«ҰЛТТЫҚ ФОТОӨНЕР: ТАРИХЫ МЕН ДАМУЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК ОНЛАЙН-КОНФЕРЕНЦИЯ

26 сәуір, 2021

   2021 жылдың 15 сәуірінде, сағат 11:00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетіндегі Е. Шаймерденов атындағы аудиторияда (214) Қазақстан фотографиясының 180 жылдығы аясында ұстаз, фотожурналист Асылхан Әбдірайымұлының 60 жасқа толған мерейтойына арналған «ҰЛТТЫҚ ФОТОӨНЕР: ТАРИХЫ МЕН ДАМУЫ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті. Аталмыш концеренцияда Асылхан Әбдірайымұлының төл шығармашылығына арналған кітап және фотокөрменің ашылу салтанаты ұйымдастырылды.

 


 

 


 

   Кіріспе сөзді филология ғылымдарының кандидаты Аманқос Мектеп-тегі, жазушы, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат фотоөнер жайлы баяндамаларымен бастады.

   Сондай-ақ конференция кезінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Ж.Түймебаевтың Асылхан Әбдірайымұлына деген Құрмет грамотасы мен «Ерен еңбегі үшін» медалін Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы табыстады. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР көркем академиясының бірінші вице президенті Мүсәпір Жанұзақ, Асылхан Әбдірайымұлына Қазақстан Республикасы көркем академиясының корреспондент мүшесі куәлігін тапсырып, төсбелгісін омырауына тақты.

 


 


 

   Конференцияда Түркиядан Мимар Синан университетінің профессоры Озан Билгесерен, Қытай Халық Республикасынан «Алтай этно-фотография қоғамы» төрағасы, фотограф-этнограф Серік Мұқышұлы, Моңғолия, Баян Өлгийден фотограф-этнограф Жанарбек Ақби, Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының  оқытушысы, кәсіби фотограф Рустам Талаббаев, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, фотограф-суретші Еркін Болжұров және де басқа фотография саласын зерттеп, ғылыми жұмыстарды жарыққа шығарып жүрген фотограф мамандары қатысып, фотоөнерге қатысты баяндама оқып, фотография тақырыбы жайында ой өрбітті. Іс-шара қоржынын «National Geographic Qazaqstan» редакциясының атқарушы директоры Оразалы Кәрімбаевтың, "Мұнара" газетінің бас редакторы Серікбол ХАСАНның «Әлихан Бөкейхановтың кейінгі табылған фотосуреттері», ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің бөлім жетекшісі  Еңлік Толықбаеваның, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының» директоры, тарих ғылымдарының магистрі Айболат Құрымбаевтың, тақырыбы «Жәңгірханның мектеп оқушыларымен түскен және де басқа Орал өңіріндегі тарихи фотосуреттер» және тағы да басқа кәсіби мамандардың баяндамалары толықтырды.

   Іс-шара барысында ардагер фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы естеліктер мен фотография шежіресіне шолу жасап, Асылхан Әбдірайымұлының қазақ фотографиясына қосқан зор үлесі мен жеке кітаптарын мадақтап, ақ батасын беріп, конференцияны тәмамдады. Одан бөлек, конференция соңында Асылхан Әбдірайымұлының шәкірттері фотожурналистика пәнінде алған тәлімдері жайында ой бөлісіп, ұстаздарына деген жылы лебіздерін білдіріп, құттықтау тілектерін жеткізді.