ҚазҰУ-да «Цифрлық экономика» мамандығы енгізілді
Ұлттық цифрлық экономиканы дамыту жаңа форматтағы мамандар даярлауды талап етеді. Осы міндет үдесінен шығу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ағымдағы оқу жылы «Цифрлық экономика» жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді.
Бұл мамандық бойынша бакалавриат және магистратураға алғаш қабылданған студенттер бүгінде оқу орнының Экономика және бизнес жоғары мектебінде білім алуда.
«Цифрлық экономика» жаңа мамандандыруларға жатады, ол елдегі және әлемдегі цифрлық экономиканы жедел трансформациялау аясында аса өзекті болып отыр. Әлемдік экономика мен жаһандық еңбек нарығының дамуы туралы болжамдарға сәйкес, алдағы бес жылда түлектер жергілікті және әлемдік еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие болады», – дейді жоғары мектеп басшысы Лейла Бимендиева.
Жұмыспен қамтудың негізгі аймақтары – бұл экономикаға байланысты мамандықтар ғана емес, сонымен қатар үлкен деректерді талдау, жасанды интеллект, банк және сақтандыру ісімен байланысты көптеген салалар болып табылады. Болашақ мамандардың құзыреттері ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалану тетіктерін құру және корпоративтік, сондай-ақ мемлекеттік секторларда бизнес-үдерістерді жаңғырту қабілетімен байланысты; олар басқарудың әртүрлі деңгейлерінде ақпараттық жүйелер, деректерді сандық түрде талдау және түсіндіру, олардың интеграциясы және цифрлық экономика инфрақұрылымының даму ерекшеліктерін түсіну негізінде стратегияларды және бәсекеге қабілеттілікті модельдеуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаның басты артықшылығы – еңбек нарығында қажет практикалық білім алуға бағытталған. «Цифрлық экономика» білім бағдарламаларын жүзеге асыратын экономика кафедрасында Қазақстанның қалалары мен өңірлері қамтылған ауқымды практика базасы қалыптасқан. Шетелдік студенттер үшін де шетелдік жұмыс берушілермен түрлі тиімді келісімдер жасалған. Білім алушылар консалтингтік компаниялар, жеке кәсіпкерлік, халықаралық ұйымдар, нарықтық конъюнктура, өндіріс технологиялары туралы ақпаратты жинау және өңдеумен айналысатын компаниялардың ақпараттық-талдау бөлімдері, инвестициялық, банктік және кредиттік ұйымдардан тәжірибеден өтіп, алған білімдерін іс жүзінде бекіте алады. Мысалы, олардың қатарына «CAIFC Investment Group» АҚ, «Food SolutionsKZ» ЖШС, «Estate Capital» ЖШС, «Маслодел» ЖШС, «Санж» ҒЗО, «Ғылым ордасы» ҒЗИ, ҚазҰУ Технопаркі, «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры, «Даму» қоры, «Нефтьпромстрой» ЖШС, «HIDELBERG Cement Srevices» ЖШС, «КПК ZETA» ЖШС, «Шымкентмай» АҚ, «Central Asia Mining Co» ЖШС, «Сбербанк» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «KMG Parker Drilling Company» ЖШС және басқалары кіреді.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебі мен Алматы қаласының Цифрландыру басқармасы арасында ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілуде. Бұл басқарма «ақылды қала» жобаларын енгізу, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, деректерді басқару және ІТ-технологияларды дамыту үшін жағдай жасаумен айналысады. Меморандум «Цифрлық экономика» білім бағдарламаларының студенттері мен магистранттарына осы мекеме базасында тағылымдама және кәсіби практикадан өтуге мүмкіндік беріп, болашақ түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал етпек.
Сондай-ақ оқу үдерісіне жетекші ғалымдар мен тәжірибелі мамандар тартылған. Оқытушылар білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде Канада, Англия, Испания, Франция, Ресей сынды елдердің озық тәжірибесі жіті зерттеліп, жұмыс берушілердің сұраныстары мен пікірлері ескерілгенін алға тартты. Бұл өз кезегінде әлемнің көптеген жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламаларына оңай қатысуға жол ашады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылға қарай 85 млн жұмыс орны жоғалады. Сонымен бірге роботтарды автоматтандыру және революциялау есебінен 97 млн жаңа жұмыс орны пайда болады деп жоспарлануда. Қазіргі мектеп оқушыларының 65 пайызы 20 жылдан кейін әлі жоқ индустрияларда жұмыс істейтін болады. Демек, ХХІ ғасырдың сын-қатері мен еңбек нарығындағы заманауи сұранысқа сәйкес, «Цифрлық экономика» білім беру бағдарламасының өзектілігі уақыт өткен сайын арта түседі.
Бұл білім ордасының ұлттық экономиканың инновациялық және индустриялық дамуын жеделдетуге, «Цифрлық Қазақстан», «Жасыл» экономика тұжырымдамасы, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы – 2025» сынды түрлі мемлекеттік маңызды бағдарламаларды жүзеге асыруға, елдің бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне және Қазақстанда Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға қосқан сүбелі үлесі болмақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі