Білім беру бағдарламасы жаңартылды
Білім беру бағдарламасы – оқытудың мақсаттарын, нәтижелері мен мазмұнын, білім беру үдерісін ұйымдастыруды, оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалау өлшем шарттарын қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының бірыңғай кешені.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 2022/23 оқу жылында орта мектепті бітіруші 3338 талапкер мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері атанып, Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің ішінде 672 – «Алтын белгі», 81 – «Елбасы медалі», 619 – үздік оқушы, 12 – ғылыми жоба бойынша, 13 – олимпиада жүлдегерлері бар.
Университетімізде жалпы 542 білім беру бағдарламасы: 124 – бакалавриат, 276 – магистратура, 142 – докторантура, 5 – бірлескен білім беру бағдарламалары және 68 – қосдипломды білім беру бағдарламалары бар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми-зерттеу университеті мәртебесін алуына байланысты жаңа оқу жылында 222 білім беру бағдарламасы жаңартылды. Оның ішінде бакалавриат бойынша – 103, магистратура бойынша – 117, докторантура бойынша – 2. Ал оқу ордасында жаңадан ашылған білім беру бағдарламаларының мақсат-мүддесі төмендегідей:
- Қолданбалы қазақ тіл білімі – қазақ тілінің қолданбалы аспектілерін меңгерген филолог; қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өміршеңдігін, қызметін талдап-сараптаушы; білім беру мекемелерінде және мемлекеттік тіл орталықтарында үйлестіруші; копирайтер, спичрайтер; сандық технологияларды қолдану құзыреттеріне ие жоғары білікті маман даярлау.
- Өндірістің химиялық сараптамасы және аналитикалық бақылауы – химиялық сараптама және сапаны бақылау саласындағы бакалаврларды химиялық және басқа да аралас салалардағы өнімдер өндірісі, аналитикалық, экологиялық, сертификаттау қызметтерінің ғылыми-зерттеу және өндірістік зертханалары үшін даярлау.
- Орыс тілі шет тілі ретінде – шет тілі ретінде орыс тілі саласында кәсіби қызметті жүзеге асыруға және көпмәдениетті ортада мәдениетаралық коммуникация, ұлтаралық тілдік қарым-қатынас, сөйлеу этикеті саласында жобалар әзірлеуге мүмкіндік беретін және жоғары академиялық стандарттарға сәйкес білім беру қызметтерін экспорттауға қабілетті қазіргі заманғы, пәндік, мәдениетаралық-коммуникативтік, цифрлық, зерттеу құзыреттіліктеріне ие жоғары білікті және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау.
- Түркі филологиясы – мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттары, түркі мемлекеттерінің елшіліктері, жоғары оқу орындары, ғылыми-өндірістік ұйымдар мен бірлестіктер, республикалық және аймақтық түркітану орталықтары, мемлекеттік органдар мен мүдделі министрліктер үшін түркітану саласындағы ғылыми-білімдік бағыттағы кәсіби кадрларды сапалы даярлау.
- Денсаулық сақтаудағы сапаны басқару – бағдарламаның мақсаты медициналық қызметтердің сапасын басқару саласында білікті мамандарды даярлау, кәсіби теориялық білімі және практикалық дағдыларын игерген, халықтың денсаулығын жақсарту үшін қазіргі заманауи менеджменттің инновациялық бағыттарын ілгерілетуге қабілетті.
- Педиатрия – практикалық денсаулық сақтау саласында озық инновациялық технологияларды қолдануға және балалар денсаулығын нығайтуға қабілетті жоғары білікті, бәсекеге қабілетті педиатр-дәрігерлерді даярлау.
Гүлмира ӘМІРБЕКОВА,
Білім беру бағдарламаларын жобалау офисінің басшысы