Гуманитарлық ғылымға жаңа көзқарас қажет

5 қазан, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев гуманитарлық факультеттердегі зиялы қауым өкілдері мен жас ғалымдарға жаңа міндет жүктеді.


Өзінің тарихын сонау 1934 жылдан бастайтын еліміздің жоғары білімі мен ғылымының қарашаңырағы – Қазақ ұлттық университеті тәуелсіздік жылдары көптеген табыстарға қол жеткізді. Бұл ретте ірі ғылыми мектептер дәстүрін бұзбай үздіксіз дами отырып, әлемнің ең үздік 200 университеті санатына қосылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалаcында: «Биыл қастерлі тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған Қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, 30 жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет» деген еді.

Басқосуда университеттегі ғылыми зерттеулерді дамытудың әлеуметтік-гуманитарлық бағытының қазіргі жай-күйі, мәселелері мен болашағы талқыланды.

Университет Ректоры Ж.Қ.Түймебаев ҚазҰУ-дың ғылыми мектептері ғылымның барлық дерлік салаларында, соның ішінде әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласы бойынша экономикалық-математикалық модельдеу, экономиканы мемлекеттік реттеу, қазақ тілінің тарихы, фарабитану, түркітану, арабтану, ирантану, қытайтану, жапонтану мен корейтану және тағы басқа салаларда ғылымның дамуына өз үлестерін қосқанын атап өтті.

Қазіргі уақытта әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы ғалымдар «Мәңгілік ел» басымдығы бойынша 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру шеңберінде жалпы сомасы 842 млн 511 мың теңге болатын 31 жобаны іске асыруда. Оның ішінде жалпы сомасы 301 млн 473 мың теңгені құрайтын сегіз жоба жас ғалымдардың еншісінде.

Мемлекет басшысы өзінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында мына мәселеге ерекше назар аударды: «Жаһандық тұрақсыздық пен көптеген жаңа сын-қатерлер жағдайында біз өзіміздің құндылық бағдарларымызды нығайтып, болашақтың айқын бейнесін қалыптастыруымыз керек». Президент «Қазақ тілі білім мен ғылымның, мәдениет пен ісқағаздарын жүргізу тіліне айналуда» деп ерекше атап өтті. Қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында отырыста бірқатар мәселелер айтылды.

ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының ғылыми еңбектері – Абай институты, Қыпшақтану институты, Әл-Фараби орталығы, Олжас Сүлейменов орталығы, Орталық Азияның дәстүрлі өркениетін зерттеу орталығы, Геоархеология зертханасы арқылы қазақ тілін және қазақ халқының көрнекті қайраткерлерінің мұрасын танытуға байланысты іс-шаралар жүйелі негізде өткізілетін болады.

Жиын соңында университет Ректоры қатысушылардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі