Түркістанда UniSat білім беру хабы ашылды
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Түркістандағы Оқушылар сарайымен бірлесіп ғарыштық технологиялар бойынша UniSat білім беру хабын ашты.
ЮНИСЕФ, ҚазҰУ және Оқушылар сарайы ынтымақтастығы арқасында Түркістан облысының балалары STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игеретін болады.
Шараның ашылуында Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен: «UniSat бағдарламасын ЮНИСЕФ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен серіктестікте 2020 жылдан бері жүзеге асырады. Осы уақыт ішінде 2000-нан астам қызды онлайн режимде, 200-ден астам қызды офлайн режимде оқытып, стратосфераға 5-тен астам наноспутникті ұшырды. Бірақ одан да маңыздысы - біздің жобаның түлектері мектептен кейін STEM саласында оқуын жалғастырды. UniSat жобасы дамып келе жатқанына және инженерлік ғылымдар мен STEM-ді қазақстандық оқушылар арасында ілгерілетуді қалайтын серіктестер саны үнемі өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Бүгін Түркістанда хабты аша отырып, біз жобаны дамытудың жаңа кезеңін іске қосамыз және Түркістан облысының оқушылары мен мұғалімдерін оған қосылуға шақырамыз», – деп атап өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінге дейін Al-Farabi-1 және Al-Farabi-2 наноспутниктерін ұшырды. 2018 жылы Илон Масктың атақты SpaceX компаниясының көмегімен ұшырылған наноспутник әлі күнге дейін штаттық режимде жұмыс істеуде. ҚазҰУ инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінде ғарыш технологиялары, Жерді қашықтықтан зондтау, сондай-ақ наноспутниктерді әзірлеу саласында қолданбалы және іргелі зерттеулер жүргізуге арналған мамандандырылған зерттеу жабдығы бар.
Жиынға қатысқан университет ғалымдары инженерлік білімнің елімізге қаншалықты маңызды екенін айта отырып, өз ғылыми жұмыстарын өскелең ұрпаққа үйретуге даяр екенін жеткізді.
Хаб спутниктік технологиялар саласындағы инженерлік дағдыларды дамыту бойынша ғылыми-білім беру орталықтары жұмысының қағидаты бойынша құрылып отыр. Ол жердегі де, ғарыштағы да радиохабар тарататын құрылғыларынан аналогтық және цифрлық радиосигналдарды беруге және қабылдауға мүмкіндік береді.
Хаб жұмысы бірінші кезекте түркістандық қыздар арасында ғылым, технология, инженерлік-математика (STEM) саласындағы білім мен мансапты танымал етуге бағытталған. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, STEM саласындағы жоғары оқу орындарын қазақстандық қыздардың 14 пайызы ғана бітірсе, ерлер арасында бітірушілер көрсеткіші 37 пайызды құрайды. Ал мектепте қыздар математика мен жаратылыстану пәндерінен ұлдардан асып түседі. Қолданыстағы гендерлік стереотиптер әртүрлі және білікті жұмыстың болашағына нұқсан келтіреді, қыздардың толық әлеуетіне қол жеткізуге кедергі келтіреді және тең және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін жаһандық күш-жігерге нұқсан келтіреді. Хабтағы сабақтар кең таралған гендерлік стереотиптер мен теріс пікірлерге қарамастан, қыздардың кәсіби дамуын анықтау үшін көкжиектерін кеңейтеді.
Хаб компьютерлермен, бағдарламалық-анықталатын радиожүйе құрылғыларымен (ағылш. Software-defined radio, SDR құрылғылары), ультра қысқа толқындар (УҚТ) және қысқа толқындар (ҚТ) диапазондарында қабылдағыш-таратқыштармен (трансиверлер), спутниктердің траекториясын көрсетуге арналған үлкен экрандармен жабдықталған. УҚТ диапазонды трансивердің көмегімен оқушылар наноспутниктермен, соның ішінде Al-Farabi-2 университеттік наноспутникпен ақпарат алмаса алады. ҚТ диапазонды трансивер UniSat жобасының қатысушыларына, сондай-ақ оқушыларға радиобайланыс негіздерін меңгеруге, басқа елдердің радиоәуесқойларымен радиобайланысты іске асыруға, шет тілдерін үйренуге және осы саланың маманы болуға мүмкіндік береді. Орталықтың заманауи цифрлық жабдықтарын пайдалану, соның ішінде SDR технологияларын пайдалану білім беру процесінде икемділікті қамтамасыз етуге және әртүрлі техникалық режимдерде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, хабта жобаға қатысушылар жинаған UniSat наноспутниктерінің инженерлік модельдері бар.
Хаб UniSat білім беру бағдарламасы аясында құрылды, оның мақсаты наноспутниктерді әзірлеу саласында қыздардың білімі мен құзыреттілігін дамыту, сондай-ақ командалық жұмыс, шешендік өнер, тайм-менеджмент және шығармашылық сияқты дағдыларды жетілдіру болып табылады.
Хабтың ашылу күнінде Түркістан өңірінің физика пәні мұғалімдері атмосфераның жоғарғы қабаттарына шар-зондтардың ұшу технологиясы бойынша практикалық мастер-класынан өтті. Олар шар-зондтардың ұшу траекториясын және оның қону орнын алдын-ала есептеуді үйренді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі