ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналдыFarabi University

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды

5 мамыр, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздіктің тарихи құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдері, сарапшылар мен журналистер қатысты.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі Қазақстан жетістіктері зерделенген алқалы жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма басшысы-ректоры Жансейіт Түймебаев ашты.

Университет басшысы тәуелсіздіктің жүрек тебірентер қасиетті ұғым екеніне тоқталды. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес» деген жолдарға ерекше назар аударып, мұндағы әрбір сөздің мәні терең, мағынасы кең екенін айтты. Мемлекет басшысының тәуелсіздік дәуірін үш онжылдық кезеңге бөліп қарастырғанын жеткізді. Президент әр онжылдықта жеткен жетістіктерімізге қысқаша тоқталып, «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік» деп атап өтті. Сонымен қатар ҚазҰУ басшысы Президент өз мақаласында жазған «қуатты елдің иесі және кемел халық болу» міндетін алға тартты. Мұндай міндетті орындауға халқымыздың және зиялы қауым өкілдерінің әлеуеті толық жетеді деген сенімін білдірді.

Конференция қатысушыларына ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев құттықтау хат жолдады.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде тарихымызда бұрын-соңды болмаған орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Қазақ Елін әлем мойындады, таныды. Ең алдымен, Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаевтың салмақты, салиқалы саясаты мен еліміздегі этностардың бірлігі және ішкі саяси тұрақтылық біздің барлық жетістіктеріміздің алғышарты болды» дей келе, хатта еліміздің аумақта көшбасшы, әлемде ел таныған мемлекетке айналғаны аталып өтілді. Мемлекеттік хатшы «Тәуелсіз ел болу дегеніміз, ең алдымен, өзіңе сену, өз тағдырыңа өзің жауап беру, өзіңді қорғай білу және әлемдік қауымдастықтан өз орныңды иелену дегенді білдірсе керек» деген пікірімен бөлісті.

Сондай-ақ пленарлық отырыста ҚР ҰҒА Құрметті академигі, т.ғ.д., профессор Талас Омарбеков, Герман Археологиялық институтының корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Виктор Зайберт, профессор Әбдеш Төлеубаев, Колумбия университетінің профессоры Гүлнар Кендірбай, Оксфорд университетінің профессоры, PhD Александр Моррисон және өзге де баяндамашылар сөз алды.

Ғалымдар Қазақ мемлекеттілігі тарихының өзекті мәселелерін көтере отырып, тәуелсіздіктің тарихи маңызына талдау жасады. Баяндамаларда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қызметі мен ел дамуындағы рөлі ерекше аталып, тарихи оқиғалардың маңызы ашып көрсетілді. Жекелеген тұлғалардың тәуелсіздік тарихына қосқан үлесі де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар саяси, құқықтық, мәдени және әлеуметтік салаларды зерттеу негізінде жасалған ғылыми тұжырымдар сарапталды.

Конференция жұмысы «Отан тарихының өзекті мәселелері», «Тәуелсіз Қазақ мемлекеттілігі қалыптасуының тарихи-құқықтық аспектілері», «Тәуелсіздік жылдарындағы елдік сана: бүгіні мен болашағы» бағыттары бойынша секцияларда жалғасын тапты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

8-727-377-31-48