ҚазҰУ ректорына халықаралық сапа сертификаты табыс етілді
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сертификациялық аудиттен сәтті өтіп, университеттің СМЖ ISO 9001:2000 талаптарына сай халықаралық сертификат алды. Университетке халықаралық сертификатты Bureau Veritas Certification сертификациялық органы бас директорының орынбасары Юрий Чернявский табыс етті.
Аудитті Bureau Veritas Certification (BVC) сертификациялық органының жетекші және тәуелсіз аудиторлары жүргізді. IFIA (International Federation of Inspection Agency) мүшесі, UKAS (United Kingdom Accreditation Service), DANAK (Дания), DAR (Германия), COFRAS (Франция), НААК (Украина), Ростехрегулирование (Ресей) және т.б. аккредациялардан өткен BVC сапа менеджменті жүйесін сертификациялау саласында әлемдік көшбасшыларының бірі болып табылады.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ішінде алғаш болып ISO 9001:2000 халықаралық стандарттар негізінде жасалған сапа менеджментінің жүйесін (СМЖ) меңгерді. Бұл үлгі қызығушылық танытқандар мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайту, өнім мен қызмет көрсетудің сапасына қоятын талаптарды көрсету, қызметтің үнемі жақсарту жүйесін жасауды көздейді. СМЖ-ның білім беру саласында сәтті енгізілуінің дәлелі - ретінде 2006 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің жоғары оқу орындарының ішінде тұңғыш болып сапа саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Премиясына ие болса, ал 2008 жылы Қазақстан жоғарғы оқу орындарының бас рейтингі бойынша бірінші орынға шықты.
Қазақ ұлттық университеті мамандарды дайындауда жаңа менеджмент арқылы жаңа сапаға көшуге деген талпынысын тағы да бір дәлелдеді. Бүгінде университеттің СМЖ сапа менеджментінің негізгі принциптеріне сүйенеді: тұтынушының сұранысына қарай бағыт-бағдар таңдау; көшбасшы болу; ұжымды белсенді қатыстыру; жұмысты кезеңдермен орындау; жүйелілік сақтау; қызметті үнемі жақсарту; фактілерге сүйенетін шешімдерді қабылдау және өзара тиімді қарым-қатыныстар.
Соңғы уақытта білім беру сапасына қатысты мәселелер көптеген елдерде көтеріліп, мемлекет басшыларын, білім беру басқармаларын және жоғары оқу орындарының жетекшілерін толғандыруда. Бұл мәселені шешу мақсатында білім берудің инновациялық технологиялары мен менеджменттің қазіргі жүйесі қолданылуда.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі