындаған қазақтың арыс ұлы Өмірбек Арысланұлы 80-ге келді. Өмірден озғалы бері де 12 жыл заулап өте шығыпты.
Біртуар, тұғыры мықты Өмірбек ағаның атаулы күнін, яғни бұдан бұрын 70 жылдығын, енді 80 жылдығын өзінсіз атап өтейік деп отырмыз. Ұлтымыздың бет бейнесі, абырой беделі саналған жақсының жақсылығын айтып, кейінгі өскін ұрпаққа үлгі ету біз үшін қарыз да парыз деп білемін. Мұны ұлттық өнегемізге сай дәстүрге айналдыру – ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырады. Өткенді ұмытпай, әсіресе халқымыздың Өмірбек ағадай арыстарын әспеттеу үрдісін де орнықтырады. Ғалым: «Өткенді ретті-ретсіз сынап-мінеп, дым көрмегендей бола қою тарихқа қиянат болмай ма? Адамзат тарихында талай рет дәлелденгендей, өткенге тас лақтыра бергеннен пайда таба қояр ма екенбіз?! Келешектің бізді зеңбірекпен атпасына кім кепіл? Әсілі, өткеннен тиісті қорытынды жасау, кеткен кемшіліктен сабақ ала білу – аса парасатты парыз болуға тиісті. Заман талабына сай жаңару, жетілдіру ылғи да табиғи болып отыратын құбылыс емес пе?», депті бір мақаласында. Шынында, өткенді талдай отырып сабақ алу, алдыңғы толқынның еңбегін бағалап, кейінгі ұрпақтың игілігіне жарату өсер елдің өркенді ісі.
Өмірбек Арысланұлы – ең алдымен тұлпар тектес, төрт құбыласы тең ұстаз еді. Оның алдынан мыңдаған шәкірт білім алды. Жүздеген мықты мамандар, ондаған оқымыстылар шықты. Қазақтың байтақ даласындай кең пішілген келбеті қашан көрсең жылу шашып тұратын. Құшағы кең, жүрегі дархан, көңілі шуақты – міні кем, кісілігі мен кішілігі тең еді. Сөйлесе шаралы жанарына сыр бүкпей, ағынан жарылатын, ақыл айтса, шын пейілімен айтатын. Ол кісімен пікір бөліскенде ұшан-теңіз білім жауһарынан нәр алып, мұхиттың айдынында жүргендей қанаттанып отыратынсың. Адамды алалау, намысқа тию, қысқа қылықтың жетегіне еріп қиянат жасау, орынсыз ашу шақырып, жөнсіз тиісу оған жат еді. Досқа адал, жолдасқа жолбасшы болатын. Үлкеннің алдын қиып өтпейтін, ініге мейірімді еді. Жалт етіп бір қарағанда сенің бүкіл жандүниеңді, не айтқалы отырғаныңды, ой-өлшеміңді айнадағыдай анық біле қоятын. Арың таза, талантың тас жарып тұрса, бауырына тартатын, балапандай баулитын, баласындай алақанында ұстайтын. Жетпей тұрған тұсыңа қамқорлық көрсететін. «Адамның адамдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» (Абай) деп, қарғадайымыздан қасында жүрген Өмекеңнің інілері мен шәкірттері біздер, асыл азаматтың барлық жақсы қасиеттеріне қанықпыз. Соны кейінгі жастарға қалыбын бұзбай, өнегесін үзбей жеткізсек, алдыңғы толқын мен кейінгінің арасына алтын көпір болсақ дейміз.
Ардақты жанның жайшылықта жайсаң әзілі мен қалжыңын қатар қойып, жүзі нұрланып жүргенмен жұмысқа келгенде іскер еді. Ғылыми еңбекке отырғанда табан аудармай, бүкіл қуат-күшін соған арнайтын. Мақсатына жеткенше, алдына қойған ісін тындырғанша қозғала қоймайтын. Ізденген үстіне іздене беретін. Дәлелді сөзге тоқтайтын, дәйексіз сөзге мойын бұрмайтын. Құбылаға қарап қырық құбылғанды, жалтақтап, жалпақтағанды, сөзінде бәтуа, ісінде береке жоқ тұрақсызды маңайына жолатпайтын. Айбын десең айбын бар еді. Өжеттік десең, ол да өн бойынан табылатын.
Ой түбінде қорытылып, ақылмен үйлескен ғұламаның өмір кезеңдерін ой елегінен өткізсең, ауылдан басталған алғашқы қадам, бел белеске ұласып, одан соң жас жігіттің бойын кернеген қарымды білім шырқау шыңға бет алады. Дәуір алмасып, ұрпақ жаңарып жатыр ғой. Сол себептен де мен Өмірбек Арысланұлының балауса шыбықтың тамыр жая келіп, мәуелі бәйтерекке айналатыны секілді, оның өткен жолын аз да болса таратып айта кетсем деймін.
Мектепті алтын медальмен бітірген, арманы асқақ, қиялы болат қанатты қырандай көкке самғаған болашақ ғалым бірден Мәскеуге жол тартады. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны үздіктер қатарында бітіріп шығады. Туған еліне оралып, теориялық білімді тәжірибе үстінде дәйектеу мақсатында Шымкент қаласындағы Қазақ технология институтының математика және механика кафедрасына оқытушы болып қызметке тұрады. Терең білім, тегеурінді қадам оның адымдап алға озуына молынан мүмкіндік береді. Аға оқытушылықтан механика факультетінің деканына көтерілген тұста, жұмыстың қызығымен кетпей ғылымның қия жолында бақ сынасам деген ой оны тағы да Мәскеуге жетелейді. Ондағы тоқыма институтының аспирантурасына қабылданып, үздік бітіріп, кандидаттық қорғаған алымды жігітті оқу орнының басшылығы ұстаздық қызметке қалдырады.
Бірақ кісі елінен өз жұртын жоғары қойған Өмекең қайтадан атамекеніне келіп, бұрынғы Қазақ политехника институтына доцент болып жұмысқа тұрып, артынан кафедра меңгерушісі, декан, проректорлық қызметтерді абыройлы атқарады.
Одан кейін қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ректорлыққа ауысып, 16 жыл сонда еңбек етті. Осы уақыт ішінде сан қырлы, бір сырлы талант иесі ұйымдастырушылық жұмыстарында да, ғылым әлемінде де үлкен жетістіктерге жетті. Механика-математика саласындағы теориялық ізденістері өндірісте өз жемісін беріп, үлкен абырой, атақтарға кенелді. Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясына академик болып сайланып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ғылымға еңбегі сіңген қайраткер дәрежелерін иеленді. 24 ғылым докторын, 90-нан астам ғылым кандидаттарын әзірледі. 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы атанса, оның ішінде 18 монография, 30 оқу құралы бар. Ең бастысы, Өмірбек Арысланұлы қазақ топырағында механизмдер және мәшинелер теориясын, мәшинетану жөніндегі тұңғыш қазақ терминологиясын жасады. Университеттер мен жоғары оқу орындары үшін механизм және мәшине теориясы туралы қазақ тілінде бірінші оқулықты жазып, шығарғанын ерекше айтуға болады. Бұл орыс тілі дәуірлеп, қазақ тілі қаға берісте қалған 1972 жыл еді.
Пайым-парасаты, ой-өлшемі қашан да ілгері жүретін академик өміріндегі тағы бір елеулі кезең, жоғарыда айтқанымыздай ұлт үшін, жұрт үшін тер төккен жылдары еді. Онысы кейін солақай саясаттың қаһарына ілініп, біраз қалжыратты. Бірақ рухын жығып, от болып жанған үмітін өшіре алмады.
Академик Жодасбековтың сан қырлы дарыны, қажыр қайраты, көрегендігі ҚазМҰУ-ды басқарған тұста ерекше көзге түсті. Жастарға білім беріп, тәрбие үйрету үшін алдымен оларға жағдай жасауды алға оздырған азамат – оқу орнының ауқымды жерге жаңа қалашығын салуды ойластырды. Бұл істе ол іскерлігімен де, ісмерлігімен де танылды. Толқын-толқын ұрпақ білім алатын орданы тұрғызу тұсында құрылысшылармен қатар жүріп, ақылдың да, еңбектің де ерен үлгісін көрсетті.
Осы алып кешен туралы әңгіме бола қалса, ол өзінен гөрі өзге азаматтарды, ат салысқан, қолұшын бергендерді аузынан тастамайтын. Қазақ топырағындағы жалғыз университеттің ғимаратын мен емес, ел салды, Димаш Ахметұлы, Бәйкен Әшімұлы, Нұрсұлтан Әбішұлы, тағы да басқа азаматтар бел шешіп кірісті, ұлттың ұлттық университеті әлемдік дәрежеде болу керек, кемдік көрмеуі қажет, төрт құбыласы сай болсын деді. Соны істерімен дәлелдеді.Үлкен жауапкершіліктің, үлкен мақсаттың үдесінен шыға білді.
Жұмған жұдырықтай болған ел азаматтары, әсіресе Өмірбек Арысланұлы сол кешен арқылы артына өшпес белгі қалдырды. Біз білім ордасына келген жастар Өмекеңнің еңбегін біліп жүрсін деп бас ғимараттың алдына ол кісінің аты-жөнін жазып, еңбегін көрсететін мәрмәр тақта қойдық.
Осындайда ойды ой қозғайды. Қазақ жұрты тәуелсіздігін алғанға дейін тар жол, тайғақ кешу кезеңдерін бастан көп өткізді. Билеушілер санасында сәулесі мол ұлт жақсылары мен зиялыларын ықтыру үшін, көбейіп бара жатса көресесін көрсету үшін әр толқын тұсында қайта-қайта дауыл болып соғып, қасірет боп оралатын еді. Сондай сұмдықтың бірі өзіміз куә болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі болатын. Дегенмен, бұл көтеріліс іргесі мықты, ешкім шайқай алмайды деген кеңес дәуірінің ыдырауына негіз қалады. Сонымен қатар, қазақ жұртының қаһарына мінсе, ар-намысын аяққа таптатпайтынын, қанша жерден сес көрсетсең де одан ықпайтынын, бұқпайтынын, жағаласқанның жағасында қолы кететінін көрсетті. Мұндай мінез көрсетудің ар жағында көпке ұлт зиялыларының ұлтты қадірлеу, халықтық қасиетті әспеттеу, өзіндік бет бейнесі, тағылым алар тарихы бар екенін айтып, санаға серпіліс бергенінде жатыр еді. Өмекең сияқты арыстар түрлі кездесулерде қазақтың арғы-бергі тарихынан әңгіме қозғап, әлемдегі қырық қырау мемлекеттердің түптің түбінде күйреп тынатынын айтып жүретіні де жастарды қанаттандырмай қойған жоқ. Кеңес дәуірі де қирағандардың кебін киді, қалтылдап тұрған тірліктің Желтоқсан көтерілісі шырқын бұзды, шырайын кетірді. Ақыры жермен жексен етіп, шеңбер үзіліп, одақ құрамында бодандық қамытын киген қуыршақ республикалар шынайы тәуелсіздігіне қол жеткізді.
Сол ауыр күндерде шексіз билікке әбден құнығып кеткен орталық ат үстіндегі қазақтың айтулы ұлдары мен қыздарынан үрейі ұшып, «құрықтауға» көшті. Соның алғашқы ілегіне академик ілінді. Он алты жыл басқарып, мыңдаған ұрпақты қанаттандырып шығарған білім ордасының іргетасын қалап, ғимараттар тұрғызған адамды жазықсыздығына қарамай, найза ұшына ілді. Ғылым мен білімнен аулақ жүрсін, зауытқа барып жұмыс істесін деді шолақ белсенділер. Ұлтшыл етіп шығарды. Төңірегін түгел қаралады. Жүзге таяу тексерулер жасап, жоқты бар, барды жоқ деді. Қайраткердің, ұлтына сіңірген еңбегін еш етпек болды. Бірақ халқын шын сүйген, адамдық табиғаты таза, азаматтық болмысы биік, ғылымға жанқиярлықпен берілген мәрт қазаққа қанша шүйліккенмен оның жалын-жігерін жасыта алмады. Ұлтқа, ұрпаққа қалтқысыз қызмет еткен адам қалай кінәлі болып шықсын? Бәріне ғалым қайсарлықпен, күрескерлікпен төтеп берді. Ақыры ақтығын дәлелдеді. Айыпты етіп шығаруға тырысқан топ адыра қалып, азаматтың арына түскен дақ алынып тасталды.
