"Егемен Қазақстан" Жалпыұлттық Республикалық газет

2 марта, 2011

Жарық дүниенің табалдырығын бала болып аттап, Алла бұйырған өмір жо­лы­ның жүгін абыроймен көтеріп, азамат­тық парызды адал атқарып, дана болып, та­рихта қалу екі адамның бірінің маң­дайына жазыла бермеген. Мен осы сөз­дерді ақ қағазға түсіргенде көз алдыма – сом алтыннан құйылғандай кескін келбеті кемел, айбарлы, ажарлы, атына за­ты, біліміне білігі, парасатына пайымы сай ұлы ұстазым Өмірбек Арысланұлы Жол­дасбеков келді.

Ал көңілімнің көкжиегін – ұстазым­ның өз тұлғасы, яғни оның дарыны мен қа­рымының жемісі, әлемдік деңгейде жо­ғары бағасын алған ғылыми еңбек­те­рі кеңейтті. Қадірліміздің қасиетін тара­тып айта берсем жетіп артылады. Иә, «Өл­ді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өл­мей­тұғын артына сөз қалдырған», деп ұлы ойшыл, хакім Абай айтқандай, дара тұл­ғаның ғылымның қия жолынан мү­дір­мей өткен, мақсат биігіне сүрінбей жет­кен, алға қойғанын бұлжытпай орын­даған қазақтың арыс ұлы Өмірбек Арыс­ланұлы 80-ге келді. Өмірден оз­ға­лы бері де 12 жыл заулап өте шығыпты.

Біртуар, тұғыры мықты Өмірбек аға­ның атаулы күнін, яғни бұдан бұрын 70 жыл­дығын, енді 80 жылдығын өзінсіз атап өтейік деп отырмыз. Ұлтымыздың бет бейнесі, абырой беделі саналған жақ­сының жақсылығын айтып, кейінгі өс­кін ұрпаққа үлгі ету біз үшін қарыз да па­рыз деп білемін. Мұны ұлттық өне­гемізге сай дәстүрге айналдыру – ұрпақ­тар сабақтастығын қалыптас­тырады. Өт­­кен­ді ұмытпай, әсіресе халқымыздың Өмір­бек ағадай арыстарын әспеттеу үр­дісін де орнықтырады. Ғалым: «Өткенді рет­ті-ретсіз сынап-мінеп, дым көр­ме­ген­дей бола қою тарихқа қиянат болмай ма? Адамзат тарихында талай рет дә­лел­денгендей, өткенге тас лақтыра бергеннен пайда таба қояр ма екенбіз?! Ке­лешектің бізді зеңбірекпен атпасына кім кепіл? Әсілі, өткеннен тиісті қо­ры­тын­ды жасау, кеткен кемшіліктен сабақ ала білу – аса парасатты парыз болуға тиісті. Заман талабына сай жаңару, жетілдіру ылғи да табиғи болып отыратын құ­былыс емес пе?», депті бір мақа­ла­сын­да. Шынында, өткенді талдай отырып са­бақ алу, алдыңғы толқынның еңбегін бағалап, кейінгі ұрпақтың игілігіне жарату өсер елдің өркенді ісі.

Өмірбек Арысланұлы – ең алдымен тұлпар тектес, төрт құбыласы тең ұстаз еді. Оның алдынан мыңдаған шәкірт білім алды. Жүздеген мықты мамандар, ондаған оқымыстылар шықты. Қазақ­тың байтақ даласындай кең пішілген кел­беті қашан көрсең жылу шашып тұ­ратын. Құшағы кең, жүрегі дархан, кө­ңілі шуақты – міні кем, кісілігі мен кішілігі тең еді. Сөйлесе шаралы жанарына сыр бүкпей, ағынан жарылатын, ақыл айт­са, шын пейілімен айтатын. Ол кісімен пікір бөліскенде ұшан-теңіз білім жау­һарынан нәр алып, мұхиттың айды­нын­да жүргендей қанаттанып отыра­тын­сың. Адамды алалау, намысқа тию, қысқа қылықтың жетегіне еріп қиянат жасау, орынсыз ашу шақырып, жөнсіз тиі­су оған жат еді. Досқа адал, жолдасқа жолбасшы болатын. Үлкеннің алдын қи­ып өтпейтін, ініге мейірімді еді. Жалт етіп бір қарағанда сенің бүкіл жан­дү­ниең­ді, не айтқалы отырғаныңды, ой-өл­шеміңді айнадағыдай анық біле қоя­тын. Арың таза, талантың тас жарып тұр­са, бауырына тартатын, балапандай бау­литын, баласындай алақанында ұс­тай­тын. Жетпей тұрған тұсыңа қам­қор­лық көрсететін. «Адамның адамдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақ­сы құрбы, жақсы ұстаздан болады» (Абай) деп, қарғадайымыздан қасында жүр­ген Өмекеңнің інілері мен шәкірт­тері біздер, асыл азаматтың барлық жақ­сы қасиеттеріне қанықпыз. Соны кейінгі жастарға қалыбын бұзбай, өнегесін үз­бей жеткізсек, алдыңғы толқын мен ке­йін­гінің арасына алтын көпір болсақ дейміз.

Ардақты жанның жайшылықта жай­саң әзілі мен қалжыңын қатар қойып, жүзі нұрланып жүргенмен жұмысқа келгенде іскер еді. Ғылыми еңбекке отыр­ған­да табан аудармай, бүкіл қуат-күшін соған арнайтын. Мақсатына жеткенше, ал­дына қойған ісін тындырғанша қоз­ға­ла қоймайтын. Ізденген үстіне іздене беретін. Дәлелді сөзге тоқтайтын, дәйексіз сөзге мойын бұрмайтын. Құбылаға қа­рап қырық құбылғанды, жалтақтап, жал­­пақтағанды, сөзінде бәтуа, ісінде береке жоқ тұрақсызды маңайына жолат­пай­тын. Айбын десең айбын бар еді. Өжеттік десең, ол да өн бойынан та­былатын.

Ой түбінде қорытылып, ақылмен үй­лес­кен ғұламаның өмір кезеңдерін ой еле­гінен өткізсең, ауылдан басталған ал­ғашқы қадам, бел белеске ұласып, одан соң жас жігіттің бойын кернеген қа­рымды білім шырқау шыңға бет ала­ды. Дәуір алмасып, ұрпақ жаңарып жа­тыр ғой. Сол себептен де мен Өмірбек Арысланұлының балауса шыбықтың тамыр жая келіп, мәуелі бәйтерекке айналатыны секілді, оның өткен жолын аз да болса таратып айта кетсем деймін.

Мектепті алтын медальмен бітірген, арманы асқақ, қиялы болат қанатты қы­рандай көкке самғаған болашақ ғалым бірден Мәскеуге жол тартады. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің механика-математика фа­куль­тетіне оқуға түсіп, оны үздіктер қатарында бітіріп шығады. Туған еліне оралып, теориялық білімді тәжірибе үс­тінде дәйектеу мақсатында Шымкент қала­сындағы Қазақ технология институ­ты­ның математика және механика кафе­драсына оқытушы болып қызметке тұрады. Терең білім, тегеурінді қадам оның адымдап алға озуына молынан мүм­кіндік береді. Аға оқытушылықтан ме­ханика факультетінің деканына кө­теріл­ген тұста, жұмыстың қызығымен кет­пей ғылымның қия жолында бақ сы­насам деген ой оны тағы да Мәскеуге жетелейді. Ондағы тоқыма институтының аспирантурасына қабылданып, үздік бітіріп, кандидаттық қорғаған алымды жігітті оқу орнының басшылығы ұстаздық қыз­мет­ке қалдырады.

Бірақ кісі елінен өз жұртын жоғары қойған Өмекең қайтадан атамекеніне келіп, бұрынғы Қазақ политехника инс­ти­тутына доцент болып жұмысқа тұрып, ар­тынан кафедра меңгерушісі, декан, про­рек­торлық қызметтерді абыройлы атқарады.

Одан кейін қазіргі Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетіне рек­торлыққа ауысып, 16 жыл сонда еңбек етті. Осы уақыт ішінде сан қырлы, бір сыр­лы талант иесі ұйымдастырушылық жұ­мыстарында да, ғылым әлемінде де үлкен жетістіктерге жетті. Механика-математика саласындағы теориялық ізденістері өн­дірісте өз жемісін беріп, үлкен абырой, атақ­тарға кенелді. Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясына академик болып сай­ланып, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Ғылымға еңбегі сіңген қайраткер дәрежелерін иеленді. 24 ғылым докторын, 90-нан астам ғылым кандидаттарын әзір­леді. 400-ден астам ғылыми еңбектің ав­торы атанса, оның ішінде 18 монография, 30 оқу құралы бар. Ең бастысы, Өмірбек Арысланұлы қазақ топы­ра­ғын­да механизмдер және мәшинелер теориясын, мәшинетану жөніндегі тұңғыш қазақ тер­ми­нологиясын жасады. Университеттер мен жоғары оқу орындары үшін механизм және мәшине теориясы туралы қазақ тілінде бірінші оқулықты жазып, шығар­ға­нын ерекше айтуға болады. Бұл орыс тілі дәуірлеп, қазақ тілі қаға берісте қалған 1972 жыл еді.

Пайым-парасаты, ой-өлшемі қашан да ілгері жүретін академик өміріндегі тағы бір елеулі кезең, жоғарыда айтқа­ны­мыз­дай ұлт үшін, жұрт үшін тер төккен жыл­дары еді. Онысы кейін солақай саясаттың қаһарына ілініп, біраз қалжыратты. Бірақ рухын жығып, от болып жанған үмітін өшіре алмады.

Академик Жодасбековтың сан қырлы дарыны, қажыр қайраты, көрегендігі ҚазМҰУ-ды басқарған тұста ерекше көз­ге түсті. Жастарға білім беріп, тәрбие үй­рету үшін алдымен оларға жағдай жасау­ды алға оздырған азамат – оқу орнының ауқымды жер­ге жаңа қалашығын салуды ойластырды. Бұл істе ол іскерлігімен де, іс­мерлігімен де танылды. Толқын-толқын ұрпақ білім ала­тын орданы тұрғызу тұ­сында құрылыс­шылармен қатар жүріп, ақылдың да, еңбек­тің де ерен үлгісін көрсетті.

Осы алып кешен туралы әңгіме бола қал­са, ол өзінен гөрі өзге азаматтарды, ат салысқан, қолұшын бергендерді аузынан тас­тамайтын. Қазақ топырағындағы жал­ғыз университеттің ғимаратын мен емес, ел салды, Димаш Ахметұлы, Бәйкен Әшім­ұлы, Нұрсұлтан Әбішұлы, тағы да бас­қа азаматтар бел шешіп кірісті, ұлттың ұлттық университеті әлемдік дәрежеде болу керек, кемдік көрмеуі қажет, төрт құ­быласы сай болсын деді. Соны істерімен дәлелдеді.Үлкен жауапкершіліктің, үлкен мақсаттың үдесінен шыға білді.

Жұмған жұдырықтай болған ел аза­маттары, әсіресе Өмірбек Арысланұлы сол кешен арқылы артына өшпес белгі қал­дырды. Біз білім ордасына келген жастар Өмекеңнің еңбегін біліп жүрсін деп бас ғимараттың алдына ол кісінің аты-жө­нін жазып, еңбегін көрсететін мәрмәр тақта қойдық.

Осындайда ойды ой қозғайды. Қазақ жұрты тәуелсіздігін алғанға дейін тар жол, тайғақ кешу кезеңдерін бастан көп өткізді. Билеушілер санасында сәулесі мол ұлт жақсылары мен зиялыларын ық­тыру үшін, көбейіп бара жатса көресесін көрсету үшін әр толқын тұсында қайта-қай­та дауыл болып соғып, қасірет боп оралатын еді. Сондай сұмдықтың бірі өзі­міз куә болған 1986 жылғы Желтоқсан кө­терілісі болатын. Дегенмен, бұл көтеріліс іргесі мықты, ешкім шайқай алмайды деген кеңес дәуірінің ыдырауына негіз қа­лады. Сонымен қатар, қазақ жұртының қа­һа­рына мінсе, ар-намысын аяққа тап­тат­­пайтынын, қанша жерден сес көрсет­сең де одан ықпайтынын, бұқпайтынын, жағаласқанның жағасында қолы кететінін көрсетті. Мұндай мінез көрсетудің ар жа­ғында көпке ұлт зиялыларының ұлтты қа­дірлеу, халықтық қасиетті әспеттеу, өзін­дік бет бейнесі, тағылым алар тарихы бар екенін айтып, санаға серпіліс бергенінде жатыр еді. Өмекең сияқты арыстар түрлі кездесулерде қазақтың арғы-бергі та­ри­хы­нан әңгіме қозғап, әлемдегі қырық қы­рау мемлекеттердің түптің түбінде күйреп тынатынын айтып жүретіні де жастарды қанаттандырмай қойған жоқ. Кеңес дәуірі де қирағандардың кебін киді, қалтылдап тұрған тірліктің Желтоқсан көтерілісі шыр­қын бұзды, шырайын кетірді. Ақыры жермен жексен етіп, шеңбер үзіліп, одақ құрамында бодандық қамытын киген қу­ыр­шақ республикалар шынайы тәуел­сіз­дігіне қол жеткізді.

Сол ауыр күндерде шексіз билікке әбден құнығып кеткен орталық ат үс­тін­де­гі қазақтың айтулы ұлдары мен қызда­ры­нан үрейі ұшып, «құрықтауға» көшті. Соның ал­ғашқы ілегіне ака­­­демик ілінді. Он алты жыл бас­қарып, мыңдаған ұрпақты қанаттандырып шығарған білім ордасының іргетасын қа­лап, ғимараттар тұрғызған адамды жа­зықсыздығына қарамай, найза ұшына ілді. Ғылым мен білімнен аулақ жүрсін, за­уыт­қа барып жұмыс істесін деді шолақ белсенділер. Ұлтшыл етіп шығарды. Төңі­ре­гін түгел қаралады. Жүзге таяу тексерулер жасап, жоқты бар, барды жоқ деді. Қай­раткердің, ұлтына сіңірген еңбегін еш етпек болды. Бірақ халқын шын сүйген, адамдық табиғаты таза, азаматтық болмы­сы биік, ғылымға жанқиярлықпен берілген мәрт қазаққа қанша шүйліккенмен оның жалын-жігерін жасыта алмады. Ұлт­қа, ұрпаққа қалтқысыз қызмет еткен адам қалай кінәлі болып шықсын? Бәріне ғалым қайсарлықпен, күрескерлікпен тө­теп берді. Ақыры ақтығын дәлелдеді. Айып­ты етіп шығаруға тырысқан топ адыра қалып, азаматтың арына түскен дақ алы­нып тасталды.

Өмірбек Арысланұлы қырандай түлеп, қанатын қайта жайды. «Қазақ білімі мен ғылымын қайтсек өркендетеміз, өрісін ке­ңейтеміз, әлемдік деңгейге жеткіземіз», деп қасында қаумалап жүрген біз секілді шә­кірттерін жігерлендірді. Кемедегінің жа­ны бір деп, біз де ағаның жанынан та­был­дық. Аз уақыт үзіліп қалған қыруар жұ­мыстарымызды, ізденістерімізді, жоба-жоспарларымызды іске асыруға кірістік. Ол туралы айтпас бұрын мына бір жайды на­зарға сала кетсем деймін. Ғылым да, ға­лым да – халық қазынасы, ел байлығы. Со­ны естен шығарып, «сен кім едің, би­ліктің қасында» деп есерлікке салынған ес­сіз оқиғалар – мен ардақ тұтатын екі алып­тың басынан өткен екен. Өткен ға­сырдың ортасында қазақ ғылымының ата­сы, Ұлттық ғылым академиясын өз қолы­мен құрып, бүгін сән-салтанатымен көз тартып тұрған оқымыстылардың ғажап үйін атақты сәулеткер академик В.Шу­хов­тың жобасымен салдырып, пайдалануға берген Қаныш аға Сәтбаевты да жазықты етіп, қызметтен босатқанын білеміз. Сол Шу­ховтың алтын медалін алған Өмекең де Қаныш ағамыздың күйін кешті. Осын­дайда тәуелсіздіктің, елдіктің қадірі ерекше екенін ұғасың. Біз мұны өзіміз ғана ұғып қоймай, басты құндылығымыз тә­уел­сіздік екенін өзгелерге де түсіндіруіміз керек.

Ғылымдағы қол жеткен жетістіктерімен Өмірбек Арысланұлы әлемдік дең­гейге көтерілген ғалым. Ол кісі: «Шын ғы­лымды ілгері апаратын да, ашатын да та­лантты жастар. Біз сол талантты жас­тар­ды дайындауымыз керек, жалықпай тәрбиелеуіміз қажет, әрине көп қаржы кетеді. Бірақ қайтарымы түптің түбінде болмай қоймайды», – дейтін. Мұны сөз жү­зін­де қалдырмай, өзі іс жүзіне асырды. Ондаған, жүздеген дарынды жастарды ғылым әлемінің құпиясын ашуға бау­лы­ды. Соның бір дәлелін жоғарыда айттым, жүзден аса белгілі ғалымдарды әзірлеген.

Әр ғылымның өзіне тән саласы бо­ла­ды. Оның көшбасында ішкі әлемін, сыр си­патын, бағыт-бағдарын, терең иірімдерін алғаш теориялық негізде дәйектеп, ар­тынан тәжірибеде жүзеге асырып, халық­тың игілігіне беретін айтулы тұлғалар тұрады. Айталық, арыға бармай беріден қайырсақ, Ресейде механика ғылымы ХІХ ға­сырдың ортасы мен ХХ ғасырдың ба­сын­да зерттеле бастады. Мәшинелер ме­ха­низмдері теориясы туралы П.­Л.Че­бы­шев, И.А.Вишнеградский, П.О.Сомов, А.Е.Жуковский, Л.В.Ассур, тағы басқа да ғалымдар еңбегін кеңестік дәуірде академиктер И.А.Артоболевский, А.­Ю.Ишлинский және сол ұстаздарының қатарында біздің Өмекең де өз үлесін қосты.

Ол Қазақ елінде мәшине механизмдері мек­тебін құрып, оны әлемдік биікке кө­терді. Сөзіміз жалаң болмасын, нақты мы­салдарға жүгінелік. Ат арбамен жүретін за­маннан өтіп, техника тегеуіріні арт­қан­да ғалым бұл істі қазақ ғалымдарының ара­сында тұңғыш рет қолға алды. Мә­ши­не­лерді жетілдіріп отыру өмір талабы екенін ерте ұғынған ғұлама Отанымызда мәшинелер мен механизмдер теория­сы­ның (ММТ) негізін қа­лады. Өзінің шәкірттерімен жазық иінтіректі жоғары клас­ты механизмдердің тео­­рия­сын да тұңғыш рет дә­йектеді. Мұның бәрін ұл­тымыздың ұл-қызы өз ті­лін­де оқып білсін деп, жо­ғары оқу орындарының сту­­дент­теріне арнап механизм мен мәшине теориясы туралы кітабын шығарды. Сөз бен істі таразы ба­сын­да тең ұстайтын ғалымның жазық иінтіректі жоғары клас­ты механизмдер тео­рия­сының негізінде жа­са­ған еңбектері елімізді төрт­күл дүниеге танытты. Сол еңбектердің бірегейі жүк көтергіш, тиеу-түсіру қон­дыр­ғылары халықтың қа­же­тін өтеп жатты. Бұл жүз­деген куәліктер мен патент­терге де қол жеткізді. Олардың қа­та­рын­да Ұлыбритания, Германия, Италия, Польша, Финляндия, бұрынғы Чехословакия, Югославия секілді іргелі елдердің куәліктері бар еді.

Жүк көтергіштер лицензиясы Юго­сла­вия­ның «Мего-18 Новемби» фирмасына сатылған болса, АҚШ-тың Хоуп-Индастриз фирмасымен ВШ-8 көтергішіне келісім жасалды. 1600 градус ыстықта болат қорытатын конверторда жұмыс істеуге бейімделген манипулятор жасалып, ол ше­телдердің патенттеріне ие болды. Ға­лым­ның осындай елеулі еңбегін жоғары бағалаған екі бірдей академик, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері А.Ю.Ишлинский мен Г.Г.Черныйдың «…Ө.А.Жолдасбеков – аса көрнекті ға­лым-механик, механизмдер мен мәши­не­лер теориясы саласындағы маман. Академик И.И.Артоболевскийдің шәкірті және оның ісін жалғастырушы ретінде ол жо­ғары кластық механизмдер теориясын жасап, оның дамуына елеулі үлес қосты. Мұн­дай типтегі механизмдерді зерттеу үл­гісін ұсыну тиімді, бірнеше жаңа мәши­не­лердің жобалау әдісін жасауға және олар­ды жүзеге асыруға мүмкіндік берді…», – деп бағалауы қазақ ғылымын, қа­зақ ғалымын көкке көтерумен бірдей болса керек. Бұған қоса, кеңістіктік механизмдер мен жоғары класты механизмдер жасау теориясы да нәтижелі болып, әлем­дік деңгейде танылды. Ол дүниежүзі оқы­мыстыларына таныстырылып, осы тақы­рып­та халықаралық конференциялар өткі­зіл­ді. Қазір де жалғасын табуда.

ХХІ ғасырды жаңа технологиялар ға­сыры деп білген Өмірбек Арысланұлы ғалым­дығына қоса, алғыр ұйым­дас­ты­ру­шы екенін жоғарыда айттық. Ол кісі бү­гін­гі тірлікпен шектеліп қалмай, ертеңді, одан әрі болашақты болжап, соған ерте қам жасайтын, бізден де соны талап ететін. Оған да мысал келтірер болсам, «Ме­ха­низм, мәшине және автоматика теория­сының маманы» деген арнаулы ғылыми кадр даярлап шығаратын аспирантураны 1966 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетте ұйымдас­тыр­са, 1970 жылы мәшинелер механикасы­ның ғылыми-зерттеу лаборатиясын, 1973 қол­данбалы механика кафедрасын ҚазМҰУ-де жасақтады. Мұның бәрі оның жо­ғары класты механизмдерді зерттеп, зерделеу мақсатындағы бастамалары еді. Ғалымның мәшинелер мен механизмдер теориясы мәселелерінің математикалық моделін жасау жұмыстары бойынша тал­пыныстары да өз алдына жатқан бір әлем.

Жүз жылда бір туатын дара талант көп емес. Ондай адамдар санаулы. Соның бірі ға­на емес, бірегейі Өмірбек Арысланұлы десек, артық айтқандық болмайды. Ол – өз дарыны мен талантын, ғылыми жетістіктерін дүниежүзі оқымыстыларына мо­йын­датқан тұлға. Бұған бүкіл бір ғылым­ның саласын терең біліп қана қоймай, өзінің ақыл-ойымен, тума талантымен үлес қосқан ғұлама туралы айтқан әлем­дік деңгейдегі білгірлердің кейбір сөз­дерінен дәйек келтіре кетсем жөн бола­тын­дай. Себебі, өзгелердің бағалауын оқы­ған кезде оның бүкіл тұлғасы тау шың­дарындай айқындала түсері сөзсіз. Мә­селен, болгариялық академик Г.­И.Бран­ков: «Кеңес Одағындағы бірнеше мектеп әлем көлеміндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары­ның бағыттарына және қарқынына ықпал етуде. Академик Ө.Жолдасбеков басқар­ған Қазақстан мектебі жоғары кластық Ассур топтарының өзгермелі құрылымы­ның механизмі жөніндегі теориясының маңызы зор», – десе, көрнекті академик Н.Г.Бруевич: «Академик Ө.Жолдасбеков жоғары класты механизмдер анализі мен синтезі жөніндегі теңдессіз ірі теория жа­сады. Сол арқылы әлемде тұңғыш рет жо­ғары класты механизмдердің құрылым­дық, кинематикалық және динамикалық анализі мен синтезінің графоаналити­ка­лық тәсілдерін ойлап тапты», – дейді. Ал Балтық жағалауындағы Тарту мемлекеттік университетінің профессоры Ю.­Р.Лепик: «Өмірбек Арысланұлы Жол­дас­бе­ков­тың жасаған механизмдер мен мәшинелер теориясы негізінде дүниеге келген кө­тер­гіш-транспорттық, тиегіш-түсіргіш және ма­нипулятор қондырғылардың бәрі де керемет, оларға КСРО-ның авторлық куә­лік­тері берілген, шетелдерден патент алған және өндіріске енгізілген. Ол 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы», – деп ға­лым талантына таңданысын білдіреді.

Осындай абырой атаққа бөленген ай­тулы ғалым Желтоқсанның бет қарат­паған ызғарынан арылған соң халқымен қайта қауышты. 1990 жылы Қазақ КСР халық депутаттығына ұсынылғанда, бәсе­келес­те­рін басып озды. Басып озатындай жөні бар еді. Ол көтерген мәселе жұрттың кө­кейінен шықты, елге игілік әкелді. Со­ның кейбіреулеріне тоқталар болсақ, ол Қа­зақ­станға толық экономикалық дербестік беруді, ведомствошылықты жоюды, халық­ты қалжыратып бара жатқан эко­логияны түзеуді, ұлттық дәстүр мен мә­дениетті да­мытуды, жастардың еңбек етуіне мүм­кін­дік беруді, тәлім-тәрбие алуына қам­қор­лық жасауды, студенттерге сапалы білім, өз деңгейінде мамандықты игеріп шы­ғу­ды, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайын оңалтуды, стипендияларын то­лық күнкөріс деңгейіне жеткізуді, Қа­зақ­стан ғылымының абы­­ро­йын көтеру үшін ға­лым­дар­ға бірінші кезекте жағдай ту­ғы­зуды, академия мен жо­ғары оқу орын­да­рында ғылымның қа­рыштап өсуі үшін ма­те­риал­дық базаны жақ­сарту­ды, ғылым­ға бейімі бар талантты студенттерді тө­мен­гі курстан бастап қамқор­лық­қа алуды, тағы басқа да келелі мәселелерді көтер­ген еді.

Тәуелсіз Отанымыз­дың абыройын арт­тырып, та­быс­қа кенелтетін ақыл-ойдың жемісі деп, оның өмірдегі нақты нәтижесі жаңа техника мен технология екенін жұрт­тан бұрын електен өткізіп, ерте қи­мылдаған Алаш перзенті адам ақыл-ойы мен мәшине тетігінің қатынасын жетілдіру, ғалымдар арасында жоғарыда жаңалық ретінде атап өткен «оператор-манипулятор», яғни соны техника және технологиялармен қарулану, жапон мен неміс оқы­мыс­тыларынан қалыспай жү­йелі зерттеулер жүргізу үшін отандық инженерлер ака­демиясын құруға тал­пынды. Бүкіл са­налы ғұмырында ізденумен, ойы­на алған мақсаттарын орындау жолында қажымай талпынудың арқа­сында мақ­сатына жетпей тынбайтын Өмекең бұл істі де 1991 жылы биік дәрежеде орындап шықты.

Шынында, өркениетті елдерде мұндай ғылым ордалары бұрыннан бар. Соны шетелдерге шыққанда зерттеп-зерделеп жүр­ген ақыл-ойдың данышпаны инженерлік академия жүйесін Швеция корольдігі ака­демиясының шақыруымен сол елге дәріс оқуға барғанда түбегейлі шешіп келгенін айтқан еді. Инженерлік академия – бұл жаңа заманның техникасы мен техноло­гия­сының алтын арқауы дейтін. Мәселен, сол Швеция корольдігі академиясының құ­рылғанына 100 жылға таяу уақыт өтсе, Америка Құрама Штаттарындағы мұндай академияның мәртебесі тіптен зор екен. Ол ғылым ордасының құрамындағы ұлт­тық академиядан да артық көрінеді. Бұл қалай дегенге, Өмекең: «Ғалым-ин­же­нер­лер өндіріс жаңашылдарымен бірлесе оты­рып, жұмыс істеу нәтижесінде тың же­тістіктерге қол жеткізеді. Зауыт-фаб­ри­ка­мыздың бәрі заманға сай жаңа құрал-жабдықтарға зәру. Соны мына біз құрған академия тәуелсіз еліміздің аясында шешіп, оны бірте-бірте әлемдік деңгейге кө­теру тиіс», – деген байлам-пайымдарын ыл­ғи да айтып қана қоймай, осы тұрғыда шә­кірттеріне бағыт-бағдар ұсынатын. Алысқа бармай-ақ Пәкстан елін алайық­шы, «Ондағы инженерлік академия өткен ғасырдың 40 жылдарының бел ортасында құрылған», – дейтін.

