Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымының докторы, профессор, тұтас бір заңгерлер буынын қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан ұлағатты ұстаз Сұлтан Сартаевтың биыл – 95 жылдығы. Осы орайда, ғалым шәкірттері ұстазы хақында жылы естеліктерімен бөлісті.
Заңгерлер мектебінің негізін қалаушы
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деп ұлы Абай айтқандай, Сұлтан ағаның тәрбиесі мен өнегесін үлгі тұтып, құрметтеген шәкірттерінің бірі болдым. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашағын бағдарлай алатыны анық. Ұстаз туралы ой толғау әрбір шәкірттің өткенін електен өткізіп, болашағына баппен қарайтындай үлгілі бейненің суретін салумен пара-пар. Ұстаз бақыты – шәкірт құрметі. Ұрпақ тәрбиесі ұстазға байланысты дегендей, ұлағатты ұстаздан шоқтығы биік шәкірттер шығатыны сөзсіз.
Сұлтан Сартайұлы ғылымның көкжиегінде, оның ішінде құқық ғылымында, мемлекеттің іргелі буынын құрайтын салада үздіксіз еңбек етті. Сұлтан аға қашанда жаңашылдықты жанына жақын ұстанды. Соның бір дәлелі – мемлекетіміздегі тұңғыш Қазақстан заңгерлер ассоциациясын құрып, басшылық жасаған еді. Сонымен қатар заң және халықаралық қатынастар саласындағы жеке жоғары оқу орындарының ашылуына да атсалысты. Ол кең ауқымды ғылыми және ғылыми көпшілікке арналған зерттеу жұмыстары мен педагогикалық қызметтегі істерін көптеген қоғамдық-саяси жұмыстармен ұштастыра жүргізді. Игі істерді ізгілендірген, рухани ауқымы орасан ғалымнан дәріс алған шәкірттері қазіргі таңда білікті маман, ел тізгінін ұстаған білімді басшы атанып отыр. Бүгінде ағамыздың шәкірттері еліміздің заңдылығын нығайтуда, құқықтық мемлекет құру жолында қажырлы еңбек етуде.
Сұлтан ағаның Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі белсенді ғылыми-оқытушылық қызметін ерекше атап өтуге болады. Ол кісінің ғылыми жетекшілігінің көмегімен көптеген заң ғылымының докторлары мен кандидаттары бүгінде мемлекеттік атқарушы органдарда және жоғары оқу орындарында абыроймен қызмет атқаруда. Сондай-ақ көрші Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің білім ордаларында диссертациялық кеңестердің белді мүшесі болып, сол мемлекеттердің ғылым саласына заңгерлер мектебінің негізін қалап, көптеген ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарына жетекшілік етіп, шәкірттер шоғырын қалыптастырды.
Бүгінде ортамызда болмаса да, Сұлтан ағаның ғылым саласына қалдырған құнды ғылыми еңбектерін университет қабырғасындағы студенттер, магистранттар, докторанттар, жалпы, ғылымға бет бұрған жас мамандар пайдаланып, оқып, білуде. Ең бастысы, артында азаматтық болмысын ардақ тұтатын, еңбегін де, есімін де естен шығармайтын еңселі де зерделі халқы мен ұрпағы бар. Сондықтан оның ғылымдағы мол мұрасы мен ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа қашанда үлгі болатыны анық. Сұлтан ағаның кісілік, адамгершілік, бекзаттық қасиеттері бізге өнеге.
Ақылбек ИСАБЕКОВ,
Мемлекет және құқық, конституциялық
және әкімшілік құқық теориясы мен тарихы кафедрасының доценті
Есімің халық жадында
ҚР ҰҒА академигі Сұлтан Сартайұлының есімі Қазақстан егемендігінің конституциялық негізін құру үшін атсалысқан заңғар заңгерлер С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев және т.б. сынды ерекше атап өтуге лайықты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде профессор-оқытушылар құрамының басым көпшілігі (түгелге дерлік) академик С.Сартаевтың қолынан түлеп ұшқан шәкірттері.
Көрнекті ғалымның өзі айтпақшы, бала күнінде ауылда тұратын Мәди атты арбакеш көкесі болатын. Сол кісі пар ат жегілген арбасымен жанынан зырғытып өткенде оған қызыға қарайтын. Сөйтіп, Мәди көкесіндей арбакеш болғысы келетін. Бала қиялы осылайша ойлайтын, қиялдайтын.
Ол кезде мұғалімдік мамандықтың қадірі әбден артып, аспандап тұрған заман. Ата-анасы үлкен ұлдарының (Сұлтан ағайдың) мұғалім болып, туған ауылының балаларына білім берсе екен деп армандапты. Сөйтіп, болашақ ғалым орта мектепте тәлім-тәрбие алған соң, тағдырдың талайымен Ресейдің Горький облысының Выкса қаласындағы металлургия зауытында балқыма құятын кран машинисі болып еңбек етеді. Содан келесі жылы Алматы заң институтының табалдырығын аттайды. Оқу орнын үздік бітірген соң, Мәскеу мемлекеттік заң институтының аспирантурасын табыспен аяқтап, 1952 жылы «Қазақ КСР-інің құрылуы мен дамуы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Сосын елге оралады.
Кейіннен өзі ұйымдастырған Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтының ректоры болып еңбек етті.
Академик Сұлтан Сартайұлының еліміз тәуелсіздік алған тұста мемлекеттанушы – заңгерлік, ғалым-қайраткерлік қыры мен таланты, шынайы елжандылық сезімі, ерекше патриоттық рухының биіктігі жарқырап көрінді. Аса білікті заңгер-ғалым, академик Салық Зимановпен бірге ел егемендігіне, мемлекет тәуелсіздігіне, ана тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты Парламентте, ел, тіл тағдыры шешілетін биік мәртебелі мінберлерде, үлкен жиындарда екеуінің алма-кезек, бірін-бірі толықтырып сөйлеген өткір де дәлелді сөздері, айтқан орынды ұсыныс-пікірлері барша жұрттың айызын қандырып, дән риза етті. Мұның бәрі әлі халықтың жадында. Бұл істер нағыз елін, жұртын сүйген мемлекетшіл, халықшыл жандардың шынайы жанашырлық жасампаз ерліктері іспетті еді.
Ақмарал СМАНОВА,
заң ғылымының кандидаты
Адал еңбекпен өсіп-өнген жан еді
Адам баласының өмірдегі орны еліне сіңірген еңбегімен өлшенетіні анық. Туа біткен дарынымен ғылым мен білімнің тізгінін тік ұстаған, еліміздің біртуар азаматы, ұстазым Сұлтан Сартайұлы көзі тірі болса, 95 жасқа толар еді.
Сұлтан Сартайұлы өмір жолында мемлекет пен қоғамдық істерге белсене араласып, жауапты қызметтер атқарды. Ел тәуелсіздігін бекемдеп, оның ары қарай өркендеп дамуы үшін маңызды құжаттарды дайындауға белсенді қатысқан қайраткерлердің бірі болды. Ғалымның өмір жолы оның белгілі мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XІI шақырылымының, ҚР Жоғарғы Кеңесінің XІII шақырылымының белсенді депутаты, саясаткер, ғылыми зерттеуші, публицист, қаламгер және түптеп келгенде, нағыз ұстаз және тәлімгер болғанын көрсетеді.
С.Сартаев 700-ден аса ғылыми және ғылыми-көпшілік жұмыстар, оның ішінде 40-тан аса оқулық пен оқу құралдарын, 25 монография, 10-нан аса ғылыми-көпшілік кітапшалар жазып, Қазақстанның заң ғылымы білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Жастық шағынан еңбекпен достасып, талай қиындықты еңсере білген Сұлтан Сартайұлы Қазақ КСР-і президенттік кеңесінің мүшесі, 1990 жылы Қазақ КСР-ның Президенті жанындағы кешірім комиссиясының төрағасы, 1989-94 жылдары Қазақстан заңгерлер одағының президенті, 1994 жылдан Қазақстан Республикасының адвокаттар алқасының вице-президенті, Қазақ халықаралық байырғы халықтар және этникалық азшылық қорының президенті қызметтерін атқарды.
Сұлтан Сартайұлының қажырлы еңбегі бағаланып, КСРО-ның «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, Қырғыз Республикасының «Даңқ» орденімен марапатталды.
Сұлтан Сартайұлының еңбекқорлығы мен рухының биіктігі өскелең ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге.
Әйгерім ЖАРБОЛОВА,
заң ғылымының кандидаты
Ұстазым жайлы ұмытылмас естеліктерім бар
Кез келген кезеңнің жарқын тұстарын айқындайтын тұғырлы тұлғасы болады. Тарих беттері осындай біртуар азаматтардың есімімен қатталады. Ол Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап, осы кезге дейін мемлекеттің заңнамаларын жетілдіруге өлшеусіз үлес қосты. Мемлекетіміздің алғашқы Конституциясынан бастап, барлық маңызы бар заң құжаттарының қалыптасуында Сұлтан Сартайұлының қолтаңбасы бар. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, академиктің жазған ғылыми еңбектері қазіргі буынға да, келер ұрпақ үшін де таптырмас рухани қазына, өшпес мұра.
Мен Сұлтан Сартайұлының көп шәкіртінің бірімін. Орайы келіп тұрғанда ұстазым жайлы бір естелік айта кеткім келеді. 2008 жылы ҚазҰУ-дың ректоры болып Б.Жұмағұлов тағайындалды. Ол өз қызметін университеттің барлық құрылымдарын аралап, танысумен бастады. Бір күні біздің де кафедрамызға келіп, оқытушылар құрамымен таныса бастады. Менің тегімді естіп, Сұлтекеңе жалт қарады да, «Туысыңыз емес пе?» деп күліп сұрады. Сонда Сұлтекеңнің «Он мне не родственник, но я был бы рад, если он был моим сыном» деп жауап бергені мәңгілік есімде қалды. Ол кісі мені өзіне өте жақын тартты. Өмірінің соңына дейін жұмысқа ерте келіп, қара кешке дейін еңбек етті. «Әй, Спатай батыр» деп іздеп тұрушы еді. Бүгінде кабинеті өз атындағы мұражайға айналған. Өмірінің соңына дейін көбірек қасында жүруге тырыстым. Батасын алдым. Бірлесіп шығарған еңбектеріміз де баршылық. Бұл мен үшін ұмытылмас, өте жылы кезеңдер еді.
Сұлтан Сартайұлының ерен еңбегі ескерусіз қалмайтынына сенімдімін. Абзал азаматтардың есімін ардақтау қазақ халқының ұлы қасиеттерінің бірі. Ғалымның есімі мен еңбектері ұлтымыздың тарихи жадында алтын әріптермен жазылары хақ.
Спатай САРТАЕВ,
заң ғылымының кандидаты