Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең үздік оқу орны. Бүгінде білім ошағында студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Соның ішінде университетте оқу, медицина, заң, қаржы және мәдени, ойын-сауық қызметтерін көрсететін студенттерге арналған «Керемет» жастар ресурстық орталығы бар.
Күні кеше орталық қатары заманауи асханамен толықты. «Ас-адамның арқауы» демекші денсаулықтың жақсы болуы – адамның дұрыс тамақтануына байланысты. Қазіргі таңда студенттер оқу деп жүріп, өзінің тамақтану деңгейіне жеткілікті көңіл бөле бермейді. Таңғы асты елемей, тамақтану уақытын түс не кешкі уақытқа ысыратын студенттер бар. Алайда денсаулықтың аса маңызды екенін ұмытпаған жөн. Осы орайда ұлт денсаулығын сақтауда әрі жастардың дұрыс тамақтана білуіне жағдай жасау мақсатында «Керемет» орталығында асхананың ашылғандығы – жақсы жаңалық. Университет басшылығы ең алдымен асханаға келушілердің сапалы тамақтануы мен денсаулықтың жақсы болуын бірінші орынға қойғандығын алға тартты. Айта кетелік, асхана студенттер мен оқытушыларға қазақ, түрік және еуропа халықтарының ас мәзірін ұсынады. Бір ерекшелігі – тағам құны қолжетімді. Бұл жерде – студенттің қалтасына қарағандығы – өте дұрыс шешім. Себебі, жоғары оқу орны студенттерінің күніне тамаққа ары кетсе, 1000-2000 теңге жұмсайтыны мәлім. Мысалы, асханада борщ, көже, үй кеспесі, жасымық сорпасы т.с.с. тағам құны – 500 теңге болса, гарнирі бар котлет, қуырылған ет, тефтель, тауық еті, палау тағамдары – 700-800 теңге көлемінде. Одан бөлек, нәрлі, құнарлы, денсаулыққа пайдалы тағамдардың түр-түрін асханадан таба аласыз.
ҚазҰУ-да соңғы үлгідегі тамақтану орталығының ашылуы – студент жастар мен оқытушыларды, қызметкерлерді қуанышқа бөлеуде. Бұдан шығатын қорытынды, университет басшылығының студенттердің дұрыс әрі толыққанды білім алуына, жан-жақтылыққа баулуына, мәдениет деңгейінің жоғарылауы мен дұрыс денсаулық қалыптастыруына дұрыс жағдай жасауда. Ендеше «Керемет» асханасынан тамақтанып, денсаулығыңызды қалыптастырыңыз ҚазҰУ-лықтар!
Динара Сағатбекқызы,
Журналистика факультеті
Баспагерлік-редакторлық
және дизайнерлік өнер кафедрасының
2 курс студенті.