Ізденген жетер мұратқа деп, ақыры академиямыз шаңырақ көтергенде оның ал­ғашқы сессиясына Елбасы өзі келіп, қатысқан еді. Президент сол басқосуда біздің алдымызға үлкен міндеттер мен талаптар қойды.

Өмірбек Арысланұлының ылғи қайта­лап айта беретін төмендегідей қағидалы бір сөзі бар еді. «Ғалым не керек екенін біледі, ал инженерлер не керек екенін жә­не оның қалай жасау керек дегенді де ой-саналарына тоқып жүреді», – деп оты­ра­тын. Бұл сөздердің астарында үлкен жа­уап­кершіліктің жатқаны анық. Осы арада тағы бір айтарым, ғұлама ғалым іргетасын мықтап қалаған Қазақ елі Инженерлік академиясының атқарып жатқан жұмыс­та­ры, бір жүйеге түскен ғылыми зерттеулері, оның жетістіктері молынан. Біз мұ­ны Өмекеңнің идеясының ілгері басуы, өз нәтижесін беруі деп білеміз. Әсіресе, мем­лекетіміздің нығаюына бұл ғылым ордасы өз үлесін қосып, елімізді ілгері апару үшін бар күш-жігерді біріктіріп, ақыл-ойдың ұйытқысына айналуда.

Өмірбек Арысланұлы тәуелсіз Отаны­мыз­дың өрістеп-өркендеуіне өзінің үлесін қосты. Алғашқы жылдардағы елең-алаң­дағы пікір қайшылықтарында Мемлекет басшысының тура жолын табандылықпен қолдады. Ел бірлігін, жұрт тыныштығын сол кездегі айбары мықты, ақыл парасаты биік азаматтармен серіктесіп тұрып қор­ғады. Талай тартысты өткен сөз сайыс­та­рында білімділік көрсетті.

Айбарына қарай айтары, ақылына па­ра­саты сай сол Алаштың арыс ұлы өмір­ден озғанда замандас інісі, қара сөздің хас шебері Әбіш Кекілбайұлы: «Дүниеден Өмір­бек Арысланұлы озғанда қатты қа­мық­тым. Шын мәніндегі өжеттігімен, өр­шілдігімен өз бақытының ұстасы өзі бола алған қажымас қайрат, қайсар ақыл, жа­сымас жігер иесі осындай от жалын аза­матқа да тырнақ батыра алатын қатыгез ажал кімді аяйды дейсің деген ой келді», – деп тебіренген екен. Біз мұны тектінің тектіні бағалауы деп ұқтық.

Қазақ жерінің тұтастығын, хал­қының бірлігін сақтау жолындағы сая­сатты әркез қолдаған азамат ел ас­танасы Арқаға көш­кенде, алдымен жет­ті. «Ел болып еңсе тіктеу үшін, жаңа Ас­та­на­ның әрқайсысымыз тірегі болуымыз керек, қадасындай қа­ла­нып, уығындай шаншылып, шаңы­ра­ғын биіктетуіміз керек. Ел ғылымын дамыт­қан­да гумани­тарлық, мәдениет, жа­ратылыстану деп бөліп жармай, бірлікте қарау жөн. Алтын арқауын жасап алсақ, одан кейін бәрі де өз бағы­ты­мен жүре береді. Уығы түгел емес ша­ңы­рақты мықты дей алмаймыз. Дүние­та­ным ғылым мен білімнің сан сала­ла­рынсыз толыққанды бола алмайды. Әр істе энциклопе­дия­лық білім мен білік керек. Егер шын мәнісіндегі ғылым бол­маса, онда оның мәдени-дүние­та­ным­дық мүмкіндіктерін жеткілікті деу­ге кел­мейді. Ғылымға сүйен­бей, негізсіз бол­жам, аңыз-ерте­гілерге табан ті­ресек, пайдасынан зияны көп бо­лады», – деген ол ұрпақ тәрбие­сіне ерекше мән беріп, кеңес өкіметі кезіндегі ұлттық идео­ло­гияның сыр-си­па­тын саралап берген еді. «Енді сол ол­қы­лықты жойып, отан­шыл­дық сезімді оятып, ұлтты сүюді ұлт­шыл­дықпен ша­тастырып алмағаны­мыз жөн. Өз ұлтын сүйе білмеген, оның қадір-қа­сиетіне жете алмаған адам өзге ұлт­тар­ды құр­мет­тейді дегенге менің кү­мә­нім бар», – деп отыратын.

Ғалымдығымен де, азаматтығымен де қандай іске болса да ұйытқы болып, ұйымдастырушылық қасиетімен таныл­ған Өмірбек Арысланұлы кемеліне келіп, кемеңгерлер қатарына қосылған шақ­та фәни дүниеден бақи дүниеге аттанды. Кеңдігі мен кемелдігі бөлек аза­мат ұшпа ойдан аулақ еді. Өзін қу­ғынға салып, жала жауып, жапа шектірсе де, кешегі кеңестік кезеңнің жақ­сысын алайық деп, озығына ой бөліп отыратын. Мұның өзі жақсыға ғана тән кемел қасиет болса керек.

Біз Өмірбек Арысланұлының өнеге алар өмірінен осылайша ой қозғай оты­рып, оның ғылымдағы екінші өмірі сан қырынан жалғасып келе жатқанын, аза­маттық, адамгершілік қасиеттерінің тау шыңдарындай биіктен биікке көтеріліп, алыстан көріне бастағанын ерекше қа­дап айтуды өзіме парыз санаймын. Ме­нің ғана емес, ұлтымыздың ұстазына айналған Өмекеңнің әлемдік деңгейге жеткенін мына атақ лауазымдарынан ай­қын көруге болатын секілді. Ол кісі Ха­лықаралық инженерлік академия­сы­ның бірінші вице-президенті, Ислам елдері Инженерлік академиялар федерация­сы­ның вице-президенті, Қазақ елі Инженерлік академиясының тұңғыш президенті, В.Г.Шухов пен әл-Хорезми (Иран) атындағы халықаралық алтын медаль­дар­дың иегері, республика Жоғарғы Ке­ңесінің алты дүркін, Тәуелсіз Отаны­мыз­дың Парламенті Мәжілісінің депу­таты болды. Халқының ілтипатына бө­ленген ғалымның алған марапаттары мен бұдан өзге де атақтарын тізе берсек, мақала желісі біраз жерге дейін со­зы­лары анық. Өмекеңнің тағы бір қасиеті осы жерде ойға оралып отыр. Көп жұрт техника саласының мамандары сөзге шорқақ келеді дейді. Ол кісінің тех­ни­каңызды да жетік меңгеріп, қазақтың қасиетті сөзін түп тамырымен түгел қо­пара сөйлейтін қасиеті болушы еді. Сөз­ге шешен еді. Ол сонымен бірге, ұлттық үлгіні де, халықтың дәстүрін де, әдет-ғұрыпты да терең меңгерген. Сөзге тоқ­тайтын, арғы-бергіні екшеп барып, ой­лы көзбен қарап тұрып, парасатты пікірін білдіретін. Үлкеннің де, кішінің де жолын, жөнін бес саусағындай мең­гер­ген, жомарттығы да ерен еді. Тарихты да талдайтын, қилы кезеңдердің де қиюын келтіріп айтатын. Бүгін мен ертеңді салыстыра келіп, ғылым мен білімге жете ден қоятын. Жастардың бо­ла­шағы, ұлттың келешегі дегенде түн ұйқысы төрт бөлінетін. Ана тілдің айбынын асыруды, мәртебесін мәреге жеткізуді әр жүздесуде жетеңе жеткізіп айтатын. Бүкіл болмысымен заңғар кө­рінетін Өмекең өмірден озғанда, бүгінде өзі де бақилық болған Зейнолла Қаб­долов қаралы сөзінің соңын: «Тұрды кейде, ұқсап бейне, От ұстаған Прометейге» деп еді. Сол секілді инженерлік ғылымның еліміздегі Прометейі Өмір­бек Арысланұлы десем, артық айт­қандық емес.

Ол кісі арамыздан кеткелі артында қалған мұрасын жинақтап шығару, атын жаңғыртып, елге таныту ісі бір сәтте то­ластаған жоқ. Естелік кітаптар шықты. Әрине, мұның бәрі аз. Ол кі­сінің ғұ­мырбаяндық еңбектерін шы­ғару жұмы­сы қолға алынуда. Ғылым­дағы ашқан жа­ңалықтарын шәкірттері әр қырынан келіп, дамыту үстінде. Биыл­ғы аталып өтетін сексен жылды­ғында да іске асыр­сақ деген игі ниеттеріміз аз емес. Ғалым өмір бойы жас ұрпақты тәрбиелеу, олар­ды мектеп, жоғары оқу орындары қа­быр­ғасынан бастап ғылымға баулу мә­селесін тілге тиек етті. Біз сол алтын ар­қауды жал­ғастырып жатырмыз. Өмірбек Жол­дас­беков атындағы мектеп оқ­у­шы­­ла­рының ғылыми жоба жары­сын, ондай шараларды халық­аралық дең­гейге кө­теру ісін қолға алдық. Оның ал­ғаш­қы­сы осы таяуда өтетін бо­лады.

Алаш перзенті Қазақ елі аман тұр­ғанда оның атау­лы күн­дері еш­қашан назардан тыс қал­мақ емес. Бу­ын-буын ұр­пақ­­пен бір­ге ке­ле­шекке қа­дам баса бермек.

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Білім және ғылым министрі.