Мақсат – студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру

13 қазан, 2022

Бүгінгі таңда білім берудің әлемдік даму тенденциялары бірнеше бағытта жүзеге асып жатқанын білеміз. Дамыған елдердің жоғары оқу ордалары ашықтыққа бейімделген. Ғылым мен өндірістің тығыз қарым-қатынасы жолға қойылған. Білім деңгейі, сапасы жоғары. Оқытушылардың кәсіби білігі мықты. ЖОО мазмұнын ғылыми-техникалық прогрестің жаңа жетістіктеріне бағыттайды. Міне, осындай жүйе біздің жоғары білім саласына да қажет-ақ және соңғы кездері халықаралық бәсекелестік үдесінен шығу үшін біршама мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық жобалар қолға алынды. Солардың бірі – «Білімді ұлт» – сапалы білім беру жобасы. Бұл жоба қалай жүзеге асып жатыр? Оның басымдығы мен артықшылығы неде? Осы мәселелер төңірегінде газет тілшісі Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Мәрия Майлықұтовамен тілдескен еді. Бүгін сол әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

– Сіздіңше, «Білімді ұлт» жобасының тиімділігі неде?

– Жаһандану жағдайында бізге ұлттық білім беру жүйелерінің дамуы мен интеграциялануына сай, жастарға берілетін білімнің мазмұнын ұлттық құндылықтар, әсіресе мәдениетаралық парасат-пайым, ақпараттық жетістіктер және тілдік (ана тілі мен шетел тілдері) құндылықтармен толықтыру, байыту өзекті. Осыған орай, елімізде білім сапасын арттыру мақсатындағы «Білімді ұлт» – сапалы білім беру ұлттық жобасы жүзеге асуда. Аталған жобаның шеңберінде зияткерлік әлеуетті дамыту, мемлекеттік тілдің дамуына жағдай жасау, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу секілді толғақты мәселелер қарастырылған. Жобаның құндылығы осында.

– Нақты қандай шаралар қолға алынды?

– «Білімді ұлт» ұлттық жобасы бес тапсырма, 15 көрсеткіш және 26 іс-шараны қамтиды. Жоба Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және Мемлекет басшысының өткен жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауы шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыруға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының халықаралық имиджі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасын әзірлеуден басталды. Жоба шеңберінде 2025 жылға дейін 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және бес педагогикалық жоғары оқу орны) құрылады. Мүдделі мемлекеттік органдармен, ЖОО-мен бірлесе жол картасы бекітілді. Сондай-ақ жобаны іске асыру туралы ереже де бекітілді. Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оңтайландыру жөніндегі кеңес «Академиялық артықшылық орталықтарын» құруға арналған жоғары оқу орындарының тізімі де жасалды. Сонымен қатар Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша екі озық өңірлік ЖОО құрылады.

– Жобаның нәтижесіне қандай болжам жасайсыз?

– Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылдың 19 шілдесіндегі №349 бұйрығына сәйкес, республикалық бюджет шеңберінде еліміздің 29 жоғары оқу орнына 200 шетелдік сарапшы тартылды. 2022 жылы халықаралық білім беру бағдарламалары мен шетелдік әріптестермен академиялық алмасуларды іске асыратын жоғары оқу орындарының үлесі 35 пайызға дейін ұлғаяды. Бұдан басқа, 200 шетелдік сарапшы оқытушылық қызметке тартылмақшы.

ЖОО-да құрылатын академиялық артықшылық орталықтары студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені олар бірден өндірістік процеске қосылып, қосымша оқытусыз немесе біліктілікті арттыру курстарынан өтпестен, техникалық жабдықтар мен оқыту бағдарламаларының нәтижесінде өндірістегі процестер мен жүйелерге бірден бейімделеді. Бұған қоса, іскерлік қабілетті, ұлттық және жаһандық кәсіби құзыреттерді игереді.

– Әңгімеңізге рақмет. 

 

Сұхбаттасқан Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