Өмірбек Арысланұлы қырандай түлеп, қанатын қайта жайды. «Қазақ білімі мен ғылымын қайтсек өркендетеміз, өрісін кеңейтеміз, әлемдік деңгейге жеткіземіз», деп қасында қаумалап жүрген біз секілді шәкірттерін жігерлендірді. Кемедегінің жаны бір деп, біз де ағаның жанынан табылдық. Аз уақыт үзіліп қалған қыруар жұмыстарымызды, ізденістерімізді, жоба-жоспарларымызды іске асыруға кірістік. Ол туралы айтпас бұрын мына бір жайды назарға сала кетсем деймін. Ғылым да, ғалым да – халық қазынасы, ел байлығы. Соны естен шығарып, «сен кім едің, биліктің қасында» деп есерлікке салынған ессіз оқиғалар – мен ардақ тұтатын екі алыптың басынан өткен екен. Өткен ғасырдың ортасында қазақ ғылымының атасы, Ұлттық ғылым академиясын өз қолымен құрып, бүгін сән-салтанатымен көз тартып тұрған оқымыстылардың ғажап үйін атақты сәулеткер академик В.Шуховтың жобасымен салдырып, пайдалануға берген Қаныш аға Сәтбаевты да жазықты етіп, қызметтен босатқанын білеміз. Сол Шуховтың алтын медалін алған Өмекең де Қаныш ағамыздың күйін кешті. Осындайда тәуелсіздіктің, елдіктің қадірі ерекше екенін ұғасың. Біз мұны өзіміз ғана ұғып қоймай, басты құндылығымыз тәуелсіздік екенін өзгелерге де түсіндіруіміз керек.
Ғылымдағы қол жеткен жетістіктерімен Өмірбек Арысланұлы әлемдік деңгейге көтерілген ғалым. Ол кісі: «Шын ғылымды ілгері апаратын да, ашатын да талантты жастар. Біз сол талантты жастарды дайындауымыз керек, жалықпай тәрбиелеуіміз қажет, әрине көп қаржы кетеді. Бірақ қайтарымы түптің түбінде болмай қоймайды», – дейтін. Мұны сөз жүзінде қалдырмай, өзі іс жүзіне асырды. Ондаған, жүздеген дарынды жастарды ғылым әлемінің құпиясын ашуға баулыды. Соның бір дәлелін жоғарыда айттым, жүзден аса белгілі ғалымдарды әзірлеген.
Әр ғылымның өзіне тән саласы болады. Оның көшбасында ішкі әлемін, сыр сипатын, бағыт-бағдарын, терең иірімдерін алғаш теориялық негізде дәйектеп, артынан тәжірибеде жүзеге асырып, халықтың игілігіне беретін айтулы тұлғалар тұрады. Айталық, арыға бармай беріден қайырсақ, Ресейде механика ғылымы ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында зерттеле бастады. Мәшинелер механизмдері теориясы туралы П.Л.Чебышев, И.А.Вишнеградский, П.О.Сомов, А.Е.Жуковский, Л.В.Ассур, тағы басқа да ғалымдар еңбегін кеңестік дәуірде академиктер И.А.Артоболевский, А.Ю.Ишлинский және сол ұстаздарының қатарында біздің Өмекең де өз үлесін қосты.
Ол Қазақ елінде мәшине механизмдері мектебін құрып, оны әлемдік биікке көтерді. Сөзіміз жалаң болмасын, нақты мысалдарға жүгінелік. Ат арбамен жүретін заманнан өтіп, техника тегеуіріні артқанда ғалым бұл істі қазақ ғалымдарының арасында тұңғыш рет қолға алды. Мәшинелерді жетілдіріп отыру өмір талабы екенін ерте ұғынған ғұлама Отанымызда мәшинелер мен механизмдер теориясының (ММТ) негізін қалады. Өзінің шәкірттерімен жазық иінтіректі жоғары класты механизмдердің теориясын да тұңғыш рет дәйектеді. Мұның бәрін ұлтымыздың ұл-қызы өз тілінде оқып білсін деп, жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап механизм мен мәшине теориясы туралы кітабын шығарды. Сөз бен істі таразы басында тең ұстайтын ғалымның жазық иінтіректі жоғары класты механизмдер теориясының негізінде жасаған еңбектері елімізді төрткүл дүниеге танытты. Сол еңбектердің бірегейі жүк көтергіш, тиеу-түсіру қондырғылары халықтың қажетін өтеп жатты. Бұл жүздеген куәліктер мен патенттерге де қол жеткізді. Олардың қатарында Ұлыбритания, Германия, Италия, Польша, Финляндия, бұрынғы Чехословакия, Югославия секілді іргелі елдердің куәліктері бар еді.
