"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газет
Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, саяси ғылымдар докторы:
– Гүлмира Серікбайқызы, еліміздің жоғары мектебі бүгінде зерттеу университетін құруға бағытталған реформалық қадамдарға бет алды. Зерттеу университетінің бастауы қайдан шықты, тарихи сипаты неде?
– Жаңалыққа, жаңаға елеңдер жастар да, соған ден қояр зиялы қауым да осы аталған зерттеу университетінің мәні, құрылымы, академиялық әрі ғылыми тиімділігі жайлы қызу дебатты бастап кеткені рас. Дегенмен жетекші университеттеріміз серпінмен даярлықты бастаған «зерттеу» статусын алудың елдің рухани өміріне, әлеуметтік жетілуіне, саяси ахуалына, экономикалық дамуына ықпалы қаншалықты деген қоғамдық пікір қалыптасып үлгере қоймады.
Зерттеу университетінің дәстүрі тұңғыш америкалық академик Бенджамин Франклиннен бастау алады. Ол «ғылым мен білім үйлескенде ғана қуатты да әлеуетті күшке айналады» деген. Ғалымның өзі қолымен қалап, болжап кеткен болашақтың зерттеу университеті кезі келгенде жаңа технологиялық база ретінде ел бюджетіне құятын қаржылық ағынның басты көзіне айналған-ды.
Міне, қазіргінің зерттеу университетінде ғылыми-зерттеу және әзірлемелік өңдеулерді мемлекеттік қолдау күн санап артып келеді. Университеттік зерттеулер өз елінің әлемнің озық технологиялы дамыған елдері қатарына енуіне ықпал ететін әлеуетті күш саналады.
Әлем жаһандасып, ғылыми ортақ кеңістіктер құрылып, ағартудың жалпыадамзаттық құндылықтары қамтылған орта қалыптасу үрдісінде Қазақстанның өз орны, саясаты болуы тиістігі – дәуірдің талабы, замананың салмағы. Қазақтың ел ретінде, Қазақстанның мемлекет ретінде орнын айқындауда да бүгінгінің емес, ертеңгі болашақтың үлесін еншілеп беретін – академиялық саясат.
– Ал бұл жағдайға біздің әлеуетіміз жете ме? Жергілікті бюджеттен зерттеу университеттерін қаржыландыра аламыз ба? Мәселен, біз қазір алғашқы қадамды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен бастап жатырмыз ғой.
– Қазақстан жағдайында жетекші жоғары оқу орындарының ғылыми, техникалық, базалық әлеуетін әлемдегі озық зерттеу университеттерімен салыстырғанда қаржылық, құрылымдық, үйлестірушілік қызметтер әлі алда. Дегенмен елімізде «зерттеу университеті» мәртебесі үшін ғылыми әлеуеті жұмылдырылған жетекші университет ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ерекше жауапкершілік артылып отыр. Бастысы, университетте химия, физика, биология, математика салаларындағы ғылыми әлеуеті өте мықты профессорлар мен оқытушылар еңбектенуде. Ең маңыздысы, мұнда 24 ғылыми-зерттеу институтын шоғырландырған ғылыми инфрақұрылым бар. Елімізде барлық жоғары мектепте жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының тең жартысы, яғни 50 пайыздан астамы – осы университет еншісінде.
Тәуелсіз, дербес экономикалық құрылым ретінде зерттеу университеті мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуы тиіс. Зерттеу университеті еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағынан дамуына ықпал етерлік, инновациялық жобалар өндіріске жол тартатын, білім, ғылым және өндірістің шоғырланған түпқазығы болады. Сол үшін де қаржыландырудың ең басты көзі мемлекеттік әрі жергілікті бюджеттен болуы заңды. Сондай-ақ қаржының келесі көзі – отандық, халықаралық және шетелдік ұйымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған гранттармен жұмыс істеу тәжірибесі де жалғасын таба бермек.
– Сонда әлемнің ең үздік технологиялық, классикалық университеттері ие болып отырған «зерттеу» статусының шарттары қандай?
– Ол үшін ең маңызды саналатын мына бағыттағы талаптарды атауға болады: ғылыми және ғылыми-педагогикалық мектептердің тығыз байланысы әрі тұрақты дамуы; аталған мектептердің ұлттық және әлемдік деңгейде беделінің артуы; инженерлік, гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық және жаратылыстану ғылымдары желісіндегі басым бағыттар бойынша зерттеу мамандарын даярлау; кешенді түрде ғылымаралық, пәнаралық зерттеу жүргізілетін ғылыми-зерттеу бөлімдерінің болуы. Ғылымның түрлі салаларының басын біріктіретін, ғылымның салалас ортасы тоғысатын бағытта ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарында зерттеулер жүргізу – зерттеу университетінің ең басты да басым бағыты.
– Түсінікті. Ал енді зерттеу университетін құрылымдауға не қажет және сол қажеттіліктер үдесінен шығуға біздің университеттерге қандай талаптар қойылады?
– Бұл қажеттіліктердің ішінде ең мәнді де маңыздысын атап өтсем. Олар – университеттің инфрақұрылымы, зерттеулерді басқару, өнеркәсіптің өндіріс ошақтарымен тығыз қарым-қатынасы, қаржыландыру жолдары мен қор көзі, ұлттық зертханалар мен академиялық институттармен байланыс.
Сол үшін де зерттеу университеті ғылымды, білімді және өндірісті бизнес маңына шоғырландыратын басты қозғаушы күш болып табылады. Университеттік зерттеу парктері – осы міндетті атқаратын, үйлестіруші тәжірибелік база. Зерттеу паркі – ғылыми орталықтар мен институттардың қызметін ғылыми-өндірістік, оқу, әлеуметтік, мәдени ошаққа айналдыруды қамтамасыз ететін алаң.
Зерттеу университеттері – өз елдерінің технологиялық және экономикалық жағынан дамуында ең маңызды кешенді құрылым. Университеттің дәстүрлі құрылымына мамандар даярлау мен іргелі зерттеулердің, жаңа технологиялардың өнеркәсіп пен бизнеске жол тартуы арасындағы үздіксіз байланыс жатады.
– Гүлмира Серікбайқызы, зерттеу университетінің негізінде жоғары мектеп басшыларынан бастап, ғалымдар, ұстаздар, студенттер қауымы болса, болашағын оқушылар қалайды. Осылайша, бүгінгі және болашақ мамандар арасындағы мектепалды даярлықтан мектеп білімі, мектептен соңғы жоғары білім мен жоғары оқу орнынан кейінгі ғылымға барар көпір саналмақ. Бұл – зерттеу университетінің заңдылығы. Ал біздегі университеттер мен мектептер арасындағы байланыс бұл деңгей үдесінен шыға ала ма?
– Зерттеу университетіне бет бұрған екенбіз, әрине, оның болашағы – бүгінгі мектеп, гимназия, лицейлерде. Себебі еліміздегі білім беру саласындағы реформа жоғарыда сіз атап отырған құрылымдардан бөлек, жеке-дара жүргізілмеуі тиіс. Бұл орайда жоғары оқу орындары орта білім беретін оқу орындарымен кәсіби-ғылыми ынтымақтастықтың дәстүрлі тәжірибелерінен жаңа үлгілері көшуі тиіс. Дәстүрлі дегенім – оқушылар арасындағы аудандық, қалалық, республикалық ғылыми жобалар байқауы. Жаңа үлгі дегенім – білім мен ғылымға ұмтылған жас өрендердің ертеңгі болашағына үміт отын жағатын, өміріне жолдама беретін байқаулардың барынша әділдігіне, объективтілігіне кепілдік беретін формаларды қарастыру. Әсіресе жаңаға қолы кеш жететін ауыл балалары арасында шығармашылық, ғылыми байқауларға арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет-ақ. Бұл ойды кездейсоқ айтып отырған жоқпын. Халықаралық еңбек ұйымының ұлттық кеңесшісі ретінде ауыл балаларымен жұмыс жүргіздім. Нәтижесінде, ұсынған кепілдемелерім ұйымның бас бюросына талдау түрінде есебімде аталды. Ал білім, ғылымға жол ашар жобалар халықаралық ұйымның емес, алдымен мемлекеттің басты ағарту саясаты болуы керектігін батыл айта аламын.
Зерттеу университеті бір күннің, небір жылдың еншісінде емес. Оның шын мәнінде мемлекеттік ақыл-ой ошағына, инновациялық өндіріс кенішіне айналуы үшін де кейінгі жас толқын ұрпақтың серпінді қуаты мен жаңашыл идеялары керек. Университет есігін ашқанда осыны сезінетін жастар керек.
Әрине, елімізде бұл бағытта қалыптасқан және жаңадан бастау алған олимпиадалар бар. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биыл үшінші рет өткізіп отырған республикалық «Әл-Фараби» олимпиадасы, дәстүрлі түрде алты жыл бойы физика, математика, информатика бойынша өтетін халықаралық Жәутіков олимпиадасының ауқымы кеңейіп, салмағы артып отыр. «Әл-Фараби» олимпиадасына алғашқы жылы – 9 мың, келер жылы 12 мың оқушы қатысса, ал биыл 14 мың оқушыға жетті. Олимпиадаға қатысушылар санының жыл сайын артуы – оның беделінің, мәртебесінің артуының айғағы. Былтырғы олимпиаданың жылжымалы жұмыс тобымен Шығыс Қазақстанда болып қайттым. Семей, Өскемен қалаларынан шалғайда жатқан ауыл мектептерінің оқушылары ақпан айының соңы, аяз қайтқан шақ болса да, қар көшкіні қаупіне қарамастан, үлкен үміт арқалап, білім сынағына қатысқан болатын. Ең үздіктер ғана озып шығып, бәйге алатын олимпиаданың 42 жеңімпазы былтыр университет грантын иеленді. Бұл еліміздегі мектеп пен университет арасындағы байланыстардың жаңа үлгіде бастауы, дамуы дер едім.
– Зерттеу университетіне бетбұрыс Қазақстанда соңғы екі-үш жыл көлемінде стратегиялық мақсат ретінде аталып, ғылыми ортада қолдау тапқанымен, бұл бағыттағы нақты қадамдар мемлекет тарапынан араға үш жыл салып барып қолдау тапты. Жалпы, өзіңіз білесіз, еліміздің білім саласында министр ауысқан сайын реформа жасалады. Бұл жолғы талпынысымыз нақты әрі әлеуетімізге сай келе ме?
– Қай реформаны болсын әлеуметтік қолдау – қоғамдық өзгерістер мен қайта жаңару кезеңінде өте маңызды мәселе. Реформаның басты мәні де қоғамда бар, дәстүрі қалыптасқан жүйелерді, құрылымдарды жаңартуда, өзгертуде. Біздің жағдайымызда зерттеу университетін құруға әкелер өзгерістерді алдымен интеллектуалдық тұрғыдағы талпыныс деп қарастыру керек. Дегенмен қай реформаның болсын ұйымдастырушылары мен орындаушылары болады. Елімізде, өкінішке қарай, білім беру саласындағы кей реформалардың қоғам тарапынан қолдау таппай, осы салаға кері әсері болғаны жасырын емес. Бұған Қазақстан Ғылыми-техникалық ақпараттар институты тапсырысымен 2008 жылға дейін үш жыл бойы жүргізілген сараптамалық зерттеулер дәлел. Бір алаңдатарлығы да, білім мен ғылым саласында жекелеген реформалар қабылданды, бірақ қолдау таппады. Бұл реформаларға қарсы келген зиялы қауым да, не болмаса оны кеңінен қолдаған, әлеуметтік қажет деп тапқан мүдделі қауым да болмады. Қоғамда кәсіби ғалым педагогтар ортасында 12 жылдық орта білім беру, Ұлттық ғылым академиясының қайта құрылымдануы – сынға көп ұшыраған мәселелер қатарында. Дегенмен алғашында өз ортасында бірден қолдау таппағанымен, уақыт өте келе оқу жүйесіне табыспен ене бастаған жоғары оқу орындарындағы екі сатылы «бакалавр-магистр» білім беру жүйесіне, PhD докторы академиялық атағын берер ғылыми кадрларды аттестациялаудың ағылшын-америкалық үлгісінің қазіргі ғылыми кеңістіктегі маңызының арта түсуіне қатысты реформалардың өміршеңдігін айтуға болады. Ал дәл бүгінде жоғары білім беру саласындағы зерттеу университетіне қатысты реформалық өзгерістердің өмірлік сипат аларына толық негіз бар. Өйткені зерттеу университеті секілді экономикалық күрделі, өндірістік пайдалы, әлеуметтік тиімді құрылымды қалыптастыруда мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Және бұл бастаманы осыдан үш жыл бұрын, ол кезде университетіміздің ректоры, қазір білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ғылыми ортада, БАҚ өкілдерімен сұхбатта атап, стратегиялық мақсат ретінде алға қойды. Стратег ретінде таяу жылғы міндеттерді болжап, олардың мемлекеттік деңгейде қолдау табуына ықпал еткен министрдің зерттеу университетін құруға, қалыптастыруға бағытталған реформасы өміршең деуім осыдан. Бүгінде университеттің ғылыми ұстаздар қауымын осы бағытқа жұмылдырып отырған әйгілі ғалым ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановқа артылар жүк, қойылар салмақ, артар үміт те аса жауапты. Аталған бастаманы өміршең деуімнің бір қыры әлеуетті істі елімізде ең жоғары бағаға ие болған Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Алтай» технопаркінің негізін қалаушы білікті менеджер ретінде Ғалым Мұтановтың қолға алуы дер едім. Интеллектуалдық үндеу тасталды. Енді тек қана университет алға, жаңаға қарай ұмтылуы тиіс.
– Бүгінде зерттеу университетінің қалыптасқан америкалық, жапондық т.б. түрлі модельдері бар. Олардың әрбірінің әлеуетті күші, әлеуметтік өмірге ықпалды аясы бар. Бұл елдердегі зерттеу университеттері қоғамның барлық институтына ашық және ынтымақтастыққа даяр. Осы тұрғыдан алғанда, біздегі зерттеу университеті қаншалықты өміршең болуы мүмкін?
– Әлемде зерттеу университеттерінің қалыптасу дәстүрлері әрқалай. Мәселен, америкалық зерттеу университеттері ортағасырлық университеттің демократиялық дәстүрлерімен қатар, германиялық университеттердің прагматикалық, яғни пайда әкелу тәжірибесіне басымдық берілетін дәстүрін негізге алды. Университеттің меншігінде жер телімдерінің болуы зерттеу ошағының шаруашылық қызметіне таптырмас қор саналады. Мәселен, жапониялық Хоккоайдо университетінің ауыл шаруашылығы мен жаратылыстану ғылымдары бойынша ғылыми әлеуеті жоғары. Университет қалашығының еншісінде 67 мың гектардан астам жерде эксперименталдық фермалар, ғылыми-зерттеу университеттері орналасқан. Айта берсек, әрбір зерттеу университетінің өзіндік басым бағыттары және соған сай даярлық қуатты базасы, әлеуетті күші және өндірістік алаңы бар. Біздің елімізде «зерттеу университеті» мәртебесіне үміткер ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетінің жетімділігімен қатар, эксперименталдық базасы, өндірістік алаңы бар. Дегенмен бұл аталған салаларда ғылыми инфрақұрылымдарды шоғырландыру, ғылымның басым бағыттары бойынша ұлттық зертханалар қатарын көбейту, соған сай эксперименталдық алаңды ұлғайту секілді мәселелер – бүгінгі университет менеджерлерінің аса біліктілікпен, кәсібилікпен жүзеге асыруы тиіс міндеттері. Бұл аталған міндеттерді жүзеге асыратын – ғалымдар, әкімшілік қызметкерлер, ғылым жолындағы білім алушы жастар. Сондықтан да осынау аса жауапты сәтте адамзаттың басты құндылықтары мен қағидаларына негізделген қазақстандық тұңғыш зерттеу университетіне үміткер білім, ғылым ордасында ізгілік аясына ұйысатын корпоративті мәдениет, рух, әдепті қалыптастыру, соған бой түзеу – біз үшін басты міндет.
– Қазақстанда зерттеу университеті қалай, қандай үлгімен құрылымдалуы тиіс деп санайсыз?
– Қазақстан жағдайында зерттеу университеті қажет екен деп шетелдік үлгіні көшіре салу дұрыс емес. Қазақстандық жоғары білім беру саласында озық дәстүрлер бар. Сол үшін де ұлттық білім беру мен ғылым дамуына негізделген үлгісі болғаны зерттеу университетінің реформалық сипатын емес, өміршеңдік бағытын айқындап береді. Сондай-ақ зерттеу университеті бір жылда құрыла салатын күрделі кешендік құрылым емес. Олардың құрылып, қалыптасу тәжірибесінде кемінде екі-үш жылдан бастап бес-алты жылға дейінгі уақыт кеткен және де зерттеу университеті әрдайым үздіксіз, толассыз дамып, өзгеріп, жаңарып отыратын құрылым. Ондағы әрбір білім алушы да, білім беруші тұлға да осынау жауапкершілікті рухани, ізгілік тұрғысынан сезіне білуі, даяр болуы да маңызды. Себебі зерттеу университетінің басты байлығы да, қоры да – адам. Бұл жерде білім беру, ғылым, бизнес арасындағы бірлікті үйлестіретін, дем беретін де – студенттер, магистранттар, докторанттар, ғалым-ұстаздар.
Әлемдік ғылыми қауымдастық бұл салада Зерттеу университеттерінің ассоциациясын және де Зерттеу университеттерінің корпорациясын құру, ортақ заңнамалық база әзірлеу, зияткерлік құқық мәселесін шешу, қаржылық ағынды шоғырландыру әдістері секілді қордаланған идеяларды ұсынып, талқыға салуда.
Модернизациялық жаңаруды міндеттеген «қазақстандық зерттеу университеті» мәртебесін алуға ұмтылған жоғары оқу орындары үшін бәсекеге қабілетті ортаның қалыптасуы шығармашылық тың ізденістерге әкелері даусыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Алашқа айтар датым...
Білім мен ғылым – қашанда қоғамды өрге сүйрер, елді өркениетке апарар ағысы қатты арна, қуатты күш. Өкініштісі – біздің ғылымымыз, біліміміздің қанатын кеңге жайып, өрге басуында ағат кеткен реформалардың орын алғаны. Және олардың өміршеңдігінен науқандығы асып түскені. Мұндай ағаттықтар енді қайталанбауы тиіс. Қайталанса, халық кешірмейді. Ұлттық ағарту ісіне, ғылымды ізгілендіруге қиянат жасамауымыз керек.
Автор: Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