"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет

29 маусым, 2011

Киелі де қуатты мамандық

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті - ТМД елдері мен шетелдік ғылыми қауымдастық ұжымдары мойын­даған іргелі оқу орындарының бірі. Аталмыш оқу орнындағы журна­лис­тика мамандығына даярлау жұмысы 1934 жылдан басталды. Алғашқыда ол КИЖ деп аталды. КИЖ - журналистер даярлайтын ал­ғашқы оқу орны болатын. Қа­зақ­тың Коммунистік Журналистика институты 30 жылдары Қазақ­стан­да ашылған 25 оқу орнының бірі ретінде 30 адамды мамандық бо­йынша оқуға қабылдайды. КИЖ-де сабақ берген ұстаздар қатарында ғалым Құдайберген Жұбанов, ақын Сәкен Сейфуллин, жазушы Сәбит Мұқанов, қаламгерлер Зейін Шаш­кин, ғалым Мәулен Балақаевтар болса, алғашқы түлектер қатарында ақын Диқан Әбілев, жазушы Асқар Лекеров, профессор Ғазиз Әбі­шев­тердің есімдері аталады. КИЖ-дің алғаш білім ордасы ретінде қалып­тасуына профессор Қ.Бекхожиннің үлесі өте зор болды. Факультетте Т.Амандосов, Т.Қожакеев, М.Бар­ман­құлов, Н.Омашев, Б.Жақып сияқты қазақ журналистикасы теориясының негізін салушы ға­лым­дар қажырлы еңбек етті.

Бүгінгі таңда журналистика фа­культетінде БАҚ-тың барлық саласында қызмет ететін 18 мыңнан аса жоғары білікті мамандар даяр­ланып келді. Соңғы жылдары фа­культет алыс және жақын шетелдік оқу орындарымен тығыз байла­ныс­тар орнатты. Журналистика факультетінің ғалымдары АҚШ-та, Германияда, Түркияда, Қытай және тағы да басқа елдерде өтетін семинарлар мен ғылыми конферен­ция­ларға қатысып тұрады. Фа­культет Колумбия университетімен, Оклахома Мемлекеттік универ­си­тетімен, Дьюк және Чапел-Хилл университеттерімен, Квинленд уни­верситетімен, Цукуба универ­ситетімен тығыз байланыс жасауға қол жеткізді. Факультет ұжымы ЮНЕСКО-ның коммуни­кация­лар­ды дамыту жөніндегі Халық­аралық бағдарламасымен (МПРК), Интерньюс (Қазақстан), ТҰА, соны­мен қатар БҰҰ, ОБСЕ, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ және т.б. халықаралық ұйымдарымен бір­лескен жобаларға қатысады. Фа­культет магистранттары халық­ара­лық деңгейдегі жоғары дәрежелі сертификатқа қол жеткізе алатын Колумбия университетінің қа­шық­тықтан оқыту курсы бойынша дә­ріс алады. Факультет оқытушылары мен студенттері шетелдік жоғары оқу орындары мен бұқаралық ақ­парат құралдарында шығар­машылық білімін жетілдіреді.
Қазір күндізгі және сырттай оқытатын бөлімде 600-ден аса студент білім алады. Факультет түлектері мерзімді баспасөздің түрлі салаларында, теледидар мен радио, кітап баспалары, шетелдік тілшілер бөлімдерінде, Үкіметтің түрлі басшылық орындарында қызмет етеді. Сондай-ақ респуб­ли­калық, облыстық газет-журнал редакцияларын басқарады.
Факультет ұжымы магистра­турада оқытуды ұйымдастыру үшін барлық ғылыми-әдістемелік құ­жаттар дайындауды талапқа сай жүзеге асырған.
Факультетте Азия, Африка, Латын Америкасы сияқты шетелдерден келген 19 студент оқиды.
Қазір факультетте білімді әрі тәжірибелі оқытушылар, ғылыми атағы бар ғалымдар мен БАҚ сала­сының тәжірибелі мамандары жұ­мыс істейді. Олардың ішінде 12 ғылым докторлары мен 30-дан аса ғылым кандидаттары бар. Бүгінгі таңда журналистика факультетін заң ғылымдарының докторы, про­фессор, «ҚР Мәдениет қайраткері» Есберген Оразұлы Алауханов бас­қарады. Факультет соңғы аз уақыт ішінде факультет деканы Есберген Оразұлының ұйымдастыруымен болашақ журналистер даярлау бағытында көптеген шығар­ма­шылық жетістіктерге қол жеткізіп, университеттің жаңа стратегиялық жоспарларына сәйкес бірнеше шараларды іске асыра бастады.
Журналистика факультетінде де «ҚазҰУ хабар­шысы. «Жур­на­лис­тика» сериясы, «Отандық жур­налистика тари­хы­нан», «Жас ға­лым», «Жас зерттеуші» ғылыми жи­нақтары жарыққа шы­ғары­ла­ды.
Факультетте профессор М.Бар­манқұлов атындағы студенттердің оқу телестудиясы және сандық за­манауи технологиямен жабдық­тал­ған радиостудия бар. Мұнда студенттер эфирге шығатын те­ле­­жаңалықтар, ток-шоу мен теле­сұхбаттар дайындап, жастарға арналған сауықтық бағдарламалар мен деректі фильмдер түсіреді. Факультетте Интернет жүйесіне қосылған үш компьютер сыныбы, қашықтықтан оқыту мен видео­конференция өткізетін Глобал сыныбы жұмыс жасайды. Жақында факультетте профессор Т.Қожакеев атындағы акті залы мен «Студент­тер­дің баспасөз орталығы» ашыл­ды.

Ғалия МАЙКОТОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің доценті