Университет өмірінде өзіндік орны бар медицина және денсаулық сақтау факультеті құрамындағы Дене шынықтыру және спорт кафедрасының ұжымы спорт саласы мамандарын даярлау бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Бүгінде кафедрада спорт түрлері бойынша жоғары деңгейдегі кәсіби спортшы-студенттер білім алып жатыр. Олардың қатарында екі студент Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері, 19 халықаралық деңгейдегі спорт шебері, 75 спорт шебері, 79 спорт шеберіне үміткер білім алушылар бар. Сондай-ақ елу шетелдік студент білім алуда. Шетел студенттерінің контингенті негізінен Түрікменстан, Өзбекстан, Қытай елдерінен құралған. Олар да кафедраның спорттық, әлеуметтік және мәдени өміріне белсенді атсалысуда.
Түлектеріміз кәсіби тұрғыдағы педагогтер, спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар және нұсқаушылар болып әртүрлі жекеменшік және мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. Кафедрадағы оқу үдерісі профессор-оқытушылардың жұмыс бағдарламасы мен типтік бағдарламаға сай ұйымдастырылған. Оқытушылар жаңа талаптарға сәйкес, өздерінің жұмыс бағдарламаларын үнемі жаңғыртып отырады. Бакалаврлар мен магистранттардың ғылыми жұмыстарда белсенділік танытуы PhD докторантураға түсу үшін алғышарт. Магистранттар өздерінің теориялық білімдерін тереңдетіп, зерттеушілік потенциалын кеңейте алады. Студенттік алмасу және академиялық мобильділік бағдарламаларының аясында кафедра студенттері мен магистранттары, докторанттары шетелдік университеттерге (Испания, Литва, Ресей, АҚШ) тағылымдамаға жіберіледі. Сонымен қатар кафедра оқытушылары ERASMUS+ бағдарламасы бойынша «Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызметтерді дамыту» атты жобаға қатысуда. Бүгінде Түркия, Ресей, Литва, сондай-ақ ТМД мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан.
Университет факультеттерінің 1-2 курс студенттеріне міндетті пән ретінде денешынықтыру сабақтары өткізіліп, клубтық-спорттық секциялары 25 спорт түрі бойынша жұмыс атқарады. Олар: баскетбол, волейбол, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, тоғызқұмалақ, жүзу, бокс, бадминтон, шағын футбол, шахмат, үстел теннисі, семсерлесу, жағажай волейболы, садақ ату, спорттық бағдарлау, самбо, қазақ күресі, армрестлинг, джиу-джитсу.
Емдік денешынықтыру кабинетінде мүмкіндігі шектеулі студенттердің денешынықтыру және спортпен шұғылдануларына жағдай жасалған. ҚазҰУ-дың студенттік құрама командалары ЖОО-лар арасында өткізілетін универсиада ойындарында соңғы жылдары қатарынан сегіз дүркін жеңімпаз болуы үлкен еңбектің жемісі.
Университет студенттері мен түлектері спорттық жарыстарда мемлекетіміздің жетістігіне өз үлестерін қосып келеді. Атап айтар болсақ, олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері: Ермахан Ыбырайымов (бокстан Сидней-2000 олимпиадасының чемпионы), Дмитрий Баландин (суда жүзу, Рио-2016 олимпиадасының чемпионы), Елдос Сметов (дзюдо, Рио-2016 олимпиадасының күміс жүлдегері, Токио-2020 олимпиадасының қола жүлдегері), Игорь Сон (ауыр атлетика, Токио-2020 олимпиадасының қола жүлдегері), Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі, Рио-2016 олимпиадасының қола жүлдегері), Жұмағали Нұрдәулет (суда жүзу, Токио-2020 паралимпиада ойындарының қола жүлдегері) т.б. әлемдік аренада ел мерейін үстем етті.
Сонымен қатар биылғы жетістіктерге тоқталсақ, күні кеше ғана дзюдодан Ташкентте өткен әлем чемпионатында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының түлегі Әбиба Әбужақынова әйелдер арасында 48 келіде, ал Елдос Сметов ерлер арасында 60 келіде қола жүлдегер атанды. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс студенті Біләл Болат биыл ақпанда Варшавада (Польша) дзюдодан ашық Еуропа кубогы кезінде 66 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Медицина және денсаулық сақтау факультетінің 1-курс студенті Ғалым Нұрымов 2022 жылдың наурыз айында Ташкентте (Өзбекстан) семсерлесуден жасөспірімдер мен кадеттер арасында Азия чемпионатында 3-орын иеленді. Кувейтте оқ ату бойынша ең үлкен халықаралық турнирде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс магистранты Константин Малиновский жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек, республикалық, халықаралық бәйгелерде қанжығасы майланып келген студенттеріміз қаншама. Дене шынықтыру және спорт кафедрасының тыңғылықты жұмыс істей бастауы студенттік спорттың дамуына тың серпіліс әкелді. Бұл өз кезегінде студенттер мен түлектеріміздің халықаралық жарыстарда топ жарып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік туғызды. Талай халықаралық жарыстарда еліміздің көк байрағы желбіреп, әнұраны шырқалды.
Әлмира ЫСҚАҚОВА,
доцент м.а.,
Дене шынықтыру және
спорт кафедрасының меңгерушісі
Нұрғали ЖҰМАҒАЛИ: Мақсатым – үлкен белестерді бағындыру
Нұрдәулет Жұмағали медицина және денсаулық сақтау факультетінің 3-курс студенті. Токио-2020 паралимпиада ойындарының 100 метрге брасс әдісімен жүзуде қола медаль иегері. Биыл Португалияның Фуншал қаласында өткен паражүзуден әлем чемпионатында брасс әдісімен жүзуден күміс жүлдеге ие болды.
Университет мақтанышы бүгіні мен алдағы жоспары хақында сыр шертті.
– Алдағы жоспарым – келер жылғы әлем чемпионаты мен биылғы Азия ойындарына қызуқанды дайындалу. Осы екі жарыстан, бұйыртса, алтын алып, көк туымызды желбіретсем деген үміт бар. Жақында әлем кубогы жарыстары басталады. Мексикада өтетін жарыста бақ сынамақпын. Соған қарай жаттығу жасап, күндіз-түні дайындалып жатырмыз. Көп жаттығу көп уақытты қажет етеді. Әрине, уақытты бағындыра алмаймыз, алайда тиімді пайдалануға болады. Ал оның төте жолы – өзіңе ұнайтын іспен айналысу. Сол арқылы жеңіс тұғырынан көрінетінің анық. Әрине, жаттығу мен еңбексіз ешбір істің өнбесі мәлім. Алға қойған мақсатқа жету үшін жоспар болу керек. Ақын Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, «Үлкен болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға». Үлкен арманға жету үшін бір күн, бір ай, бір жыл да аздық етеді. Оған қайтпас қайсарлық пен темірдей тәртіп керек. Спортта осы көрсеткішке жету үшін қаншама жылдық тер төгілді. Осы межеге жету үшін спортшылар бала күнімізден дайындаламыз. Жаттықтырушымыз қай бағытқа біздің икеміміз келіп тұрса, сол бағытқа қарай шынықтырады. Мұндайда жаттықтырушының атқаратын рөлі аса зор, – дейді спорт шебері.
Нұрдәулет бізбен әңгімесінде жүзу спортының пайдасына тоқталды. Оның айтуынша, жүзу спортында адам денесінің 90 пайыз бұлшық еттері жұмыс істейді екен. Жаттығу залында темір-терсек көтеру арқылы адам денесіндегі үлкен бұлшық еттер қозғалса, ал жүзуде ең кішкентай бұлшық еттер шынығады. Салмақ тастағысы келген, әсіресе бел ауруларына тап болған жандарға өте пайдалы.
– Менің брасс әдісімен жүзуде өнер көрсетіп жүргеніме он бір жылдан аса уақыт болды. Осы уақытта біраз тәжірибе жинадым. Бір нәрсені қайталай берсең, ол профессионалдық дәрежеге ауысады. Басқа да спортшыларға қарап үйренесің, сараптайсың. Спорттағы біліміңді тәжірибеде қолдана білген жөн. Сол үшін де әрбір жасаған қадамымыздың қорытындысы болу керек деп есептеймін. Осы еңбегімнің өтеуі жеңіс пен халықтың ықыласы деп білем. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп екі-ақ ауыз сөзбен Абай атам мен айтпақ болған ойды түсіндіріп тұр, – деді спортшы.
Паралимпиадашы Алматы қаласындағы «Шаңырақ» шағынауданында спорт интернатын тамамдаған. Ол бала кезден бергі арман-мұраты, спортқа деген қызығушылығы ҚазҰУ-ға қарай жетелегенін жасырмады.
– Біздің бойымызда көрінбей жатқан түрлі қабілеттеріміз бен жаңа қырларымыздың ашылып, жетістіктерге жетуіміздің бірден-бір себебі де осы – ҚазҰУ-дан алған тәжірибе. Бар ықылас-пейілімен қолдап-қолпаштаған жаттықтырушыларыма, университет ұжымына ризашылығымды білдіремін. Біз оқып жатқан оқу ордасында студенттердің жан-жақты дамуы мен қарым-қабілеттерінің ашыла түсуі үшін барлық жағдай жасалған. Сан түрлі дәрежедегі жарыстарға спорттың түр-түрінен республикалық, халықаралық деңгейде студенттерді дайындап жатыр. Алдағы уақытта Париж – 2024 олимпиадасына да білек сыбана қатысып, елім мен университетімнің атақ-абыройын асқақтатсам деген мақсатым бар, – деп сөзін қорытындылады Нұрдәулет Жұмағали.
Әбиба – әлем чемпионатының жеңімпазы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Әбиба Әбужақынова дзюдодан 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Ташкент қаласында өткен жарыста ҚазҰУ студенті 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Франция, Бразилия және Чили спортшыларынан басым түсті. Ширек финалда спортшы қыз Сербиядан келген Милиса Николичті, қола жүлде үшін бәсекеде чилилік Мари Ди Варгас Лейменмен татамиге шығып, жеңіске жетті.
Дарынды спортшы 2020 жылы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, ал 2021 жылы ел чемпионы атағын иеленді.
Әбиба – Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі, сонымен қатар Еуропа кубогының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, Азия кубогының иегері.
Ол 2018 жылы Бакуде өткен универсиадада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ намысын қорғап, дзюдодан күміс медаль жеңіп алған болатын.
Бүгінгі таңда Әбиба Әбужақынова ҚазҰУ-дың заң факультетінде «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда. Ол – дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері атанған алғашқы қазақ қызы.
Әйгерім ӘЛІМБЕК