Журналистің ең үлкен мәртебесі – еркіндігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық түркі академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі көшбасшылық дәріс оқыды.
Дәріске оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты. Кездесуді университет басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, қара шаңырақ түлектерінің Үкіметте, мемлекеттік органдарда, медиа және басқа да салаларда маңызды қызмет атқаратынын атап өтті. Ректор ҚазҰУ түлегі Дархан Қуандықұлының журналистикамен қатар, түркі әлемі руханиятының дамуына айрықша үлес қосып жүргеніне тоқталды.
«Дархан Қуандықұлы білікті медиаменеджер ретінде еліміздің бас газеті – «Egemen Qazaqstan» басылымын абыройлы басқарып келеді. Жаңа деңгейге көтерілген газеттің 100 жылдық тарихын шежіреге айналдырып, көптомдық кітап шығарды. Журналистік қызметін ғылыми ізденістерімен толықтырып, түркология саласында ғылыми-танымдық жобаларды іске асыруда. Оқу орнымыздың осындай қайраткер түлегі, интеллектуал тұлғаның кәсіби тәжірибесі біздің білім алушы жастарымызға үлкен сабақ», – деді университет ректоры.
Кездесуде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев публицист, ғалым, қайраткер азамат Дархан Қыдырәліні Ғылыми кеңес шешімімен университеттің «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
«Egemen Qazaqstan» басылымының басшысы ұжымға ризашылығын білдіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орталық Азиядағы ірі және алдыңғы қатарлы университеттердің бірі екенін атап өтті.
Дархан Қыдырәлі көшбасшылық дәрісі барысында жаңа Қазақстанды құрудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі, заманауи қоғамдағы идеологияның дамуы сынды мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталып, өз ойын ортаға салды. Сонымен қатар ол журналистің қоғамдағы рөліне баса назар аудару қажеттігін жеткізді.
«Бізде журналистің мәртебесін көтеру мәселесі жиі айтылады. Мәселен, мемлекеттік қызметпен теңестіру қажет деп жатады. Мен бұл ойға келіспеймін. Бұл журналистің құқығын тұсау болып саналады. Журналистің ең үлкен мәртебесі – оның сөз бостандығы, еркіндігі. Сондықтан да біздің газетте қоғамдағы өзекті мәселелер, сыни мақалалар көп жазылады. Солардың барлығын талдап, саралап беруге тырысамыз», – деді Дархан Қуандықұлы.
Дәріс соңында тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұған дейін Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл, мемлекет қайраткерлері – Қанат Саудабаев, Қанат Әбусейітов, Дулат Қуанышев, Гүлжан Қарағұсова және өзге де белгілі тұлғалар көшбасшылық дәріс оқыды. Бұл үрдіс жалғаса береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі