КІТАП – РУХАНИ ҚАЗЫНАFarabi University

КІТАП – РУХАНИ ҚАЗЫНА

16 мамыр, 2021

2021 жылдың 18 ақпанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының 2 курс корейтану бөлімі студенттерінің арасында «Мен оқитын 100 кітап» жобасы аясында «Кітап – рухани қазына» тақырыбында мәдени-танымдық кездесу өткізілді. Іс-шараны 2 курс эдвайзері У.А.Амирбекова ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты: студенттер арасында әдеби шығармаларда көтерілетін жаңа және маңызды тақырыптарды талқылап, оларға өз ойларымен бөлісуге мүмкіндік беру. Қазір COVID-19 вирусының бүкіл әлемге таралуына байланысты студенттер онлайн режимде білім алуға мәжбүр, бұл жағдай, әрине, олардың бос уақыттарын пайдалануларына да кері әсерін тигізуде. Соған қарамастан, біздің студенттеріміз алуан түрлі халықтардың әдебиетімен танысуға уақыт таба білуде.

Мәдени-танымдық іс-шараға қатысушыларға белгілі бір елдің әдебиетімен шектелу талабы қойылмағандықтан, әрбір студент өздерінің сүйікті шығармалары туралы әңгімелеп берді. Олар қазақ, жапон, корей, ағылшын жазушыларының шығармалары туралы ой бөлісті.

«Аударма ісі» мамандығының студенті Канафева Айтолқын корей әдебиетінің даму тарихына қысқаша шолу жасап, XVII ғасырдың атақты жазушысы Ким Манджун шығармашылығына толығырақ тоқталды. Осылайша, Айтолқын Корей әдебиетіне, оның тарихына қызығушылықтың арта түсуіне ықпал ете алды деуге болады. «Аударма ісі» мамандығының студенті Мамеева Алтынай әйгілі жапон жазушысы Харуки Муракамидің «Кафка на пляже» шығармасымен таныстырды. Романда суреттелген жеткіншек жастағы қиындықтар, экзистенциалдық дағдарыс пен ересек өмірге көшу тақырыптары кез-келген уақытта өзекті болып қала бермек. Дегенмен де, презентация кезінде айтылғандай, «Кафка на пляже» шығармасы түсінуге, қабылдауға күрделілеу болып табылады, сондықтан романды толықтай түсіну үшін оны адам өз өмірінің әртүрлі кезеңдерінде қайталап оқып отырғаны абзал. Советова Нұрайым мен Жақсылық Нұржанат өздері оқыған Ник Вуйчичтің «Жизнь без границ» және Роберт Кийосакидің «Богатый папа, бедный папа» атты мотивациялық кітаптарынан алған әсерлерімен бөлісті. Нұрайым, сондай-ақ, Оскар Уайльдтың «Портрет Дориана Грея» романын оқып, адамның сыртқы келбетіне қарап оны бағалауға болмайтындығының маңыздылығы туралы ой түйгендігін жеткізді.

Мұндай форматтағы кездесулер студенттердің ауызбіршілігін нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар, олардың тұлға ретінде өсуіне де септігін тигізеді. Студенттер үшін жаңа ақпараттармен, өзекті жаңалықтармен, сондай-ақ, өз көзқарастарымен бөлісіп, пікір алмасу – болашақ тіл мамандарының кәсіби дағдыларын дамыту үшін де маңызды болады деген ойдамыз.