Шетелде оқуға мүмкіндік беретін бағдарламалар

24 қыркүйек, 2021

Дидактикалық мақсатқа жету тәсілдерінің бірі – жоба әдісі шетел тілін оқытуда бірнеше жылдардан бері қолданылып келеді. Үстіміздегі оқу жылында, «Халықаралық қатынастар», «Халықаралық құқық» және «Аймақтану» мамандықтары бойынша оқитын 3 курс пен 4 курс студенттері француз тілін оқыту барысында жүзеге асырылып жатқан «Шәкіртақы ұтып алуыңызбен құттықтаймын» атты жоба шеңберінде және 26 қыркүйекте аталып өтетін Еуропа тілдері күні қарсаңында француз тілінде «Шетелде оқуға мүмкіндік беретін шәкіртақы бағдарламалары» атты вебинар ұйымдастырды. Вебинарға Халықаралық қатынастар факультетінде француз тілін меңгеріп жатқан студенттер мен оқытушылар шақырылды.

Бұл вебинарды әзірлеу барысында студенттер үш топқа бөлініп, алға қойған мақсатқа жету үшін атқарылатын, атап айтқанда шетелге оқуға берілетін шәкіртақылар, қажетті құжаттар, түйіндеме мен мотивациялық хат жазу тәсілдері туралы ақпараттарды өз беттерінше жинақтаған. Аталмыш іс-шара барысында студенттер өз беттерінше жинақтаған ақпарат негізінде әзірлеген презентацияларын баяндап, шәкірақы алу үшін қажетті маңызды құжаттардың бірі болып саналатын түйіндеме мен мотивациялық хат жазу техникасын нақты мысалдармен түсіндірді. Сонымен қатар, Kahoot, https://learningapps.org/ секілді цифрлы құралдардың көмегімен әзірлеген тапсырмаларды қатысушыларға орындатты.

Бұндай жобалар студенттерді француз тілін оқу барысында өз беттерінше жоспарлауға, ізденуге баулумен қатар, белгілі бір мақсатқа жету үшін топпен жұмыс істеуді де үйретеді және француз тілінде сөйлеу біліктіліктерін арттырады.