Жүк көтергіштер лицензиясы Югославияның «Мего-18 Новемби» фирмасына сатылған болса, АҚШ-тың Хоуп-Индастриз фирмасымен ВШ-8 көтергішіне келісім жасалды. 1600 градус ыстықта болат қорытатын конверторда жұмыс істеуге бейімделген манипулятор жасалып, ол шетелдердің патенттеріне ие болды. Ғалымның осындай елеулі еңбегін жоғары бағалаған екі бірдей академик, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері А.Ю.Ишлинский мен Г.Г.Черныйдың «…Ө.А.Жолдасбеков – аса көрнекті ғалым-механик, механизмдер мен мәшинелер теориясы саласындағы маман. Академик И.И.Артоболевскийдің шәкірті және оның ісін жалғастырушы ретінде ол жоғары кластық механизмдер теориясын жасап, оның дамуына елеулі үлес қосты. Мұндай типтегі механизмдерді зерттеу үлгісін ұсыну тиімді, бірнеше жаңа мәшинелердің жобалау әдісін жасауға және оларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді…», – деп бағалауы қазақ ғылымын, қазақ ғалымын көкке көтерумен бірдей болса керек. Бұған қоса, кеңістіктік механизмдер мен жоғары класты механизмдер жасау теориясы да нәтижелі болып, әлемдік деңгейде танылды. Ол дүниежүзі оқымыстыларына таныстырылып, осы тақырыпта халықаралық конференциялар өткізілді. Қазір де жалғасын табуда.
ХХІ ғасырды жаңа технологиялар ғасыры деп білген Өмірбек Арысланұлы ғалымдығына қоса, алғыр ұйымдастырушы екенін жоғарыда айттық. Ол кісі бүгінгі тірлікпен шектеліп қалмай, ертеңді, одан әрі болашақты болжап, соған ерте қам жасайтын, бізден де соны талап ететін. Оған да мысал келтірер болсам, «Механизм, мәшине және автоматика теориясының маманы» деген арнаулы ғылыми кадр даярлап шығаратын аспирантураны 1966 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетте ұйымдастырса, 1970 жылы мәшинелер механикасының ғылыми-зерттеу лаборатиясын, 1973 қолданбалы механика кафедрасын ҚазМҰУ-де жасақтады. Мұның бәрі оның жоғары класты механизмдерді зерттеп, зерделеу мақсатындағы бастамалары еді. Ғалымның мәшинелер мен механизмдер теориясы мәселелерінің математикалық моделін жасау жұмыстары бойынша талпыныстары да өз алдына жатқан бір әлем.
Жүз жылда бір туатын дара талант көп емес. Ондай адамдар санаулы. Соның бірі ғана емес, бірегейі Өмірбек Арысланұлы десек, артық айтқандық болмайды. Ол – өз дарыны мен талантын, ғылыми жетістіктерін дүниежүзі оқымыстыларына мойындатқан тұлға. Бұған бүкіл бір ғылымның саласын терең біліп қана қоймай, өзінің ақыл-ойымен, тума талантымен үлес қосқан ғұлама туралы айтқан әлемдік деңгейдегі білгірлердің кейбір сөздерінен дәйек келтіре кетсем жөн болатындай. Себебі, өзгелердің бағалауын оқыған кезде оның бүкіл тұлғасы тау шыңдарындай айқындала түсері сөзсіз. Мәселен, болгариялық академик Г.И.Бранков: «Кеңес Одағындағы бірнеше мектеп әлем көлеміндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттарына және қарқынына ықпал етуде. Академик Ө.Жолдасбеков басқарған Қазақстан мектебі жоғары кластық Ассур топтарының өзгермелі құрылымының механизмі жөніндегі теориясының маңызы зор», – десе, көрнекті академик Н.Г.Бруевич: «Академик Ө.Жолдасбеков жоғары класты механизмдер анализі мен синтезі жөніндегі теңдессіз ірі теория жасады. Сол арқылы әлемде тұңғыш рет жоғары класты механизмдердің құрылымдық, кинематикалық және динамикалық анализі мен синтезінің графоаналитикалық тәсілдерін ойлап тапты», – дейді. Ал Балтық жағалауындағы Тарту мемлекеттік университетінің профессоры Ю.Р.Лепик: «Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтың жасаған механизмдер мен мәшинелер теориясы негізінде дүниеге келген көтергіш-транспорттық, тиегіш-түсіргіш және манипулятор қондырғылардың бәрі де керемет, оларға КСРО-ның авторлық куәліктері берілген, шетелдерден патент алған және өндіріске енгізілген. Ол 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы», – деп ғалым талантына таңданысын білдіреді.
Осындай абырой атаққа бөленген айтулы ғалым Желтоқсанның бет қаратпаған ызғарынан арылған соң халқымен қайта қауышты. 1990 жылы Қазақ КСР халық депутаттығына ұсынылғанда, бәсекелестерін басып озды. Басып озатындай жөні бар еді. Ол көтерген мәселе жұрттың көкейінен шықты, елге игілік әкелді. Соның кейбіреулеріне тоқталар болсақ, ол Қазақстанға толық экономикалық дербестік беруді, ведомствошылықты жоюды, халықты қалжыратып бара жатқан экологияны түзеуді, ұлттық дәстүр мен мәдениетті дамытуды, жастардың еңбек етуіне мүмкіндік беруді, тәлім-тәрбие алуына қамқорлық жасауды, студенттерге сапалы білім, өз деңгейінде мамандықты игеріп шығуды, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын оңалтуды, стипендияларын толық күнкөріс деңгейіне жеткізуді, Қазақстан ғылымының абыройын көтеру үшін ғалымдарға бірінші кезекте жағдай туғызуды, академия мен жоғары оқу орындарында ғылымның қарыштап өсуі үшін материалдық базаны жақсартуды, ғылымға бейімі бар талантты студенттерді төменгі курстан бастап қамқорлыққа алуды, тағы басқа да келелі мәселелерді көтерген еді.
Тәуелсіз Отанымыздың абыройын арттырып, табысқа кенелтетін ақыл-ойдың жемісі деп, оның өмірдегі нақты нәтижесі жаңа техника мен технология екенін жұрттан бұрын електен өткізіп, ерте қимылдаған Алаш перзенті адам ақыл-ойы мен мәшине тетігінің қатынасын жетілдіру, ғалымдар арасында жоғарыда жаңалық ретінде атап өткен «оператор-манипулятор», яғни соны техника және технологиялармен қарулану, жапон мен неміс оқымыстыларынан қалыспай жүйелі зерттеулер жүргізу үшін отандық инженерлер академиясын құруға талпынды. Бүкіл саналы ғұмырында ізденумен, ойына алған мақсаттарын орындау жолында қажымай талпынудың арқасында мақсатына жетпей тынбайтын Өмекең бұл істі де 1991 жылы биік дәрежеде орындап шықты.
Шынында, өркениетті елдерде мұндай ғылым ордалары бұрыннан бар. Соны шетелдерге шыққанда зерттеп-зерделеп жүрген ақыл-ойдың данышпаны инженерлік академия жүйесін Швеция корольдігі академиясының шақыруымен сол елге дәріс оқуға барғанда түбегейлі шешіп келгенін айтқан еді. Инженерлік академия – бұл жаңа заманның техникасы мен технологиясының алтын арқауы дейтін. Мәселен, сол Швеция корольдігі академиясының құрылғанына 100 жылға таяу уақыт өтсе, Америка Құрама Штаттарындағы мұндай академияның мәртебесі тіптен зор екен. Ол ғылым ордасының құрамындағы ұлттық академиядан да артық көрінеді. Бұл қалай дегенге, Өмекең: «Ғалым-инженерлер өндіріс жаңашылдарымен бірлесе отырып, жұмыс істеу нәтижесінде тың жетістіктерге қол жеткізеді. Зауыт-фабрикамыздың бәрі заманға сай жаңа құрал-жабдықтарға зәру. Соны мына біз құрған академия тәуелсіз еліміздің аясында шешіп, оны бірте-бірте әлемдік деңгейге көтеру тиіс», – деген байлам-пайымдарын ылғи да айтып қана қоймай, осы тұрғыда шәкірттеріне бағыт-бағдар ұсынатын. Алысқа бармай-ақ Пәкстан елін алайықшы, «Ондағы инженерлік академия өткен ғасырдың 40 жылдарының бел ортасында құрылған», – дейтін.
Ізденген жетер мұратқа деп, ақыры академиямыз шаңырақ көтергенде оның алғашқы сессиясына Елбасы өзі келіп, қатысқан еді. Президент сол басқосуда біздің алдымызға үлкен міндеттер мен талаптар қойды.
Өмірбек Арысланұлының ылғи қайталап айта беретін төмендегідей қағидалы бір сөзі бар еді. «Ғалым не керек екенін біледі, ал инженерлер не керек екенін және оның қалай жасау керек дегенді де ой-саналарына тоқып жүреді», – деп отыратын. Бұл сөздердің астарында үлкен жауапкершіліктің жатқаны анық. Осы арада тағы бір айтарым, ғұлама ғалым іргетасын мықтап қалаған Қазақ елі Инженерлік академиясының атқарып жатқан жұмыстары, бір жүйеге түскен ғылыми зерттеулері, оның жетістіктері молынан. Біз мұны Өмекеңнің идеясының ілгері басуы, өз нәтижесін беруі деп білеміз. Әсіресе, мемлекетіміздің нығаюына бұл ғылым ордасы өз үлесін қосып, елімізді ілгері апару үшін бар күш-жігерді біріктіріп, ақыл-ойдың ұйытқысына айналуда.
Өмірбек Арысланұлы тәуелсіз Отанымыздың өрістеп-өркендеуіне өзінің үлесін қосты. Алғашқы жылдардағы елең-алаңдағы пікір қайшылықтарында Мемлекет басшысының тура жолын табандылықпен қолдады. Ел бірлігін, жұрт тыныштығын сол кездегі айбары мықты, ақыл парасаты биік азаматтармен серіктесіп тұрып қорғады. Талай тартысты өткен сөз сайыстарында білімділік көрсетті.
Айбарына қарай айтары, ақылына парасаты сай сол Алаштың арыс ұлы өмірден озғанда замандас інісі, қара сөздің хас шебері Әбіш Кекілбайұлы: «Дүниеден Өмірбек Арысланұлы озғанда қатты қамықтым. Шын мәніндегі өжеттігімен, өршілдігімен өз бақытының ұстасы өзі бола алған қажымас қайрат, қайсар ақыл, жасымас жігер иесі осындай от жалын азаматқа да тырнақ батыра алатын қатыгез ажал кімді аяйды дейсің деген ой келді», – деп тебіренген екен. Біз мұны тектінің тектіні бағалауы деп ұқтық.
Қазақ жерінің тұтастығын, халқының бірлігін сақтау жолындағы саясатты әркез қолдаған азамат ел астанасы Арқаға көшкенде, алдымен жетті. «Ел болып еңсе тіктеу үшін, жаңа Астананың әрқайсысымыз тірегі болуымыз керек, қадасындай қаланып, уығындай шаншылып, шаңырағын биіктетуіміз керек. Ел ғылымын дамытқанда гуманитарлық, мәдениет, жаратылыстану деп бөліп жармай, бірлікте қарау жөн. Алтын арқауын жасап алсақ, одан кейін бәрі де өз бағытымен жүре береді. Уығы түгел емес шаңырақты мықты дей алмаймыз. Дүниетаным ғылым мен білімнің сан салаларынсыз толыққанды бола алмайды. Әр істе энциклопедиялық білім мен білік керек. Егер шын мәнісіндегі ғылым болмаса, онда оның мәдени-дүниетанымдық мүмкіндіктерін жеткілікті деуге келмейді. Ғылымға сүйенбей, негізсіз болжам, аңыз-ертегілерге табан тіресек, пайдасынан зияны көп болады», – деген ол ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, кеңес өкіметі кезіндегі ұлттық идеологияның сыр-сипатын саралап берген еді. «Енді сол олқылықты жойып, отаншылдық сезімді оятып, ұлтты сүюді ұлтшылдықпен шатастырып алмағанымыз жөн. Өз ұлтын сүйе білмеген, оның қадір-қасиетіне жете алмаған адам өзге ұлттарды құрметтейді дегенге менің күмәнім бар», – деп отыратын.
Ғалымдығымен де, азаматтығымен де қандай іске болса да ұйытқы болып, ұйымдастырушылық қасиетімен танылған Өмірбек Арысланұлы кемеліне келіп, кемеңгерлер қатарына қосылған шақта фәни дүниеден бақи дүниеге аттанды. Кеңдігі мен кемелдігі бөлек азамат ұшпа ойдан аулақ еді. Өзін қуғынға салып, жала жауып, жапа шектірсе де, кешегі кеңестік кезеңнің жақсысын алайық деп, озығына ой бөліп отыратын. Мұның өзі жақсыға ғана тән кемел қасиет болса керек.
Біз Өмірбек Арысланұлының өнеге алар өмірінен осылайша ой қозғай отырып, оның ғылымдағы екінші өмірі сан қырынан жалғасып келе жатқанын, азаматтық, адамгершілік қасиеттерінің тау шыңдарындай биіктен биікке көтеріліп, алыстан көріне бастағанын ерекше қадап айтуды өзіме парыз санаймын. Менің ғана емес, ұлтымыздың ұстазына айналған Өмекеңнің әлемдік деңгейге жеткенін мына атақ лауазымдарынан айқын көруге болатын секілді. Ол кісі Халықаралық инженерлік академиясының бірінші вице-президенті, Ислам елдері Инженерлік академиялар федерациясының вице-президенті, Қазақ елі Инженерлік академиясының тұңғыш президенті, В.Г.Шухов пен әл-Хорезми (Иран) атындағы халықаралық алтын медальдардың иегері, республика Жоғарғы Кеңесінің алты дүркін, Тәуелсіз Отанымыздың Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Халқының ілтипатына бөленген ғалымның алған марапаттары мен бұдан өзге де атақтарын тізе берсек, мақала желісі біраз жерге дейін созылары анық. Өмекеңнің тағы бір қасиеті осы жерде ойға оралып отыр. Көп жұрт техника саласының мамандары сөзге шорқақ келеді дейді. Ол кісінің техникаңызды да жетік меңгеріп, қазақтың қасиетті сөзін түп тамырымен түгел қопара сөйлейтін қасиеті болушы еді. Сөзге шешен еді. Ол сонымен бірге, ұлттық үлгіні де, халықтың дәстүрін де, әдет-ғұрыпты да терең меңгерген. Сөзге тоқтайтын, арғы-бергіні екшеп барып, ойлы көзбен қарап тұрып, парасатты пікірін білдіретін. Үлкеннің де, кішінің де жолын, жөнін бес саусағындай меңгерген, жомарттығы да ерен еді. Тарихты да талдайтын, қилы кезеңдердің де қиюын келтіріп айтатын. Бүгін мен ертеңді салыстыра келіп, ғылым мен білімге жете ден қоятын. Жастардың болашағы, ұлттың келешегі дегенде түн ұйқысы төрт бөлінетін. Ана тілдің айбынын асыруды, мәртебесін мәреге жеткізуді әр жүздесуде жетеңе жеткізіп айтатын. Бүкіл болмысымен заңғар көрінетін Өмекең өмірден озғанда, бүгінде өзі де бақилық болған Зейнолла Қабдолов қаралы сөзінің соңын: «Тұрды кейде, ұқсап бейне, От ұстаған Прометейге» деп еді. Сол секілді инженерлік ғылымның еліміздегі Прометейі Өмірбек Арысланұлы десем, артық айтқандық емес.
Ол кісі арамыздан кеткелі артында қалған мұрасын жинақтап шығару, атын жаңғыртып, елге таныту ісі бір сәтте толастаған жоқ. Естелік кітаптар шықты. Әрине, мұның бәрі аз. Ол кісінің ғұмырбаяндық еңбектерін шығару жұмысы қолға алынуда. Ғылымдағы ашқан жаңалықтарын шәкірттері әр қырынан келіп, дамыту үстінде. Биылғы аталып өтетін сексен жылдығында да іске асырсақ деген игі ниеттеріміз аз емес. Ғалым өмір бойы жас ұрпақты тәрбиелеу, оларды мектеп, жоғары оқу орындары қабырғасынан бастап ғылымға баулу мәселесін тілге тиек етті. Біз сол алтын арқауды жалғастырып жатырмыз. Өмірбек Жолдасбеков атындағы мектеп оқушыларының ғылыми жоба жарысын, ондай шараларды халықаралық деңгейге көтеру ісін қолға алдық. Оның алғашқысы осы таяуда өтетін болады.
Алаш перзенті Қазақ елі аман тұрғанда оның атаулы күндері ешқашан назардан тыс қалмақ емес. Буын-буын ұрпақпен бірге келешекке қадам баса бермек.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Білім және ғылым министрі.