Ғылым саласындағы тиімді жаңашылдықтар туралы

11 қараша, 2021

Құқықтық база кез келген саланы мемлекеттік реттеудің негізі болып табылады.

Сондықтан ғылым саласында орын алған мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысы жылдың соңына дейін «Ғылым туралы» заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырған болатын.
Атап айтсақ, ғалымдардың жалақысын базалық қаржыландыруға қосу, іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми институттарды тікелей қаржыландыру тетігін енгізу, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту, Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдері бойынша апелляция институтын құру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында аталған мәселелерді шешу мүмкін болып отыр. Жақында бұл бастама туралы жазба жариялаған болатынмын.
Сонымен қатар біздің алдымызда қаржыландыру мен есеп беру рәсімдерін әлі де болса жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді жою және ғалымдардың өз идеялары мен әлеуетін жүзеге асыруы үшін қолайлы орта құру сынды міндеттер тұрды.
Біз бұл мәселелерді ғылыми қауымдастықпен бірнеше рет талқыладық. НҚА-ға енгізілуі жоспарланған өзгертулердің жобалары сарапшылармен қаралып, қоғамдық талқылаулардан өтті. Аталған өзгертулер бірнеше ай көлемінде ондаған мемлекеттік органмен келісілді.
Нәтижесінде қазан айының соңында Үкімет қаулыларымен үш негізгі нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілді. Олардың қатарында Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидалары мен Базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидалары бар.
Ендігі кезекте «не өзгерді?» деген сұраққа жауап бере кетсем.
Біріншіден, енді 12 айдан астам мерзімге гранттық қаржыландыру алатын жобалар бойынша аралық есептер тапсырудың қажеті жоқ. Мемлекеттік стандарттың бюрократиялық нормалары бойынша бірнеше рет енгізілетін түзетулерді ескере отырып, бұрын-соңды жоба жетекшілеріне жыл сайын қазан-қараша айларында гранттық қаржыландыру бойынша аралық есептерді тапсыру үшін төрт апта қажет болатын. Ендігі кезекте 40 беттен тұратын есеп жазып, тапсырмай-ақ жоба туралы қысқаша мәліметтері бар сауалнаманы толтыруға жарты сағат жеткілікті.
Екіншіден, конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімі 145 жұмыс күнінен 92-ге дейін қысқартылды. Бұл хабарландыру шыққаннан бастап шешім қабылдауға дейінгі барлық кезеңді қоса алғандағы мерзім.
Үшіншіден, конкурстық өтінімдерге қосымшалардың саны 12-ден 5-ке дейін азайтылды. Ендігі кезекте қосымшалардың санын бірге дейін қысқарту жоспарда бар.
Төртіншіден, егер өтінім берген кезде форс-мажор жағдайлары орын алса, онда үш күннің ішінде барлығын дерлік өзгертуге болады (өтініш беруші ұйымнан басқа).
Бесіншіден, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жеке Ұлттық ғылыми кеңес құрылады. Оның құрамына негізінен экономиканың нақты секторы мен венчурлік бизнестің өкілдері, маркетологтар, тәуекел-менеджерлер, ірі инвестициялық жобалардың қатысушылары, қаржы сарапшылары және тағы басқалар кіреді.
Алтыншыдан, Ұлттық ғылыми кеңес мүшелерінің Әдеп кодексі бекітілді. Оны бұзу кеңестен шығарып жіберуге негіз болып табылады.
Жетіншіден, енді Ұлттық ғылыми кеңес құрамындағы ғалымдардың саны көп болады, яғни 50%-дан астамы ғалымдардан құралады. Бұрын ереже бойынша Ұлттық ғылыми кеңес құрамында мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері көп болатын. Бұл жекелеген жағдайларда Ұлттық ғылыми кеңес жұмысын қиындататын еді.
Сегізіншіден, ғалымдарға елеулі қаржылық еркіндік беріліп отыр. Осылайша, жобаға бөлінген қаражат үнемделген және (немесе) пайдаланылмай қалған жағдайда ғылыми жетекші оны жалақыға, өзге де қызметтер мен жұмыстарға, материалдар мен жабдықтарды сатып алуға, жалға алуға, жабдықтар мен техниканы пайдалану шығыстарына дербес қайта бөлуге құқылы. Бұған дейін ғалымдар әрбір ұсақ-түйек үшін Ұлттық ғылыми кеңеске жүгінуге мәжбүр болатын.
Аталған маңызды түзетулер топтамасы қабылданып, күшіне ене бастады.
Алайда, бұл да жеткіліксіз.
Ғылым комитетіне процестердің басым бөлігін электрондық форматқа көшіру және барлық процесс пен мемлекеттік қызметтердің толық реинжинирингін жүргізуге, сондай-ақ рәсімдердің мерзімін азайтуға бағытталған тағы бір өзгерістер топтамасын әзірлеп, енгізу тапсырылды.

Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігі