Түркі әлемінің тарихы мен мәдениеті талқыланды
Түркияның Ыстамбұл университетінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, «Түркі әлемінің тарихы мен мәдениеті» атты V халықаралық симпозиум өтті.
Симпозиумда Ыстамбұл университетінің ректоры, профессор Махмут Ак, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, FAMER директоры, профессор Абдулла Кызылжык, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, профессор Анар Салқынбай, Түркітану институтының директоры, профессор Мұстафа Балжы, Ұлыбританиядағы Шыңғыс Айтматов академиясының президенті Рахима Абдуалиева, ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Билал Чакыжы сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ж.Түймебаев симпозиумға онлайн қатысты. «Алаштың асыл тұлғасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл – 150 жыл. Оның әдеби мұралары – түрік әлемінің ортақ байлығы. Бұл мерейтой әлемнің көптеген елдерінде алғаш рет ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілуде. Бүгінгі халықаралық-теориялық конференция ардақты тұлға қалдырған бай мұраға тағы да көз жеткізуге мүмкіндік береді», – дей келе, симпозиумның сәтті өтуіне тілектестік білдірді. «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек", - деген. Сондықтан түбі бір түркітілдес мемлекеттердің жастары білімді әрі күшті болу үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек", – деп атап өтті ректор.
Түркітану институтының директоры, профессор Мұстафа Балжы А.Байтұрсынұлының маңызды тұлға екеніне тоқталып: «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың біртуар зиялы қауымының бірі әрі бірегейі. Ол – қазаққа, қазақ тіліне зор қызмет еткен, есімі ешқашан ұмытылмайтын ұлы тұлға. Ол – саясаткер, мемлекет қайраткері, ақын, ұстаз. Оның көптеген маңызды жұмыстары бар, бірақ мен үшін ең бастысы – қазақ тілін зерттеп, зерделеп, үйретуі. Өйткені ол қазақ тілінің жазба тіл ретінде қалыптасуына да, дамуына да мұрындық болды», – деді.
Ұлыбританиядағы Шыңғыс Айтматов академиясының президенті Рахима Абдуалиева Ахмет Байтұрсынұлын «қазақ халқының көшбасшысы» деп мәлімдеді. Ол симпозиумның өте маңызды әрі құнды екенін атап өтті.
Симпозиумға онлайн режимінде қатысқан ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыжы Ыстамбұл университеті мен ТҮРКСОЙ ұйымы арасындағы қарым-қатынастың берік екенін айтып, олардың ынтымақтастығы мен жұмысы одан әрі жалғасатынына сенім білдірді. «А.Байтұрсынұлының бүкіл түркі әлеміне қосқан үлесі бар. Бұл симпозиум аясында ұлы тұлғаны тағы бір еске алғанымыз қуантарлық жайт», – деді ол. Бастамаға болашақта жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
А.Байтұрсынұлы қалдырған бай мұралардың құндылығы зор екеніне тоқталған Ыстамбұл университетінің ректоры, профессор Махмут Ак: «А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің оқыту әдістемесі туралы көптеген мақала жазған және грамматикалық кітаптарымен әйгілі түркологтердің қатарында. Оның қазақ тілі мен әдебиетіне зор еңбегі сіңген. Ол мақалалар, өлеңдер, аудармалар және дастандар жазды. Сонымен қатар мектеп кітаптарын дайындап, газет беттеріне қоғам мен халықтың ой-пікірін басып шығарды», – деді. Ол өлеңдерімен, шығармаларымен халықтың сана-сезімін оятып, мәдениет пен өнер туралы түсінігін арттыруға тырысқан А.Байтұрсынұлына Қазақ мемлекеттік білім институтының ректоры тарапынан «профессор» атағы берілуі ерекше тарихи сәт екенін атап өтті.
Симпозиумда «Байтұрсынұлы және түрік жазуының тарихы», «Түрік әлеміндегі жазба тілі және А.Байтұрсынұлы», «Байтұрсынұлының ұстанымдары және қазіргі түрік жазба зерттеулері», «Түркітану және шығыстану салалық зерттеулеріндегі тіл», «А.Байтұрсынұлы. Жазу теориясының бүгіні мен болашағы» тақырыптары талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі